Өзбекстанның Ташкент, Самарқанд, Қаттықоған қалаларын Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек», Уильям Шекспирдің «Асауға тұсау», Талаптан Ахметжанның «Таптым. Ғашық болдым. Жоғалттым», Ермек Аманшаевтың «Мың бір түн», Нұрқанат Жақыпбайдың «Жанарымдағы жалғыз әуен» қойылымдарымен аралаған театр ұжымының өнерін өзбек жұртшылығы ыстық ықыласпен қарсы алды.
Гастрольдік сапардың шымылдығы Ташкент төрінде Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» мюзиклімен ашылып, «Жанарымдағы жалғыз әуен», «Асауға тұсау» қойылымдарымен жалғасты. Бір-біріне ұқсамайтын үш түрлі жанр, үш бөлек бағыттағы спектакльдердің өн бойындағы өзгешелікке, айрықша өнер өрнектеріне Ташкенттің талғампаз көрермені тәнті болды.
Табиғатынан эстет режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың Өзбекстан сапарын «Қыз Жібектен» бастауы тегін емес. Себебі бұл қойылымда ұлтымыздың барлық құндылығы көрсетілген. Евгений Брусиловскийдің заманауи үнде жаңаша өңделген классикалық музыкасы көрерменін формалық, идеялық һәм көркемдік ерекшелігімен баурайды. Қазақтың байырғы салты – бастаңғы стилінде өрбитін мюзиклде негізінен жастардың сыры мен мұңы, арманы мен мұраты, ең бастысы, кіршіксіз махаббаты алға шығады. Ғажайып музыка тілі арқылы сезім күйін шертер қойылым көрерменін бейжай қалдырмайды. Әсіресе Жібек рөліндегі – Назерке Серікболова, Төлеген – Мейірғат Амангелдин, Дүрия – Шехназа Қызыханова, Бекежан – Бекжан Керімбаев, Шеге – Жандәулет Батайдың шынайы ойыны мен актерлік ішкі органикасы, вокалдық мүмкіндігі өзбекстандық театрсүйер қауымға естен кетпес әсер сыйлағаны анық. Оған қойылым соңынан толассыз айтылып жатқан көрерменнің риясыз лебізі арқылы көз жеткізуге болады. Әсіресе ана тілінінің әуезді үнімен өріліп, ұлттық құндылықтар ұлықталатын қойылымдарға шөлдеген қандастар үшін қазақ театрының келуі үлкен жаңалық һәм рухани мереке болғаны сөзсіз. Өзбек астанасынан бөлек, Ташкент маңайындағы аудан, ауылдардан жиналаған жұрт Жастар театры қойылымдарын жібермей тамашалап, ұлттық өнерімізге құрмет көрсетті. Әртістерді толассыз соғылған шапалақ үнімен шабыттандырды.
«Біз жиырма бес адам болып жиналып «қазақ жерінен театр келді» дегенді естіп, Ташкент іргесіндегі ауылдан арнайы келдік. Қазақ театрлары көптен бері Өзбекстанға гастрольдік сапармен келмеп еді, Астана қаласы Жастар театрының Ташкент төрінде өнер көрсетуі – біз үшін шын мәнінде үлкен жаңалық, тамаша бір рухани мереке болғаны анық. Қазақстанда, атамекенімізде осындай тамаша театрдың бары қуантты. Кеудемізді мақтаныш сезімі кернеп тұр. Әсіресе «Қыз Жібек» қойылымын тамашалап болғаннан кейінгі әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ұлттық салт-дәстүр, ана тіліміздің әуезді үнін естіп айрықша қанаттандық. «Асауға тұсау», «Жанарымдағы жалғыз әуен» қойылымдары да театрдың жаңашыл мүмкіндіктерін толықтай паш етті деп ойлаймын. Әртістердің мүмкіндігі зор екен. Жастар театрының жастық жалыны бойымызға қан жүгіртіп, рухани әлемімізді бір төңкеріп тастағаны анық», деді қойылымнан кейінгі әсерін шабыттана әңгімелеген Сардор Шухратұлы есімді көрермен.
Жастар театрының Ташкенттегі қойылымдарын өзбек өнерінің белгілі тұлғалары, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері де тамашалап, қазақ театрының ізденісіне жоғары баға берді. Алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеу ұсыныстарын да жарыса жеткізіп жатты. Сондай қаламгердің бірі Өзбекстанның халық ақыны, драматург Усмон Азим де спектакльдердің көркемдік деңгейіне тәнті болып, астаналық театр ұжымымен ортақ шығармашылық жұмыстар атқаруға ниетті екендігін айтты.
«Жастар театрының қойылымдары шын мәнінде көңіл түкпіріне құйылған нұр секілді жанымызды жадыратты. Өнер деген сондай болуы керек, меніңше. Жан дүниеңді әлемтапырық күйге түсіріп, ішіңде катарсис жүргізсе, міне, нағыз өнер сол. Сол тазалықты да, талантты да Жастар театры ұжымы бізге көрсете білді. Сахнадан саф сұлу өнер көрдік. Әртістерінің пластикасы қандай! Режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың әр қойылымы бір-біріне ұқсамайтын дара қолтаңбасымен көңілге құрмет орнықтырды. Мен ғана емес, ұжым өнерін тамашалаған әр көрерменнің көңіл түкпірінде сондай әдемі әсер қалды ғой деп ойлаймын. Бұл театрды Ташкент төрінен тағы да көргіміз келеді, күтеміз. «Таң ататын өлке» деген пьесам бар. Сол драмамды дәл осы театрдың сахнасынан көргім келеді. Себебі Жастар театрының мүмкіндігі, бағыты пьесаның табиғатын дөп басатындай. Алда бірлесе жұмыс істеп, шығармашылық байланыс орнатып жатсақ, өте қуанышты болар едім. Бұл екі ел арасындағы мәдени-рухани байланысты да нағайта түсері сөзсіз», деп ағынан жарыла әріптестік лебізін жеткізді драматург Усмон Азим.
Ташкент халқының көл-көсір көңілін арқалаған ұжымды әрі қарай Самарқанд сахнасы мен Қаттықорған көрермендері де зор құрметпен қарсы алды. Әр қаладағы қойылымның қай-қайсысынада ине шаншар орын қалдырмай жиналған халықтың ықылас-қошеметі екі ел арасындағы мәдени, рухани достықтың белгісіндей шығармашылық ұжымның шабытына шабыт үстеді.
«Өзбек елінен үлкен әсермен оралдық. Әсіресе сол жақтағы қандастарымыздың ықыласы ерекше болды. Ұлттық өнерге, қазақы ән мен құндылықтарға, ең бастысы ана тіліне деген құрметтері айрықша екен. Соны көріп көңіл толқыды. Тағы да гастрольдік сапармен келуімізді сұрап жатыр. Сәті түссе алдағы жылдары да осындай жарқын жүздесулерге ұйытқы болғымыз келеді. Ол кезде тек Ташкент, Самарқандпен шектелмей, әрі қарай Қарақалпақстандағы ағайындармен де кездессек дейміз. Осы арқылы екі мемлекет арасындағы мәдени байланысты нығайтып қана қоймай, қазақ өнерінің де аясын кеңейтеміз деп ойлаймын. Театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері ретіндегі негізгі мақсатым да сол. Ұлттық өнеріміз арқылы өзгелер ұлтымызды ұлықтап, құрметтеп жатса, нағыз бақыт сол емес пе?», деп режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбай сапар туралы әсерлене әңгімеледі.
Иә, өнер әлеміне өзгеше өрнегімен келген Жастар театрының әу бастағы мақсаты да, мұраты да, режиссер айтып өткендей, сахнада тек сұлу өнер тудыру емес, сол арқылы қазақ өнерінің аясын кеңейту, ұлтқа деген құрметті арттыру. Бұған дейін де әлемнің түкпір-түкпірін аралап, жарқын қойылымдарымен жаһан жанарын жаулап жүрген Жастар театрының өзбек еліне жасаған өнер сапары да өзіндік өрнек өнегесімен осылайша тарих қойнауына енді. Ал сапар барысындағы алған әсерлер мен көңіл түкпірінде таспаланған естеліктер тамаша өнер оқиғасына куә болған екі ел өнерпаздары мен көрермендерінің есінде ұзақ уақытқа сақталары сөзсіз.