Фото: Ашық дереккөз
TikTok – бизнестің жаңа дәуірі
TikTok бүгінде жаһандық аудиториясы арқылы тек контент алмасу емес, экономикалық белсенділік орталығына айналды. Платформада ірі брендтермен қатар, шағын дүкен иелері мен жеке кәсіпкерлер де өз өнімдерін таныстырып, жаңа клиент тауып отыр. 2021 жылы елімізде TikTok for Business платформасы іске қосылып, кәсіпорындарға өз өнімдерін жарнамалауға арналған шешімдер ұсынды.
2022 жылы Astana Hub технопаркімен серіктестікте TikTok Startup Academy бағдарламасы басталды. Бұл жоба 2025 жылға дейін үш стартап легін оқытып, олардың өнімдері мен қызметтерін TikTok арқылы ілгерілетуге көмектесті.
Ал, 2024 жылы «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе отырып, #ҚазақстандаЖасалған байқауы өтті. Бұл байқауға әлеуметтік сектордағы 800-ден астам компания қатысып, өз өнімдерін ұлттық деңгейде танытты.
«Бүгінде цифрландыру абстрактілі ұғым болудан қалды. Ол — мемлекеттің экономикалық саясатының нақты бір бөлігіне айналды. TikTok – жүйелі жұмыс пен мемлекет қолдауы болған жағдайда жаһандық платформаның жергілікті экономикалық өсімнің құралы бола алатынының айқын мысалы», дейді «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов.
Тәжірибелі компаниялар TikTok-ты белсендірек қолданады
TikTok пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен жүргізілген бұл зерттеу еліміздің 20 өңірінен 308 кәсіпкерді қамтыды. Сарапшылардың айтуынша, TikTok елдегі шағын және орта бизнес үшін нақты әрі елеулі экономикалық құндылық қалыптастырып отыр.
Нарықта он жылдан астам жұмыс істейтін компаниялардың 52%-дан астамы TikTok-ты өз өнімдері мен қызметтерін ілгерілету үшін аптасына кем дегенде бір рет пайдаланады. Ал бес жылдан он жылға дейін жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындардың 47%-ы контентті жүйелі түрде жариялап отырады. Бұл тек жас буын кәсіпкерлер ғана емес, тәжірибелі бизнес иелерінің де TikTok-ты тиімді құрал ретінде мойындағанын көрсетеді.
TikTok-тағы ең табысты салалар
Зерттеу нәтижесінде әр өңірдің өзіндік ерекшелігі айқындалды:
- Астанада — денсаулық сақтау, сұлулық және спорт қызметтері көш бастап тұр (25%);
- Алматыда — жеке қызмет көрсету мен сұлулық индустриясы (32%), кейін мәдениет, ойын-сауық және туризм (26%);
- Шымкентте — сауда және өндіріс саласы (52%).
TikTok-та табысы жоғары компаниялар көбіне визуалды және эмоциялық әсерге бағытталған салаларда — сұлулық, спорт, қонақүй, ойын-сауық индустриясында шоғырланған. Бұл платформаның визуалды форматта жақсы жұмыс істейтінін дәлелдейді.
TikTok бизнестің жаңа серіктесіне айналды
Зерттеу деректеріне сәйкес, TikTok кәсіпорындар үшін клиент тарту мен байланыс орнатудың басты құралына айналған:
- 81% респондент жаңа клиент тартуда оң әсерін мойындаған;
- 79% бұрынғы клиенттерді ұстап қалуға көмектесетінін айтқан;
- 71% TikTok олардың бизнесін бәсекелестерінен ерекшелейтінін атап өткен.
Аптасына бір рет белсенділік танытатын МШОБ субъектілерінің 12%-ы өз табысының 50%-дан астамын TikTok арқылы табады. Ал жалпы алғанда, мұндай кәсіпорындардың 63,2%-ы жылдық айналымының кем дегенде 5%-ын платформаға тікелей байланыстырады.
Алайда зерттеу көрсеткендей, TikTok-ты тұрақты пайдаланғанымен, кәсіпкерлердің тек 16,9%-ы ғана жарнама қызметтерін сатып алады, ал 10,4%-ы инфлюенсерлермен жұмыс істейді. Демек, платформада әлі де өсімнің зор әлеуеті бар.
Сонымен қатар TikTok-тың ел экономикасына әсерін бағалау үшін үш сценарий қарастырылған:
- 10% кәсіпкерлер пайдаланады – 219 млрд теңге табыс;
- 15% пайдаланады – 329 млрд теңге;
- 20% пайдаланады – 438 млрд теңге.
Яғни TikTok табысы Қазақстанның креативті экономикасының жарты жылдық қосылған құнына тең. Егер алдағы жылдары кәсіпкерлердің кемінде 20%-ы платформаны белсенді қолданса, TikTok арқылы табыс табатын компаниялар саны 8 мыңнан 16 мыңға дейін өсуі мүмкін.
Консервативті есеп бойынша, TikTok-тың елдің ЖІӨ-дегі үлесі 0,16–0,32% шамасында. Ал жеткізу тізбегіндегі қосымша әсерлермен есептегенде, оның жиынтық экономикалық ықпалы 759 млрд теңгеден 1,5 трлн теңгеге дейін жетеді.
«Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, TikTok – бұл тек шығармашылыққа арналған платформа ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы мыңдаған шағын және орта бизнес өкілдері үшін нақты табыс көзі. TikTok-тың жарнамалық құралдарын белсендірек пайдалану алдағы уақытта МШОБ табысының айтарлықтай өсуіне ықпал ете алады. Кәсіпорындардың экономикалық әлеуетін тиімді іске асыру бизнес-қауымдастықтың, цифрлық платформалардың, салалық бірлестіктер мен мемлекеттік институттардың үйлестірілген іс-қимылы арқылы мүмкін болады. Өз кезегінде компания Қазақстандағы жергілікті бизнесті белсенді түрде қолдап, оның әрі қарай дамуына үлес қоса бермек», дейді TikTok компаниясының өңірлік директоры Сергей Соколов.
Шынында да, TikTok бүгінде цифрлық экономиканың жаңа бет-бейнесін қалыптастырды.Бұл платформада үлкен бюджет емес, идея мен сенім шешуші рөл атқарады. Мұнда кәсіпкерлер аудиториямен тікелей байланысып, өз өнімін, өз тарихын және құндылығын көрсете алады. Нәтижесінде TikTok тек жарнамалық алаң емес — кәсіпкерліктің жаңа мәдениетіне айналды.
«Әлемдік көшбасшылардың тәжірибесі көрсеткендей, TikTok бүгінде толыққанды коммерциялық экожүйелерді сәтті қалыптастырып келеді. Қазақстан бұл үдерістен шет қалмауы керек. Біз үшін осындай тәжірибелерді батыл қабылдап, отандық нарыққа бейімделген электронды сауда модельдерін дамыту маңызды. “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл зерттеуді жаңа цифрлық экономиканы терең түсінуге бағытталған маңызды қадам ретінде қарастырады. Оның нәтижелері бизнеске өсуге, ал азаматтарға – болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді», деп түйіндеді Райымбек Баталов.
Қорыта айтқанда, TikTok Қазақстан экономикасының жаңа қозғаушы күшіне айналып келеді. Ол шығармашылық пен кәсіпкерлікті біріктіріп, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жол ашты.