 
                                        – Райхан Есназарқызы, Болат Аюханов саналы ғұмырын қазақ балет өнерін дамытуға арнағанын білеміз. Кейде ағамыздың талантын бізден гөрі шетел көбірек мойындағандай көрінбей ме?
– Рас айтасыз. Болат Ғазизұлы өмірін өнер жолына бағыштап, 250-ден аса балет қойылымы мен концерттік нөмірлердің авторы атанды. Ол кісінің туындылары Германия, Швеция, Финляндия, Үндістан, Франция, Италия, Ирак, Иордания, Сирия, Түркия, Ресей және ТМД елдерінің сахналарында қойылды. Ұлыбритания мен Лондонда өнер көрсеткеннен кейін, шетелдік басылымдар Аюхановты «Әлемдік хореографияның жоғары деңгейлі балетмейстері» ретінде таныды. Ағаларыңыз ұлттық қана емес, еуропалық һәм ғаламдық хореографияның дамуына да өз үлесін қосып, ерекше авторлық мәнерімен «хореография тілін» байытты. Мәселен, Оксфорд университеті Аюхановты «Уақыт тудырған тұлға» деп танып, оның әлем мәдениетіне қосқан жеке үлесі үшін Сократ сыйлығымен марапаттады. Бұл – әдебиеттегі Нобель сыйлығымен пара-пар марапат. Бүгінгі ұрпақ қазақтың қарапайым ұлының осындай жоғары дәрежедегі сыйлыққа ие екенін білмейтіні өкінішті. Санкт-Петербург хореография академиясы үздік түлектердің есімін мәңгілікке есте қалдыру мақсатында 1 800 жылдан бері тізім жасап келеді. Ол тізімге аты енген жалғыз қазақ та – Аюханов. Болат Ғазизұлы Ресейде оқып жүргенде де, кейін әлемдік сахналарда өнер көрсеткенде де қазақ ұлтының қандай өнерлі халық екенін дәлелдеді. Оның мінсіз биін һәм қойылымдарын көрген жұрт Қазақстанның ұлттық классикалық мәдениетін таныды. Осылай алыс және жақын шетелде достық дипломатиясының жаршысы болып, елге өнерімен қызмет етті. Десе де, «Болат Аюхановты көзі тірісінде елі бағаламады» дей алмаймын. «Қазақ КСР-нің халық әртісі», Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Тәуелсіз меценаттар клубының «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, Алматы, Екібастұз, Павлодар, Семей қалаларының құрметті азаматы, «Еңбек Қызыл Ту» және I дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері атанды. Өнертану ғылымының профессоры бола жүріп, жүздеген шәкірт тәрбиеледі. Өзінің өмірден әрі өнерден түйгендерін қағазға түсіріп, жеті кітап шығарды. Балетмейстер ретінде де, педагог ретінде де ешкімнің алдында бас имей, өнерге адал қызмет етіп, талай биікті бағындырды.

– Болат Аюханов «Менің балетім», «Сезімдер өмірбаяны», «Балет витраждары» секілді бірнеше кітап жазды. «Балет витраждары» атты кітабында ол кісінің өзі құрған театрды сақтап қалу жолында талай қиындыққа төтеп бергені айтылады.
– Болат Ғазизұлы әр әртістің тағдырына өзін жауапты сезінетін. Алдына келген тәжірибесіз жас шәкіртті тәрбиелеп, кәсіби дағдыларды меңгертіп, физикалық һәм шығармашылық тұрғыдан өсуіне, рухани кемелденіп, моральдық және адамгершілік жағынан да жеке тұлға ретінде қалыптасуына күш-жігерін аямайтын. Театрдағы шығармашылық ұжымның әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істеп, оларға әкелері сынды қамқор болды. Ол үшін кішкене проблема деген болмайтын. Декорация дұрыс орнатылды ма, әртістердің көңіл күйі қалай, костюмдер үтіктелді ме, грим дұрыс жағылды ма, аяқкиім ыңғайлы ма, бәрін де өзі қадағалайтын. Бір сөзбен айтқанда, жетекші ғана емес, тігінші де, жүкші де болып қара жұмыс істеп кететін кездері көп еді. Театр ашылған алғашқы төрт жыл бойы жалақысыз қызмет етті. Үкіметтен берілген аз қаржыны алдымен әртістердің костюмдеріне, керек-жарақтарына, әшекейлеріне жұмсайтын. Бірде ревизор келіп тексеріп: «Мына киімдерді қандай ақшаға алдыңдар?» деп сұрағанда «жеке тігіншілерге тіккіздік», деп жауап беріпті. Жеке тігінші дегені – өзі.
Болат Ғазизұлы бір өзі қоюшы режиссер, көркемдік жетекші, педагог тәрбиеші, администратор, ұйымдастырушы, эссеист-жазушы және кинематографист бола жүріп, талантты шәкірттерін дүние жүзіне танытты. Әлем елдеріне гастрольмен барып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Тәуелсіздік алып, нарықтық жылдар келгенде «түрлі шетелдік марапаттардың лауреатымын» деп қол қусырып отырмай, Санкт-Петербургтен Алматыға дейін балеттік аяқ-киімдерді өзі тасыды. Ала қап арқалағандарды алыпсатар деп ойлап, тонап кететін заманда небір қиындықтарға, кедендердегі заңсыздықтарға төзе жүріп, өнерге қызмет етті.
Болат Аюханов бар жұмысты шын көңілмен, адал ниетпен, шалқар шабытпен істейтін. Осы қажырлы еңбегінің арқасында 1999 жылы би театры жеке ғимаратқа ие болып, бұрынғы балабақша 300 орындық шағын камералық балет театрына айналды.
– Өнер үшін осындай құрбандықтарға барған Болат Аюхановтың мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттау, есімін ел есінде қалдыру мақсатында қандай шаруалар атқарылуы керек деп ойлайсыз?
– Болат Ғазизұлы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театрының іргетасын қалап, алғашқы жетекшісі болды. Бәрінен бұрын мені ағаларыңыздың ізі қалған сол театрдың бүгінгі жай-күйі алаңдатады. Қазақтың би өнерін әлемдік сахналарда танытқан театрымыз 1999 жылдан бері баяғыда балабақшаға арналып салынған шағын ғимаратты әлі де пайдаланып келеді. Алматыдағы әуежайға апаратын Бұқтырма жолының бойымен жүрсеңіз хан сарайы секілді зәулім-зәулім тойханаларды көресіз. Кейде «солардың бірін би театрының ғимаратына айналдыра салуға болмас па еді?» деп қиялдап та кетемін. Мұны айтып отыруымның себебі, ең алдымен, Алматы қаласында Мемлекеттік академиялық би театрына жеке ғимарат салынса деген өтінішіміз бар. Оған Болат Аюхановтың есімі беріліп, театр алдына оның билеп тұрған ескерткішін орнатсақ, ғаламдық деңгейдегі тұлғаны ұлықтаудың жарқын үлгісін көрсетер едік. Сондай-ақ Алматы қаласындағы көшелердің біріне, нақтылап айтсақ Медеу ауданына қарасты Құрмет көшесін Болат Ғазизұлы Аюхановтың атын беруге ұсыныс жасап отырмыз.
– Райхан Есназарқызы, бұл бастама мен ұсынысты халықтың қолдарына шүбә жоқ. Десе де тұлғаның атын ұлықтау үшін қайтыс болғанына бес жыл толуы керек деген шарт бар емес пе?
– Мұндай шарттар жалпыға ортақ болғаны дұрыс. Мысалы, Герольд Бельгер қайтыс болғаннан кейін араға жыл өтпей жатып көше аты берілді. Мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге де өмірден озғаннан кейін бір жыл ішінде ескерткіш орнатылды. Бұлар ертерек өмірден өтті дейтін шығарсыз. Болат Ғазизұлымен қатар дүниеден озған Лермонтов театрының әртісі Юрий Померанцевке Алматыдан көше атауы берілді. Қайтыс болғанына бес жыл толмай көшелерге есімі беріліп, ескерткіштер қойылып, музейлер ашылып жатқан сол тұлғалардан Болат Аюхановтың еңбегі кем деп ешкім айта алмайды. Бұл бастамамызды Олжас Сүлейменов, Бибігүл Төлегенова сынды елімізге танымал 110 өнер қайраткері қол қойып, қолдап отыр. Жуырда осы ұсынысымызды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдадық. Ол кісі президент болғалы елімізде құқық үстемдігінің орнауына мән беріп, Әділетті Қазақстан құруды басты мақсат етіп келеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы халқымыздың мәдениет саласында өшпес із қалдырған тұлғаларды ұлықтау ісінде де қолдау көрсетіп келеді. Яғни Болат Аюханов сынды тұлғаның есімін ұрпақ жадында қалдыру мәселесіне қатысты бастамамызды да жерде қалдырмайтынына сенемін.
Әңгімелескен –
Қанат БІРЛІКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
 
                             
                                 
                             
                                             
             
             
             
             
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
             
                 
                 
                 
                 
                 
                 
                