Кейінгі жылдары құрылысы қарқынды жүріп жатқан «Ақжайық» шағын ауданы Шаған өзенінің сыртында орналасқан. Зачаган кентінде қазір 80 мыңға жуық халық тұрады. Болашақ даму жоспары бойынша тек «Ақжайық» шағын ауданының өзінде 70 мыңдай тұрғын қоныстанбақ. Шаған өзенінен өтетін ескі көпірде қазірдің өзінде таңертең, кешке көлік кептелісі болып, тұрғындардың әрі-бері қатынауына кедергі келіп жүрген еді. Осыған байланысты жаңа көпірдің қажеттігі анық байқалған.
«Ақжайық» шағын ауданында бүгінде 3 мыңнан астам тұрғын бар. 450 гектар аумаққа орналасқан бұл шағын ауданның даму жоспары адам қызығарлық. Мұнда кезең-кезеңімен 76 көпқабатты тұрғын үй салынбақ. Әлеуметтік инфрақұрылымға келсек, әрқайсысы 1 500 орындық 3 мектеп, әрқайсысы 500 орындық 4 балабақша, барлығы 60 әлеуметтік нысан бой көтереді. Әзірше жүзеге асқан жобалар қатарында 1 044 пәтерлі 10 тұрғын үй мен 150 орындық оңалту орталығы бар. Ал қазір 416 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Инфрақұрылым бойынша 26 шақырымдық ішкі жолдар, 45 км тротуар мен веложолдар салынған.
Облыс орталығында басталған айтулы құрылыстың басына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, жобаның бас инвесторы, «BI Group» компаниясының акционері Бауыржан Исабаев, мердігер компания өкілдері келіп, естелік капсула орнатты.

– Біз «Ақжайық» шағын ауданының құрылысын 2023 жылдан бастап қолға алған едік. Қазір осы ауданда болашақ 70 мың тұрғынға арналған барлық инфрақұрылым тартылып болды. Табиғи газ, электр жарығы, су мен кәріз жүйесі толық іске қосылды. Тіпті көшедегі суағар арық жүйесін де жасадық. Біз бұл жерде тұрғын үйлермен қатар әлеуметтік нысандар да саламыз. Соның ішінде ең үлкен нысандар – аурухана, перинаталдық орталық пен емхана. Сондай-ақ осы жерде 12 мың адамға арналған үлкен стадион болады. Ал бүгін қадасы қағылған жаңа көпірге келетін болсақ, оның құрылысын «BI Group» компаниясы тұрғызады. Биыл дайындық жұмыстары жүргізіледі, жобалық-сметалық құжаттар жасалады. Бұл жерде ұзындығы төрт шақырымдық төрт жолақты көпір болады. Құны 36 млрд теңгеге бағаланған көпір құрылысы 2028 жылы аяқталады, – дейді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Өңір басшысының айтуынша, бұл – тәуелсіздік жылдары Батыс Қазақстан облысында бастан-аяқ жобаланып, салынғалы отырған тұңғыш көпір болмақ. Ішкі кварталдық жолдар мен көпір өткелін салу құрылысы жобасына қарағанда жаңадан салынатын 4 жолақты, 4 шақырымдық жол мен көпірді салып бітіру үшін 36 ай кетпек.
Батыс Қазақстан облысы