Еске сала кетейік, жаңа 2025–2026 оқу жылында 83 оқу ордасы жаңадан ашылды, оның 57-сі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Осы оқу ордаларының барлығында негізгі мақсатты жүзеге асыратын мықты мамандар жұмыс істеуі қажет. Сондықтан «Келешек мектептерінің» мамандарына да ерекше мән беріліп отыр.
Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы «Келешек мектептері» жобасы аясында мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізді. Бүгінде «Келешек мектептерінің» 7 мыңнан астам мұғалімі LMS платформасы арқылы біліктілікті арттыру курстарынан өтіп жатыр. Онда базалық деңгейдегі 11 пән қамтылған: бастауыш сынып, қазақ, орыс және ағылшын тілдері, математика, информатика, физика, химия, биология, география және тарих.
Бағдарлама пәндік білімді негізгі жұмысынан қол үзбей жаңарту, кәсіби құзыреттілікті арттыру және мұғалімдерге әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталған. Соның ішінде пәндік білімді тереңдету, оқыту сапасын арттыру, оқушылармен тиімді қарым-қатынас орнатуға назар аударылды. Алдағы уақытта да педагогтер басым бағыттар бойынша оқытумен қамтылады.
«Келешек мектептерін» басқару тиімділік қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Директорларды тағайындау кезінде басымдық «Білім саласындағы 1000 өзгеріс көшбасшысы» жобасына қатысқан үміткерлерге беріледі. Бұл жоба Президенттік жастар кадр резервінің үлгісінде жасалған. Онда болашақ басшыларды қызметке тағайындалмай тұрып даярлауды міндеттейтін халықаралық тәжірибе негізге алынған. Үміткерлер бес кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, кешенді түрде оқытылады. Бұған қоса, тәлімгерлермен жұмыс істеп, тағылымдамадан өтеді. Мұндай тәсіл сыни ойлайтын әрі өзгерістерге дайын басқарушыларды қалыптастыруға жол ашады.
2023–2024 жылы кадрлық ревервке енген 583 педагогтің 70 пайыздан астамы конкурссыз басшылық қызметке тағайындалды. Биыл тағы 403 директор орынбасары резервке қабылданды. Соның нәтижесінде мектеп директорларының тапшылығы үш есеге қысқарды. Әсіресе жаңа форматтағы «Келешек мектептеріне» баса назар аударылып отыр. Бүгінде еліміз бойынша ұлттық жоба аясында ашылған 151 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 40 мектепті «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасының жеңімпаздары басқарады. Осылайша, бұл білім ордалары жаңа стандарттарды, цифрлық технологияларды және тәрбиелік бағыттағы тәжірибелерді енгізетін алаңға айналып отыр.
Зейнеп МАХСҰТОВА,
Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары