Театр • Бүгін, 07:50

Екібастұзда қазақ театры ашылды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеншілер шаһарының руханияты үшін айтулы жаңалық десе жарасады. Жаңадан тұсауы кесілген «Ертіс-Баян» театры көрермен қауымның зердесін кеңейте түспекші.

Екібастұзда қазақ театры ашылды

Қалалық «Өнер» мә­дениет сарайында «Ертіс-Баян» театры есігін айқара ашты. Жас шығармашылық ұжым­ның та­рихы ақиық ақы­н Мұқағали Мақатаев шы­ғар­масының желісімен сахна­лан­­ған «Қош, махаббат» спек­таклі­нің премьерасымен бас­талды.

Туындыны жас әрі та­лант­­­ты режиссер Бибияжар Ди­­хан сахналады. Поэзия тілі­ ар­­­қылы адам сезімінің те­рең­­­­ді­­гін, ма­хаббат­тың кү­шін, тағ­дыр драмасын жеткізе білген қойылым кө­рер­мен­дер­ді шынайылы­ғы­мен баурады.

Екібастұзда театр ашу идея­сы бірнеше жылдан бері талқыланып келген. Жоба өңір басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылдың шілдесінде қолға алыныпты. Сол кезде Екібастұздың бай мәдени дәстүрі мен белсенді шығармашылық ортасы театр ашуға барлық алғышарт бар екенін байқатқан. «Қайнар» орталығы жанында 20 жылдан астам уақыт бойы «Маска» театр студиясы табысты еңбек етіп жүр. Қатысушы­лары бірнеше мәрте республи­ка­­­­лық фестивальдердің лауреа­ты атан­ды. Ал 2020 жылы «Өнер» мәдениет са­райын­да «Бойтұмар» жас­тар музыка­лық-театр үйірмесі құрылды. Мұның барлығы кәсіби театр­дың құрылуына негіз болды.

«Ертіс-Баян» театрын құруға бюджеттен шамамен 50 миллион теңге бөлінген. Ұжымда әзірше 18 қызметкер еңбек етеді, олардың 12-сі – Астана, Алматы, Түркістан, Ақтөбе қалаларынан шақы­рылған кәсіби әртістер. Басым бөлігі К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлектері Сондай-ақ театр қойылым­дарына Жү­сіп­бек Аймауытов атын­дағы Павлодар облыс­тық қа­зақ музыка-драма театры­­ның әртіс­тері де қаты­сады.

Қазақ театрының салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, екібастұздықтарды айтулы оқиғамен құттықтады.

– Болашақта театр үшін жеке ғимарат салу жоспарда бар. Екібастұз тек көмір мен энергияның ғана емес, руханият пен өнердің де ордасына айналады, – деді әкім.

«Қош, махаббат» спектак­лінің премьерасы жаңа шы­ғармашылық ұжымның дебю­ті ғана емес, шаһардағы жаңа театр маусымының ашылуындай сезілді.

Атап өтерлігі, театр же­тек­шісі Талғат Сағынтаев үл­кен ұйымдастырушылық жұмыс атқарды. Алматыдағы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлт­тық драма театрының тәр­бие­сін көрген танымал актер бүгінде «Өнер» мәдениет орта­лығының басшысы болып қызмет етіп жүр.