Пікір • Бүгін, 08:15

Маңызды мүдделестік

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Былтыр 15 қарашада Ташкентте өткен Жоғары мемлекетаралық кеңесте Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев: «Қос ел арасындағы достықтың тамыры терең, рухани құндылықтарымыз да ортақ. Қазақ-өзбек қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында дами береді» деген еді.

Бұл тезистің мәнін мәдениет, ғылым, білім, экономика, саясат саласы мамандары жақсы түсінеді. Аталған жиында Мемлекет басшымыз қазіргі жаһандық күрделі кезеңде сенімді ықпалдастықтың маңызына ерекше тоқталып, ортақ 80-ге жуық жобаны салаландыру қажеттігін, жоспарланған сан мыңдаған жұмыс орнын құнттауды еске салған. Жобалар сәтімен жүзеге асса, экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық нығаятынын айтқан-ды. Әсіресе, Қазақстанның Өзбекстанға салатын инвестициясын одан әрі ынталандыра түсетіні дәйектелген. Осы орайда құрылысы жүріп жатқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығына ерекше үміт артатынын да жеткізген. Сауда-экономика саласын дамытудың тың мүмкіндіктерін іздеу, тауар айналымын ұлғайту, шикізаттық емес экспортты қолдау шараларын өзектендіру мәселесі де байыпталған. Енді бұған бірлескен Іскерлік кеңес пен «UzKazTrade» сауда компаниясы атсалысатынына сенім білдірген.

Қазақ-өзбек байланысының дәстүрлі бір арқауы – ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестік. Құдайы көрші екі ұлтқа да тән қасиет ақын Абай тиянақтаған «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей» деп келетін халық даналығынан өрбиді. Осыны меңзеген Мемлекет басшымыз қарапайым сау­дадан гөрі ет, бидай, майлы дақылдар өңдеудің толық өндірістік үдерісін іске асыруды, сапалы мал және егін шаруашылығын бірлесе дамытуды ұсынды. Біздіңше, дәл осы мәселеде кең тарихи мағынада Абай мен Науаи жұрты әлемдік нарыққа табиғи таза, құнарлы «Түркістан наны», «Түркістан дәмі», т.б. брендімен азық-түлік тауарларын, әсіресе гендік модификациядан ада ет-сүт өнімдерін шығара алары анық.

Екі ел де мүдделі жоба – өнеркәсіп кооперациясы. Шүкір, бауырлас мемлекеттерге Жаратқан нәсіп еткен жерасты, жерүсті байлығы жетерлік. Президентіміз сирек кездесетін металдарды өндіру мен өңдеу саласындағы серіктестіктің болашағына үмітпен қарайтынын да айтты. Сондай-ақ көлік-транзит саласындағы ықпалдастықты арттыруға, тарифтерді жүйелеуге, шекаралық инфрақұрылымды жетілдіруге қатысты нормативтік, институционалдық міндеттерді оңтайлы шешуді көтерді.

Қазақстан басшысының Транскаспий халықаралық көлік бағдарын, Солтүстік – Оңтүстік дәлізін, Ауғанстан арқылы теміржол бағытын дамытуға қатысты ұсыныстары да Өзбекстан тарапына ой салды. Осы аяда Ақтау және Құрық порттарымен серіктестік құру, логистикалық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру – бауырлас ел қызығатын бастама. Сонымен бірге су-энергетика саласында сындарлы ұстанымда болу екі мемлекетке де тиімді. Трансшекаралық өзендер мүмкіндігін ақылға сай пайдалану әлімсақтан парасат пен ынтымақ қағидатымен реттелген. Осы дәстүр Қазақстан мен Өзбекстан үкіметінің қазіргі су саласындағы саясатына оң ықпал етеді деп санаймыз.

Жасанды интеллект заманында тиімді тәжірибе алмасу, барды бөлісу – тату көршілік шарты. Мемлекет басшымыз Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мен IT-технология табыстарын, «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы, суперкомпьютер кешені, әлемдік рейтингідегі ұлттық зерттеу университеттері сәтті әзірлемелерін әріптестік-достық жолымен Өзбекстанға ұсынуға даяр екенін жеткізуі – игі парасаттың жөні. «Astana Hub» пен «IT Park Uzbekistan» арасындағы ынтымақтастық та баянды ұлысаралық мүддені көздейді.

Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың мәдени-гуманитарлық бағыттағы байланыстарды өрістету жөніндегі бастамалары да Өзбекстан Президенті Ш.М.Мирзиёевтің қолдауына ие. Осы орайда ел басшысының мәдениет күндерін өткізу, шығармашыл зиялылар мен жастар арасында сәтті сұхбаттастық алаңдарын қалыптастыру, тарихи тұлғаларды ұлықтау мен танымалдандыру, жоғары оқу орындары филиалын ашу туралы ұсыныстары кезең-кезеңмен орындалып келеді.

Тамырлас, ағайын қос ұлттың да арманы – әлемде халқы қауіпсіз, мемлекеті бақуат әділетті, озық ойлы, ар-ұжданды, табысты елге айналу. Қос жұрттың табанды күресі, талайғы мехнаты, адал маңдай тері – бақытқа жетуіне сеп. Өзбек жұртында «Жақсы жолдас жол қысқартады» деген мәтел бар. Сенім мен иман тұрғанда біз – бір-біріміздің бақ-берекемізге дәнекер жолдас­пыз. Бұл ниетті басқа да бауырлас жұрттарға, тілектес көршілерге қаратып айта аламыз.

Заманында Самарқанд пен Бұхара – кейінгі Париж бен Лондондай, Петербор мен Мәскеудей талай ұлттың бой түзейтін, ой түзейтін шаһары болғаны ақиқат. Өткен ғасырлардағы ғұлама, би, баһадүр даналарымыз осы қалаларда оқып, ауыл-аймағын да таяу қондырып, әзіз сүйегіне дейін әулиелі топырақтағы қорымдарға аманаттағаны бекер емес. Беделі бекем Ташкент туралы сөз де осы өреде. Төрағалығына қазақ инженері Мұхамеджан Тынышбайұлы сайланған Түркістан мұхтарияты (автономия) Қоқанда жарияланса, Өзбекстанның әр шаһары Алаш зиялылары өмірінде орны барын аңғарамыз. Екі ұлт интеллектуалдарының басын қосқан «Шағатай бәсі», «Талап» мәдени ұйымдары – ортақ тарихымыздың жарқын беті.

Әділетті Қазақстан мен ар-ұжданды Өзбекстан тамыры терең өнегені заманға сай жалғастыруға мүдделі.

Соңғы жаңалықтар

Даланың дара батыры

Тұлға • Бүгін, 09:10

Қоршаған ортаны таза ұстау – ортақ міндет

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:55

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:53

Қайраткер тағылымы

Тұлға • Бүгін, 08:50