Аймақтар • Бүгін, 08:42

Ертіс бойындағы тағылымды кездесу

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодарда Халық қаһар­мандары мен Қазақ­станның Еңбек Ерлерінің республикалық IV конференциясы өтті. Іс-шарада ұлттық құндылықтар дәріптеліп, жастардың патриоттық рухын ны­ғайту, азаматтық жауап­кершілікті арттыру, ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру бағытында тағылымды әңгімелер айтылды.

Ертіс бойындағы тағылымды кездесу

Екібастұз қаласында басталып, Баянауылда жалғасқан кон­ференцияның ең басты мәжілісі облыс орталығындағы Достық үйінде өтті. Іс-шараға облыс әкі­мінің орынбасары Айгүл Мәлі­кова, Халық қаһарманы, гене­рал-лейтенант Бақытжан Ер­таев қатысып, жас ұрпақты еңбекке баулу, Отанды сүю деген не, елі мен жері үшін адал еңбек етуге тәрбиелеу және басқа да тақырыптарда тағылымды әңгімелер қозғалды.

– Игі іс-шараның Баянауыл мен Екібастұз өңірінен бастау алуы тегіннен-тегін емес. Біздің өңір – талай батырлар мен ел қор­ғаған ерлерді дүниеге әке­ліп, халқымыздың рухан асқақ­татқан киелі аймақ. Ата-баба­мыздың қайсарлығы мен батыр­лығы бүгінгі ұрпақты бірлік­ке, Отанын сүюге үндейді. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Біз кеше кім болғанымызды ұмыт­пай­мыз. Төл тарихымызға құ­р­мет­­пен қараймыз, Ал ке­ле­шекте кім болатынымыз тек өз қолымызда екенін жақсы түсі­немін», деген болатын. Ал хал­қымыздың ата дәстүрі елдігі­міздің темірқазығы деген еді. Сон­дықтан халқымыздың ата дәстүрі елдігіміздің темірқазығы дегім келеді, – деді Айгүл Қайыр­тасқызы.

«Тәуелсіз Қазақстанның ха­лық батырлары» қоғамдық бір­лестігінің төрағасы, гене­рал-лей­тенант Бақытжан Ертаев жастарға Отан қорғау дегеніміз неден басталатынын, отансүйгіштік дегені­міз не екенін қарапайым тілмен түсіндірді. Халық қаһарманы әр ер-азамат үшін әскерге бару, азаматтық борышын өтеу Отан алдындағы ең үлкен парызы екенін атап өтті.

Конференцияға Қазақстанның Еңбек Ері, Сәтбаев қаласынан келген шахтер-проходчик Тұрсынбек Мәкішев, Еңбек Ері, Орал қала­сын­дағы Асан Тайманов атындағы мектеп-гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмара Траисова, Еңбек Ері, Екібастұз қаласының тұрғыны Рышат Әміренов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев сынды ел ағалары қатысып, қарапайым еңбек адамының бүгінгі қоғамдағы орны, оларға деген құрметті арттыру туралы ой-пікірлерін ортаға салды.

Конференция бағдарламасы аясында Павлодар, Екібастұз қалалары мен Баянауыл ауданында 10-нан аса іс-шара өткі­зілді. Қатысушылар Екі­бас­­тұз қаласындағы білім беру меке­мелерін аралап, Қ.Сәт­баев атындағы инженерлік-тех­никалық институтының студент­терімен кездесті. Сондай-ақ «Сам­ғау» орталығының және «Бога­тырь» көмір кеніші­нің жұ­мысымен танысты. Ал Баянауыл ауданында делегаттар Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесене­сінде, Ш.Айманов атын­дағы мектеп-интернатта, өңір­дің киелі нысандары мен музейлерінде болды. Бұған қоса конференция қонақтары облыс орталығындағы Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» облыстық мамандандырылған лицей-мектебіне барып, жас курсанттармен кездесті.

 

Павлодар облысы