Фотогалерея • Бүгін, 14:29

Батыс Алтайды барлау (фоторепортаж)

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұмса табиғатқа жыл он екі ай болмаса да, күздің күндері жүйелі түрде әуеден рейд жасалып тұрады. Бұл жолы облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен табиғатты қорғау полициясы мамандары Батыс Алтайды әуеден барлап қайтты. Заң бұзушылық та жоқ емес, деп жазады Egemen.kz.

Батыс Алтайды барлау (фоторепортаж)

Фото: egemen.kz/ Мерей Қайнарұлы

 Тікұшақ көкке көтерілгенде-ақ қырағы көзді инспекторлар орманды алқапты бақылап отырған. Айта кетейік, жоспарлы рейд тек Риддер орман шаруашылығы аумағында жүргізіледі.

вв

Батыс Алтайдың биігін тұман тұмшалап, жүдеңкі күйге түсіпті. Кешегі құлпырып тұрған қызылды-сары жапырақты қазанның қара дауылы аяқ асты еткен. Әне-міне қар басады.

ааа

Шатқалдарды аралай, өзендерді жағалай ұштық. Адам аяғы баспайды-ау деген жерге дейін барлау жасадық. Бірақ адам аяғы баспайтын жер бар ма қазір?! Ит тұмсығы өтпес тайганы да, құзар биік шыңды да, тіпті сонау теңіз түбін де зерттеп тастады ғой. Оның үстіне, өзендер тартылып, мөлдіреп ағып жатқан уақытта балықшылар үйде қайдан жатсын?!

рр

Айтқандай-ақ, Батыс Алтайдың қойын-қонышын аралай ағып жатқан Үлбі өзенінің бас жағында қаз-қатар тізіліп тұрған балықшыларды байқап қалып, қондық.

вв

Өкініштісі, балықшылар тұрақтайтын тұстар қоқысқа толы. Оны көрген инспекторлар балықшыларға ескерту жасады.

вв

Алтайдың кейбір биіктерін қар басқан. Күзге салым асыр салған аю атаулы ендігі ұйқыға кетсе керек-ті.

аа

Үбі өзені бастау алып жатқан тұсты төңіректеп келе жатқанымызда төмендегі соқпақпен зытып бара жатқан жүк көлігі көзге түспесі бар ма?! Әккі ұшқыштар көліктің алдына кесе-көлденең қона кетті.

пп

Түу түкпірде көзге түсе қоямын деп ойлады ма бұл азамат?! Балығын аулап, алаңсыз үйіне қайтып бара жатқан жерінде инспекторлар көктен түсіп, тоқтатқан. 

вв

Көлікті тінткен құзырлы орган мамандары рұқсат етілмеген құралмен балық аулағанын анықтады. Қос қапта мөлшері 15-20 келі балық бар екен.

пп

Сондай-ақ көлік орындығының артында қару бар екені белгілі болды. Риддер тұрғыны қарудың құжаты барын айтып, растайтын құжаттарын қоса ұсынды. Ол жағы заңды болғанымен, балық аулау тәсілі тәртіпке сай емес.

аа

Риддер қаласының А есімді тұрғынына тыйым салынған құралдармен балық аулағаны үшін Әкімшілік кодекстің 383 бабы, 3-бөлігі бойынша хаттама толтырылып, сотқа жолданады.
Мамандардың айтуынша, рейд жұмыстары әлі де жалғасады.