Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Біріншісі, ғылыми-әдістемелік қиындық. Оқу бағдарламасына сәйкес автор оқу мақсатына сай, тым ауыр да емес, тым жеңіл де емес мазмұн жасауға тиіс. Еңбек ғылыми дәлдікке сүйсініп онда қате дерек, бұрмаланған факт болмауы қажет. Оқулықтың әдістемелік құрылымы мен тапсырмалары баланың ойлау деңгейін дамытатындай болуы керек. Бірақ көптеген оқулықта жаттығулар тек еске түсіру деңгейінде қалып қояды.
Екіншіден, тілдік және стильдік қиындық. Қазақ тіліндегі бағдарлама, оқулықтың да басым бөлігі шет тілінен, орыс тілінен аударылып жасалатындықтан, сөйлем құрылысы жасанды шығады. Мұндай аудармаға тәуелділік баланың жас ерекшелігіне де бейімделмейді. Ондай мысалдар 5-сынып оқулығында тым күрделі ғылыми стиль қолданылуы түсінікті қиындатады. Терминологияның бірізді болмауы салдарынан оқулықта терминдер әртүрлі беріліп (мысалы, «қосынды» – «сома», «жинақ» түрінде) келеді.
Үшіншіден, ұйымдастырушылық және жүйелік қиындық. Әр баспаның өзіндік форматы бар, яғни бірізділіктің болмауы оқушы мен мұғалім үшін қиындық тудырады. Оқулық авторларына көбінесе қысқа мерзім беріледі. Сапалы оқулық жазу үшін бірнеше жыл қажет. Редакция мен сараптаманың көп сатылы болғаны себепті, автордың еңбегі түрлі комиссиядан өтеді, кейде әдістемелік тұтастыққа зиян келетін өзгеріс енгізіледі.
Төртіншіден, психологиялық және педагогикалық қиындық. Оқушының қабылдау ерекшелігін ескеру маңызды. Мәтін, сурет, кесте, тапсырма көлемі баланың назарын ұзақ ұстай алатындай жасалуы керек. Бұл – оңай емес. Бірақ қызығушылық тудыру аса қажет. Оқулық тек білім беріп қоймай, оқушыны ынталандыруға тиіс. Алайда қазіргі оқулықтарда мотивациялық элемент аз.
Бесіншіден, қоғамдық және саяси қиындық. Идеологиялық талаптар – тарих, әдебиет сияқты пәндерде ұлттық мүдде мен ғылыми бейтараптық арасында тепе-теңдікті сақтауды қажет етеді. Ата-ана, мұғалім, ғалымдар тарапынан әрдайым сын айтылады. Оқулық нарығының экономикалық факторы назар аударуды қажет етеді. Оқулық бизнеске айналғандықтан, кейде сапа емес, мерзім мен пайда бірінші орынға шығып кетеді.
Оқулық тек мәтін жазу емес, ғылым мен білімді үйлестіру, әдістеме мен психологияны ескеру, ұлттық мүдде мен әлемдік стандартты ұштастыру, мемлекеттік талап пен шығармашылық еркіндікті тең ұстау. Сондықтан оқулық жазу – ең күрделі шығармашылық және ғылыми-педагогикалық жұмыс.
Сарапшы атап өткендей, мемлекеттік сараптама, баспаның ішкі топтары, республикалық комиссиялар оқу әдебиеттерінің стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге тырысады. Сонымен қатар сарапшылардың біліктілік деңгейі де сапалы оқулық жазудың басты критерийі болуға тиіс. Сарапшылар құрамында жаңартылған бағдарламаны түсінбейтін мамандар да кездеседі.
«Мектепте жұмыс істемеген, оқушы психологиясын меңгермеген, сабақ бермегендер авторлыққа жарамайды. Кей жағдайда автордың жазғанын түсінбейтін сарапшы жақсы жазылған оқулықты жарамсыз етеді. Көбіне оқулықтарды авторлар тобы дайындайды: ғалым + әдіскер + тәжірибелі мұғалім. Қазақстанда оқулық шығару нарығында негізінен «Мектеп», «Атамұра», «Алматыкітап», «Арман-ПВ», «Келешек», «Жазушы», т.б. ірі баспалар белгілі. Олардың оқулық шығарудағы пайдасы да, зияны да бар. Ірі баспалардың арқасында оқулықтар уақтылы шығады, сапалы басылады, цифрлық нұсқалары да бар екені рас. Алайда еліміздегі оқулық шығару нарығында монополиялық жағдай сапаға емес, пайдаға көп көңіл бөлініп жатқаны қынжылтады. Бұл күнде монополияға ұмтылу басымдығынан бірнеше баспа нарықты бөліп алғаны айқын көрініс беріп отыр. Кейде басты мақсат – оқулықты тез шығару, мемлекеттік тапсырысты алу болады да, сападан бұрын мерзім мен қаржылық тиімділікке көңіл бөлініп кетеді. Оның зияны авторларға тиеді. Шығармашылық еркіндікке ие болмайды, көбіне баспаның дайын үлгісі бойынша жұмыс істейді. Монополияның басымдығы қоғамдық пікірді ескермейді. Мұғалімдер мен ата-аналардың шағымы көп болғанымен, ірі баспалар оны әркез ескере бермейді. Оқулықтағы қателіктердің қайталануы, тіпті, бір баспаның оқулығынан шыққан қателер бірнеше жыл бойы түзелмей жүре беретіні қалыпты жағдайға айналғандай» дейді Мейрамгүл Барқазатқызы.
Сарапшы сондай-ақ оқулық жазатын авторларға жағдай формалды деңгейде жасалып отыр деген пікірде. Осылай деуінің де бірнеше себебі бар. «Автор өндірістен босатылмайды, кей жағдайларда жалақы төленбейді, тек оқулық әбден дайын болғанда ғана аздаған қаламақы беріледі. Еңбегіне қаламақысы сай емес. Негізгі жұмысының талаптарымен жүріп бағдарлама мен баспа талаптарынан асып шығармашылық ізденіске бара бермейді. Нақты шығармашылық, ғылыми еркіндік пен материалдық ынталандыру жетіспейді. Сол себепті көптеген автор өзін «оқулық жазушы» емес, «құрастырушы» ретінде көреді. Неге «құрастырушы» ұғымы басым болып кетті десек, мемлекеттік бағдарламаға тәуелді. Оқулық авторы емес, «құрастырушы» жағдайы қалыптасқан. Бір сөзбен айтқанда, баспа көп, алайда мазмұны бірдей көп оқулық білім сапасын арттырмайды. Авторлар тобы ғалым, әдіскер, мұғалім, жазушы және дизайнер, ақпараттық құзыреттілік мамандарынан құралса игі. Оқулықты бақылау Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы немесе тиісті министрліктің құзырында болып, баспаларға дайын оқулықтың тиражы ұсынылуға тиіс», дейді сарапшы.
Ал оқулық сапасына авторларға шығармашылық еркіндік берілгенде қол жеткізуге болады. Ол үшін оқулық дайын болған кезге дейін автордың айлығы сақталып, негізгі жұмысынан босатылғанымен, олар ұжымымен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік берілуі керек. Ал бұл ұсыныстарды орындау жауапты ведомствоның құзырында.
АЛМАТЫ