Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
«Бөлектау» экологиялық бағыты табиғаты көркем аумақ арқылы өтеді. Ол кіреберіс қақпадан басталып, демалыс аймағындағы орындарға жетпей аяқталады. Бұл қашықтықтағы жол тауға шығатын туристерге қауіп төндіруі мүмкін бағыттардың бірі. Енді абаттандырылған маршрут белсенді саяхатшылардан бастап, балалары бар отбасыларға дейінгі келушілердің кең ауқымына да қолжетімді болды.
– Экологиялық, танымдық туризмді дамыту – басты басымдықтардың бірі. Бұл салаға жеке сектордың белсенді атсалысуы аса маңызды. Бурабайдағы экомаршруттың абаттандырылуы – бизнестің ұзақмерзімді, әлеуметтік маңызды бастамаларға инвестиция сала алатынының нақты үлгісі. Бұл тек туристік инфрақұрылымды жақсартумен шектелмей, табиғатқа деген жауапкершілікті де қалыптастырады. Бизнестің мемлекетпен тиімді әріптестігі тұрақтылықты, қолжетімділік пен сапаны дамытуға ықпал етеді, – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.
Жобаға Home Credit Bank қаржы бөліп, «Бурабай» ұлттық паркімен Ақмола облысы әкімдігінің туризм басқармасымен серіктесе отырып жүзеге асырды. Бастама банктің еліміздегі қызметінің 20 жылдығына арналған ауқымды бағдарламаның бір бөлігіне айналды.
– Бұл жоба жай абаттандыру ғана емес, біз заманауи, қауіпсіз әрі әдемі демалыс орнын қалыптастыруды мақсат тұттық. Мұнда серуендеп келушілердің Бөлектаудың бірегей табиғаты туралы жаңа дүниелерді танып-білуіне мүмкіндік тудырып, қоршаған ортаға қамқорлықты да көрсеткіміз келді. Біздің команда мен серіктестеріміз соншалықты ынта-ықыласпен жасаған экомаршрутқа ұлттық саябақтың қонақтары ұқыптылықпен қарайды деп сенеміз, – дейді Home Credit Bank Басқарма төрағасы Кирил Бачваров.
Бағыт бойында Бөлектаудың флорасы, фаунасы, аңыздары туралы ақпараттық стендтер орнатылған. Сонымен бірге қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі аудиогидті қолдануға қажетті QR-кодтар қарастырылған. Жолды абаттандыру барысында экологиялық таза материалдарға ерекше мән берілген. Орталық стенд күн сәулесі түскен кезде ауаны тазартатын инновациялық фотокаталитикалық жабынмен жасалған.
Жаяу серуендейтін туристер үшін экологиялық жолдың ашылуы үлкен маңызға ие. Алғашқы келушілер маршрутты жүріп өтіп, аудиогидті сынап көріп, квест тапсырмаларын бағалауға мүмкіндік алды.
Ақмола облысы