Жасанды интеллект • Бүгін, 08:12

Жасанды интеллект және архив мұрасы

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Халықаралық архивтер кеңесі (МСА) Бас ассамблея­сының президенті Жозе Кирпс «ICA Barcelona 2025» Конгресі аясында өткен жиында Қазақстан Республикасы Президенті архивінің стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.

Жасанды интеллект және архив мұрасы

Сурет: ult.kz

Биыл жазда ICA пре­зи­денті Жозе Кирпс ресми сапармен Астана қа­ла­сына келіп, Президент ар­хивінің қызметімен танысқан еді. Сапар барысында ол жас мамандармен кездесіп, цифрлық трансформация дәуіріндегі ­архив ісінің даму бағыттарын талқылап, Қазақстанның архив қорларын цифрландыру және тарихи құжаттарға қоғамның қол­жетімділігін арттыру жөнін­дегі бастамаларға ерекше назар аударған болатын.

Жозе Кирпс халықаралық жиында сол сапары туралы сөз қозғап, бұл кездесу архив ісін дамытуға үлес қосатын меке­ме­лермен ынтымақтастық­ты ны­ғайтуға бағытталғанын жеткізді.

«Бұл іс-шаралар МСА-ның стра­тегиялық миссиясын кү­шейтіп, архивтердің халықара­лық беделін арт­тыруға мүм­кін­дік берді. Сондай-ақ әлем архив­шіле­рінің кәсіби шеберлігі мен өз ісіне адалдығы туралы түсінікті кеңейтті», деді Жозе Кирпс.

Сонымен қатар МСА прези­денті кейінгі бір жыл­дағы жұмыс нәтижелерін де баяндады.

«Біздің мақсатымыз – ICA-ны за­манауи, нәтижеге бағытталған және мүшелері­не нақты қолдау көрсететін ұйымға айналдыру. Бұл ба­ғытта ұйым мүшелері­нің ын­­тымақтастығын күшейтіп, олар­дың белсенді қатысуына жағ­дай жасап жатырмыз», деді ол.

МСА президенті ұйым­ның жылдық жұмысы туралы баян­дап, алдағы жоспарларымен бө­лісті. Биылғы отырыста 30-ға жуық мәселе қаралды.

Сондай-ақ Испания­ның Бар­селона қаласында өтіп жатқан Халықаралық архивтер кеңесі­нің (ICA) «Knowing Pasts, Crea­ting Futures» тақы­рыбындағы іс-шарасы аясында «Архив ісін­дегі жасанды интеллектінің рөлі» тақырыбы талқыланды. Атал­ған сессияны Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президенті архи­вінің ди­рек­торы Әлия Мұстафина жүргізді. Оған ­Қы­тай, АҚШ, Колумбия, Нигерия және Қазақстаннан барған жетекші ­сарапшылар қа­тысып, өз тәжі­ри­белерін бөлісіп, зерттеу нәтиже­лерін ұсынды.

Талқылау барысында қа­тысу­шылар жасанды интел­лектінің архив ісіне және архивтік мұраны сақтауға әсері туралы пікір алмасты. Сондай-ақ ЖИ технология­ларын құжат айналымы мен архив саласына енгізу кезінде ­туындайтын кәсіби және этика­лық мә­селелер де сөз болды. Онда ЖИ-дің архив ма­мандарының болмысына ықпалы, генеративті тех­ноло­гиялардың экологиялық салдары, дамушы елдердегі архив­шілердің цифрлық өзгерістерге дайындығы және машиналық оқытудың ар­хивтік құжаттарды сақтау әлеуеті сияқты өзекті тақы­рыптар қамтылды.

Әлия Мұстафина Қазақ­стан­да жасанды интел­лект технологияларын да­мы­туға ерекше мән беріліп отыр­ғанын атап өтті. Бұл тех­но­логия мемлекеттік бас­қаруды жаңғыртудың және тарихи мұ­раны ұзақ мерзімге сақтаудың маңызды тетігіне айналып келе жатқанын айтты.

«Архив саласы кәсіби тұр­­ғы­дан алғанда техноло­гияны қазір серіктес деп қа­был­дайтын уақытқа жетті. Біздің міндетіміз – жасан­ды интеллек­тіні жауап­кер­шілікпен қолда­­нып, тиімді жұмыс істеу. Ең бас­­ты­­сы, тарихи жады мен адами құн­­дылықтарға құрметпен қа­рау­ды ұмытпауымыз керек. Біз ­ICA Конгресі сияқты ха­лықара­лық фо­румдарға қа­тысу арқылы ­әлем­дік тә­жіри­бені меңгеріп қана ­қой­­­­­май, өз ұстанымымызды біл­ді­ре­­­міз әрі кәсіби байланыстарды ны­ғай­тамыз», деді Әлия Мұстафина.

Сессияға әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден астам маман қатысты. Қорытындысында қа­тысушылар жасанды интел­лект адамды алмастырмай­тынын, бірақ оның жұ­мыс тиім­ділігін арт­тыруға мүм­кіндік беретінін атап өтті.

Айта кетсек, Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Президентінің архиві 2023 жылдың ақпан айынан бас­тап Халықаралық архивтер ке­ңе­сінің толыққанды мүшесі. Архив ше­телдік әріп­тестермен тығыз байланыс орнатып, отан­дық тәжіри­бені әлем­дік қауым­дастыққа таныс­тырып келеді.