Білім • Бүгін, 08:45

Педагогикадағы цифрлық серпіліс

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астанада «Цифрлық дәуірдегі мектеп білімі: басты тренд­­тер мен талаптар» атты халықаралық конференция өтті. 1 500-ге жуық педагогтің басын қосқан алқалы жиын осымен 14-рет өт­кі­зіліп отыр. Жиынға Ұлыбритания, АҚШ, Финляндия мен Қытай­дан беделді сарапшылар келген. Олар оқушылардың цифр­лық сауа­тын арттыру, жасанды интеллектіні оқыту үдерісінде қолдану мүмкіндігін айтып, заманауи технологияның пайдалы тұсы мен сын-қатерін талқылады.

Педагогикадағы цифрлық серпіліс

Конференцияның ашылуын­да «Назарбаев зияткерлік мек­тептері» дербес білім беру ұйы­мының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин технологиялық шешімдер білім сапасын арт­тыруға бағытталғанымен, бас­ты назар әрдайым мұғалім тұлға­сына аударылуы тиіс екенін айрық­ша атап өтті.

«Осы күні жасанды интел­лек­­тінің барлық салаға жаппай енгізіліп жатқанын кө­ріп отырмыз. Егер он жыл бұ­рын әрбір оқушының жеке цифр­­лық репетиторы болады десе, көпшілігі­міз сенбес едік. Әрине, жасанды зердені жатыр­­қамауымыз керек. Бірақ жал­ған ақпарат, ака­демиялық адал­дықтың бұзы­луы, авторлық құқық, зият­кер­лік меншік сынды көлеңкелі тұс­тарға бейжай қарауға болмайды. Технология дамыған сайын ЖИ күнделікті қайта­ланып отыратын жұмыс­тарды өз мо­йны­на алады. Сол себепті адам ин­тел­лек­тісінің ерекшелігі мен құн­дылығы одан сайын арта түспек. Зерт­теулерге сүйенсек, бола­шақта сыни әрі креативті ойлана алатын, назарын бір нәрсеге шоғырландыра білетін табанды жас­тар көш бас­тайды. Яғни қазір мектептер тек білім беріп қана қоймай, осы құзыреттерді дамытуға ба­сымдық беруге тиіс», деді ол.

Басқарма төрағасының сө­­зінше, жасанды интеллект құ­ралдарын меңгеру, деректермен жұмыс істеп, цифрлық қауіп­сіздік қағидаттарын түсі­ну қазір оқу мен жазу сияқты ба­за­лық қажеттілікке айналды.

«Технологиялар білім жүйе­сіне біршама өзгеріс әкеліп жатыр, алайда олар ешқашан мұға­лімді алмастыра алмайды. Адам интел­лектісі эмоция­лар мен интуи­цияға негіз­дел­ген, тәжіри­белер мен сезім­дер­ді ескере отырып шешім қабыл­дай­ды. Ал жасанды интел­лект тек мәліметтерге сүйе­неді, ол эмоцияны, этиканы түсін­бей­ді және жаңа нәрсені тек бұ­рынғы мәліметтер негізінде үй­ренеді. Сондықтан білімнің шынайы мәнін ашатын – адам­ның ақылы мен жүрек жылуы. Назарбаев зияткерлік мек­тептері оқушылардың ойлау, сезіну және технологияны тиім­ді қолдану қабілеттерін тең да­мытуға ұмтылады. Біздің мақ­сат – жасанды интеллект адам­ды емес, адам жасанды интел­лектіні басқаратын қоғам қалып­тастыру», деп түйіндеді сөзін NIS басқарма төрағасы.

Конференция аясында көр­ме ұйымдастырылды. Мұнда ше­телден және еліміздің әр өңі­рінен келген 100-ден аса педагог оқушылармен бірге әзір­леген ғылыми жоба­ла­рын таныстырды. Солар­дың бірі – Түркістан қала­сындағы Назарбаев зият­керлік мектебінің химия пәні мұғалімі Тоқтамыс Нұрбо­латтың жұмысы.

Мұғалімнің айтуынша, бү­гінгі білім саласының басты міндеті – оқушыны ақпаратты жай тұтынушы емес, оны дұрыс өңдеп, саналы қолдана алатын тұлға ретінде қалыптастыру.

«Жасанды интеллект – осы күні оқытудың маңызды құ­рал­­дарының бірі болып отыр. Бірақ оқушылар түгілі, мұғалімдердің өзі оны толық меңгеріп кетпегенін ашық айтуымыз керек. Сондық­тан ЖИ-ды қалай дұрыс қолда­ну керек­тігін ең алдымен ­пе­дагогтер үй­ренуге тиіс. ­Егер бала ЖИ-ді дайын жауап алу үшін емес, ақпаратты талдап, өз ойын жүйелеуге, қабілетін дамытуға қолданса, біз бұл техно­логияның игілігін көрген боламыз. Тәжірибемде жасанды интеллектіні сабақ құ­рылымын жоспарлау кезін­де жиі қолданамын. Ол бізге уақыт үнемдеуге, әдістемені жүйе­леуге едәуір көмектеседі. Био­логия және география ­пәні мұға­лім­дерімен бірлесе ­отырып жүр­гізген зерт­теу жобамыз да цифрлық құ­ралдарды қол­дануға негізделді. Оқушы­лар Түркістан облысының түрлі өңірлерінен су сынама­ларын алып, сапасын зерт­теді. Жиналған деректерге цифрлық талдау жасап, нәти­жесінде экологиялық карта құрдық. Мұнда да ЖИ оқу­шыларға ақпаратты жүйелеу, салыстыру, визуализация жа­сауға көп көмек көрсетті», деді Тоқтамыс Нұрболат.

Көрме барысында ерекше көзге түскен жоба – «Beım AI». Атауы айтып тұрғандай, әр оқушыға бейімделе білетін бұл жасанды интеллект стартабы қазірдің өзінде Назарбаев зияткерлік мектептерінде қол­данылады.

«BeımTech» компаниясы­ның қызметкері Әсем Бауыр­жанның айтуынша, порталда оқу материалдары үш тілде қолжетімді: қазақша, орысша және ағыл­шынша. Қазірде аталған жү­йеге 7-9-сынып оқушыларына арнал­ған физика, химия, биология және математика пәндері енгізілген.

«Алдағы уақытта басқа пән­­дерді де, сондай-ақ 10-12-сы­­нып­тарға арналған ма­териалдарды қосуды жос­­­­парлап отырмыз. Біз­дің­ жүйе­нің ең үлкен артық­шы­­лығы – бейімделген оқы­ту. Яғни жасанды интеллект әр оқу­шының қабілеті мен деңгейіне қарай жеке оқу бағдарламасын ұсынады. Әдетте қалай? Сыныпта бір мұ­ғалім болады, барлығы­ның оқулықтары бірдей, стандартты бағдарламасы бар. Мұғалімнің барлығына бірдей назар аударуға уақы­ты жоқ. Соның салдарынан кейбір білім алушылар оқу бағдарламасынан қалып қо­йып жатады. Біздің жобаның тұжырымдамасы әлеумет­тік желі стиліне негізделген. Яғни оқушы кез келген уақыт­та кіріп, қысқаша пост арқылы да, толық оқу материа­лы арқы­лы да білім ала алады. Ма­­териалдар «Arizona State University»-мен бірлесе әзір­­ленген. Бұл оқу үдерісін жеңіл әрі жылдам меңгеруге көмектеседі. Мысалы, оқу­шы мобильді қо­сымша арқы­лы кіріп, қызықты бей­нежаз­баны көріп, төмендегі жатты­ғуларды орындайды. Со­ңында «Тақырып бойынша бағалау» арқылы өз білімін тексере алады. Мұғалім оқушының нәтижесін көріп, қандай жерде қате жібергенін бақылап отырады», деді Әсем Бауыржан.

Екі күнге созылған кон­фе­­ренция барысында мұға­лімдер көр­меден бөлек, жа­санды интеллект тақыры­бын арқау еткен пленарлық отырыстарға, түр­лі секция­ларға, сараптамалық пікірта­ластарға қатысты.