Мәселе • Бүгін, 08:48

Жан жарасы жазылмай тұр

60 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде отбасы институтының беделін арттыру мақсатында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Соған қарамастан отбасындағы кейбір түйткілді мәселелер әлі де тыйылмай тұрғаны анық.

Жан жарасы жазылмай тұр

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысын жүйелеу қажет­тігін нақты тапсырғаны барша­мызға мәлім. «Отбасындағы тұрмыс­тық зор­лық-зомбылықтың алдын алу жұмысының тиімділігін артты­руға ерекше назар аудару керек. Ста­тистика көңіл көншітпейді. Кейінгі екі жарым жылда үйдегі зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмды. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 878 фактісі және орташа зиян келтірудің 808 фактісі тіркелген. Осындай құқық бұзушылықтар бойынша 37 мыңнан аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», деген Мемлекет басшысының екі жыл бұрынғы сөзі талайға ой салғаны тү­сінікті. Президент пәрменімен өткен жылы отбасылық зорлық-зомбы­лыққа қарсы заңға да қол қойылды.

Қалай десек те, билік елімізде тең­дік пен заң үстемдігі қағидаттарына ба­сымдық беретінін анық көрсетті. Елі­­мізде құқық бұзушылыққа мүлдем төз­беушілікті қалыптастыратын заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы жаңа қадамға барды. Содан кейінгі атқарылған жұмыс көңіл көншіте ме? Өңірде жағдай қалай?

«2025 жылы отбасылық-тұрмыс­тық қатынастар саласында тіркелген қылмыс санының өскені байқалады. Мысалы, осы жылдың үшінші тоқ­са­нындағы мәліметтер бойынша 145 қылмыс тіркелді. Бұл 2024 жылға қарағанда 43,6 пайызға көп. Статис­тикалық көрсеткіштердің өсуі қылмыстың нақты көбеюімен қатар, қылмыстық және әкімшілік заңнамаларға енгізілген өзгерістермен де байланысты екенін атап өту қажет. Бұрын жеңіл дене жарақатын келтіру және ұрып-соғу фактілері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1 және 73-2 баптары бойынша әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылған (2024 жылы тиісінше 444 және 664 жағдай тіркелген). 2024 жылғы 15 маусымнан бастап осы әрекеттердің қылмыстық құқық бұзушылыққа жатқызылуы себепті олар қылмыстық құқық бұзушылықтар санатына ауыстырылды. Бұл тіркеу және есеп жүргізу тәртібінің өзгеруіне алып келді», дейді облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызмет басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мамандандырылған бөлімінің басшысы Диляфруз Кинжеханова.

Оның айтуынша, Президент тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында полиция департаментіндегі бұл бөлім осы жылдың қаңтар айында құрылған. Мұндағы мамандардың негізгі міндеті отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық деректерін анықтау, алдын алу және тоқтатуға бағытталған. Сонымен қатар зардап шеккендердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға басымдық береді.

«Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылы Қылмыстық кодекстің 106, 107, 120, 102, 108-1, 109-1, 293, 378 және 380-баптары бойынша 101 қылмыс тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 145-ке жетті. Сондай-ақ 2025 жылғы үшінші тоқсанда Полиция департаментіне отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты 4 163 арыз және өтініш түскен (2024 жылы – 3 914). Оның ішінде 1 364 өтініш расталмаған және тергеу нысанын тоқтату негізінде жабылған, ал 2 799 іс бойынша процессуалдық шешімдер қабылданған», дейді Д.Кинжеханова.

Бөлім басшысының айтуынша, 793 жағдай маскүнемдік, 662 жағдай қаржылық-тұрмыстық қиындықтар, 596 жағдай қызғаныш сезімі салдарынан болса, 412 жағдайға туыстар арасындағы жанжал себеп болған, ал балаларды тәрбиелеу мен қамқорлық мәселелерінен туындаған бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы дау-дамай 323 деректі құраған.

Кейінгі жылдары нәзік жандылар арасында тіркелген суицид жағдайы да жан түршіктіреді. Отбасылық және әлеуметтік мәселелер де әйелдердің жанын аяздай қаритын шығар. Кім білсін? Әйтпесе, адам баласы өз-өзіне еріккеннен қол салмаса керек.

«2025 жылдың 9 айының қорытын­дысы бойынша Жамбыл облысында әйелдер арасында 24 суицид жағ­дайы тіркелді (2024 жылы – 36). Оның ішінде 19 жағдай қайғылы жағдай­мен аяқталса, бесеуі өз-өзіне қол жұм­сау әрекеті ретінде тіркелді. Бұл көрсет­кіштің төмендегенін білдіреді», дейді бөлім басшысы.

Арнайы құрылған бөлімшенің қызметкерлері суицидке итермелеген немесе психологиялық қысым жасаған тұлғаларды анықтауға қолдан келгенше күш салып жатыр. Профилактикалық шаралар да дер кезінде қолға алынған. Соған қарамастан соңы өкінішке алып келетін деректер тіркеліп жатқаны толғандырмай қоймайды.

Осы жылы ашылған бөлім басшысы­ның айтуынша, үшінші тоқсанда өңірдегі дағдарыс орталықтарына 85 әйел, 233 бала орналастырылған. Ондағы қызметкерлер келушілерге заңдық, психологиялық әлеуметтік қызметтер ұсыныпты. Ал сенім телефонына хабарласқан 1 375 әйел қажеттілігіне сай көмек сұраған. Бұдан өзге де біршама жұмыс атқарылған.

Кейінгі уақытта Жамбыл облысында жұрттың жанына батқан жайсыз оқиғалар жиі тіркеле бастағаны белгілі. Жаңа оқу жылының алғашқы айындағы үш бірдей жасөспірімнің қайғылы оқиғасы жергілікті атқарушы билік өкілдерін дүр сілкіндірді. Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев салаға жауапты орынбасары Серік Сәлемовке сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданса, бірнеше шенеунік қатаң сөгіс алған еді.

Жалпы, өңірдегі жасөспірімдер арасындағы оқиғалар, әйелдер ара­сындағы суицид, отбасылық зорлық-зомбылық деректері кімді де болсын, толғандырмай қоймайды. Әрине, бұл – қоғамдық проблема. Бәрі де отбасылық тәлім-тәрбиемен ұштасып жатыр. Десе де, жергілікті атқарушы билік өкілдерінің де мойнына артылған жауапкершілік жүгі ауыр.

Өңір басшысының орынбасары Серік Сәлемов жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің алдын алу бо­йынша қолдан келгенше жұмыс істеуге бекініп отыр. «Жол картасын» әзірлеу арқылы қоғамда орын алған осындай өзекті мәселелерді болдырмауға күш салуға ниетті секілді. Алайда жақында ғана басшысынан «сөгіс» алған орынбасар мойынға артылған жауапкершілік жүгін ойдағыдай алып жүре ала ма, жоқ па? Қалай болған күнде де Жам­был өңіріндегі өзекті мәселелер назарымыздан тыс қалмақ емес.

 

Жамбыл облысы