Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Жасанды интеллект ел экономикасының өсуіне айтарлықтай әсер ете алады. Грузия экономистері Давит Гондаури мен Михаил Батиашвили жүргізген жаңа зерттеу жасанды интеллект технологияларының ішкі жалпы өнімді арттыра алатынын көрсетті. Ғалымдар ондаған елдің экономикасын зерттей отырып, жасанды интеллект жыл сайын ІЖӨ-нің өсімін 2,3%-ға дейін жеткізе алатынын анықтады.
«Егер мемлекет цифрлық технологияларға нақты қаржы салса, технопарктер ашып, жасанды интеллектіні мемлекеттік қызметтерге, медицинаға, өнеркәсіпке және көлікке енгізсе, нәтижесі көп күттірмейді. Мысалы, Германия мен Оңтүстік Кореяда жасанды интеллект өндірісті жаңартуға, қателіктерді азайтуға және тиімділікті арттыруға көмектесті. АҚШ-та ол медицина мен банк жүйесін жетілдіруге ықпал етті. Үндістанда автоматтандыру жаңа жұмыс орындарының ашылуына себеп болды. PwC және McKinsey халықаралық сарапшыларының бағалауынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік экономиканың көлемін 15 трлн долларға ұлғайтуы мүмкін», деп жазылған зерттеуде.
Біздің ел цифрлық трансформация стратегиясын іске асырып келеді. 2023 жылы Үкімет ақпараттық технологиялар мен киберқауіпсіздікті дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Қазір мемлекеттік қызметтердің 90%-дан астамы онлайн форматта көрсетіледі. eGov порталы мен мобильді қосымша арқылы 33 цифрлық құжатқа қолжеткізуге болады. «Цифрлық құжаттар» қызметін 12 млн-нан астам адам пайдаланған.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, Мемлекет басшысының көлеңкелі экономиканы азайту туралы тапсырмасын орындау барысында цифрлық технология экономикаға дендеп енген.
«Биылдан бастап көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл бойынша негізгі уәкілетті орган ретінде Қаржы министрлігі бекітілді. Осыған орай жаңа тәсілдер қабылданды, үйлестіру мен саясатты жүргізу министрліктің құзырына өтті. Мемлекеттік органдардың даму жоспарларында KPI көрсеткіштерін бағалау жүйесі енгізілді. Көптеген органның ережелеріне көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл функциясы қосылды. Ал көлеңкелі айналымы жоғары салаларға Жол карталары әзірленді. Салықтық әкімшілендіруде заманауи цифрлық құралдар еніп жатыр. Негізгі жоба – «Smart Data Finance» жүйесі. Бұл жүйе жасанды интеллект арқылы азаматтар мен бизнестің үлкен деректерін талдайды, салықтан жалтару схемаларын анықтайды және салық төлеушінің цифрлық профилін жасайды. Қазір жүйеге 74 дереккөз қосылған, жыл соңына дейін тағы 30 мекеме, оның ішінде банктер мен мемлекеттік органдар қосылмақ», дейді министр.
Экономист Олжас Құдайберген жасанды интеллектіні кеңінен енгізу еліміздің ішкі жалпы өнімін айтарлықтай арттырды деп бағамдайды. Бірнеше халықаралық зерттеулердің нәтижесінде генеративті жасанды интеллект Кавказ және Орталық Азия елдерінің экономикасына, соның ішінде Қазақстанға да, жыл сайын шамамен 10 миллиард доллар көлемінде қосымша үлес қосқан. Мысалы, былтыр еліміздің ІЖӨ-сі 288 миллиард долларға жеткен.
«Мемлекетіміздің инновация мен технологияға басымдық беруі – елдің болашағына бағытталған дұрыс қадам. Технологиялық прогресс пен цифрландыру экономикамыздың бірнеше саласында нақты нәтиже беріп отыр. Мәселен, мемлекеттік басқаруда электронды үкімет жүйесі мен жасанды интеллект негізіндегі шешімдер енгізілді. Ал ақылды көлік жүйелері қозғалысты бақылайды. Байланыс саласында 5G технологиясы жылдам интернет пен жаңа сервисті дамытты. Ауыл шаруашылығында цифрлық платформалар мен дәлме-дәл егіншілік технологиялары өнімділікті арттырды. Тау-кен және металлургия саласында өндіріс автоматтандырылып жатыр. Қаржы саласында финтех пен онлайн төлем жүйелері кең таралып, халыққа қызмет көрсету сапасы жақсарды», дейді экономист.
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ ғылыми қызметкері Салтанат Ахметжанованың айтуынша, бүгінде еліміз Орталық Азия мен ТМД елдері арасында цифрлық басқару деңгейі бойынша көш бастап тұр.
«Біз әлемдік рейтингтерде де жоғары орындамыз. Электрондық мемлекеттік қызметтер мен экономиканы цифрландыру бағытында жақсы нәтижеге жеттік. 2029 жылға дейінгі жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Сонымен қатар мобильді және кең жолақты интернет желісінің қамтылу аумағы кеңейіп келеді. Мемлекеттік жоғары оқу орындарында жасанды интеллект негіздері бойынша оқыту міндетті пәнге айналып жатыр. Экономикалық тұрғыдан алғанда, цифрландыру мен жасанды интеллект бағдарламасы елдің құрылымдық дамуына серпін бере алады. Бұл елімізді шикізатқа тәуелді емес жаңа даму жолына шығарып, өнімділікті арттыруға және салық базасын кеңейтуге мүмкіндік береді», дейді сарапшы.
Расында, мемлекеттік басқарудағы цифрландыру әкімшілік шығындарды азайтады, бизнес пен азаматтарға қызмет көрсету үдерісін жылдамдатады әрі жемқорлық тәуекелін төмендетеді.
«Нақты секторда жасанды интеллект өндіріс жабдықтарының тиімділігін арттыра алады. Ал ауыл шаруашылығында «ақылды» технологияларды енгізу климаттық тәуекелді алдын ала болжауға жағдай жасайды. Экономика құрылымында да өзгеріс болады. Цифрлық кластерлер пайда болып, ел білім мен инновацияға негізделген экономикаға көше бастайды. Бұл өзгерістер шикізатқа тәуелділікті азайтады. Цифрлық кодекс цифрлық активтерді, онлайн қызметтер мен электрондық сауда алаңдарын реттеу үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл салық түсімдерін көбейтуге ықпал етеді. Мемлекеттік сатып алуларды автоматтандыру және онлайн бақылау бюджеттік шығындарды азайтады», дейді С.Ахметжанова.
Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтің пікірінше, жасанды интеллект пен цифрландыруды дамыту ел экономикасының тұрақты өсуінің басты бағыты болуға тиіс.
«Қазіргі жағдай күрделі, бірақ елдің басты мақсаты – тұрақтылықты сақтау. Кейінгі жеті айда елдің ішкі жалпы өнімі 6,3%-ға өсті. Бір адамға шаққандағы табыс шамамен 1 770 долларды құрап отыр. Бұл көрсеткіш көрші Ресей мен Қытайдан жоғары. Мұнай өндірісі 7,5%-ға өсіп, тәулігіне 2 млн баррельден асты. Бұл – тарихи ең жоғары көрсеткіш. Елдегі оң өзгеріске қарамастан, Президент экономиканы одан әрі дамыту қажет екенін айтты. Экономиканың болашағы цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдануға байланысты. Бұл тек өндіріс саласында емес, мектептегі білім беруде де маңызды рөл атқарады», деді депутат.
«Мемлекеттік егемендік туралы декларациясы» – еліміздің жаңғыру дәуірін бастаған аса маңызды құжат. Егемендік елдің саяси еркіндігі мен экономикалық дербестігіне жол ашты. Инновация бүгінде ел дамуының негізгі бағытына айналды. Цифрлық технологиялар, «жасыл экономика», сондай-ақ деректерге негізделген шешімдер экономиканың құрылымын өзгертті. Инновация енді тек технология емес, ойлау тәсілі мен басқару мәдениетінің бөлігіне айналып отыр. Бұл – елдің тәуелсіз дамуының жаңа кезеңі, егемендіктің бүгінгі мазмұны.