Экономика • Бүгін, 08:58

Өңірлердің өндірістік қуаты арта түсті

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Республика күні қарсаңында еліміздің бірнеше өңірінде әлеуметтік және өндірістік бағыттағы ондаған жаңа нысан пайдалануға берілді. Бұл – өңірлердің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруға, инвестициялық климатты жақсартуға әрі халықтың өмір сапасын көтеруге бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі. Жалпы, биыл шамамен 1,5 трлн теңгені құрай­тын 190 жобаны жүзеге асыру жоспар­ланған. Нәтижесінде, 22 500-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылады.

Өңірлердің өндірістік қуаты арта түсті

Бүгінде 119 жоба іске қо­сылды, жалпы сомасы 881,8 млрд теңге инвестиция тартылып, 14 056 жұмыс орны пайда болды. Жуырда Қызылордада ашылған «Қызылорда-Нан» ЖШС зауыты өңірдің тамақ өнеркәсібіне тың серпін береді. 5,6 млрд теңгеге салынған жоба – мемлекеттік қолдау мен жеке бастаманың тиімді синер­гиясының көрінісі. Ал Ақтау­да айына 500 тонна қалдық өңдей­тін екі экокәсіпорын іске қосыл­ды. «Zero Waste» жобасы мен «Қошқар-Ата» қалдық қой­ма­сын рекультивациялау бас­тамасы өңірдің экологиялық тұрақ­тылығын қамтамасыз етуге бағыт­талған. Сарапшылардың айтуынша, Маңғыстаудағы жаңа экожобалар – «жасыл» экономикаға өтудің нақты қадамы.

Абай облысында жалпы құны 3,2 трлн теңгені құрайтын 7 ірі жоба жүзеге асып жатыр. Нәтижесінде, 14,4 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіледі. Семей қала­сын­да орналасқан «Arai-East Food» ет өңдеу кәсіпорны мен «Агро­фирма Приречное» шаруа­шылығы ауыл шаруашы­лығын қайта өңдеу саласын дамытуға үлес қосып жатыр. Жаңа ет өңдеу кешені іске қосылғанда мың адам жұмыспен қамтылады.

Түр­кіс­тан облысы Түлкібас ауданында жұмысын бастаған «RC Cola» зауыты мен құс фабрикасы – өңірдің өндірістік әлеуетін айшықтайтын нысандар. 9 млрд теңгелік сусын зауыты мен 53,7 млрд теңге тұратын құс фабрикасының іске қосылуы өңірдің экономикалық мүм­кін­діктерін жоғарылата түсуге тиіс.

Алматы қаласында ірі логис­тикалық және өнеркәсіптік жо­балар жүзеге асып жатыр. Құны 7 млрд теңге болатын «Damiani» қойма кешені халықаралық «Breeam» стандартымен са­лынған. Мұнда «Toyota Motors», «Komatsu» мен «Спортмастер» компаниялары жұмыс істейді. Ал «ILP Group» компаниясы 100 мың шаршы метрден асатын логистикалық саябақтарды бас­қарады. 13 млрд теңгеге жаңа қойма жобасы іске асыры­лып жатыр. Қалада сондай-ақ қағаз, картон мен модульдік құры­лыс өндірістері жолға қойы­лып, экологиялық технология­лар енгізіліп жатыр. Бұл мега­по­листің инвестициялық тартым­дылығын арттырып, өңірлік ІЖӨ құрылымындағы индустриялық үлесті көбей­тіп отыр. Респуб­лика күні қар­саңында жұмыс істей бастаған тағы бір өндіріс ошағы – «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» ЖШС. Мұнда қытайлық «Chery», «Changan», «Haval», «Tank» көліктері, жолаушылар вагон­дары құрас­тырылады. Инвестиция көлемі – 182 млрд теңге, 3 600 жұмыс орны ашылады. Жылына 90 мың бірлік өн­ді­ріледі деп жоспарланған.

Мерейлі мереке қарсаңында пайдалануға беріліп, көп игілі­гіне жарай бастаған іргелі мекемелер санатында Маңғыстау облысындағы «Caspi Bitum» мұнай өңдеу зауытының қуатты­лығын кеңейту бірлескен кәсіп­орны (инвестиция көлемі – 36,1 млрд теңге) Атырау облы­сын­дағы жүк вагондарын шыға­ратын «ТексолТранс» кәсіп­орны (30,8 млрд теңге), Алматы облысындағы тұрмыстық техника шығаратын «Алматы Тұрмыстық техника зауыты» (25,2 млрд теңге), Шымкент қала­сындағы алюминий қапта­ма (контейнер) өндірісін жаңғырт­қан «QazAlPack» ЖШС (21,7 млрд теңге), Қарағанды облысындағы тұрмыстық техника өндіруші «Silk Road Electronics» ЖШС (12 млрд теңге), Екібастұздағы «Екібас­тұзФерроҚорытпалар» ЖШС (92,4 млрд теңге), Қос­танай­дағы жүк көліктерінің жетек­ші өсіне арналған соң­ғы жетек ре­дук­торларын шыға­ратын «KamLitKZ» зауыты (82,5 млрд теңге) бар.