Аймақтар • Бүгін, 08:50

Достық үйі ғимараты бой көтереді

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздегі ең алғашқы достық үйі 1992 жылы Өскеменде құрылған еді. Сондықтан да Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Дос­тық үйлерінің тұңғыш республикалық конгресінің Шығыста өткені құба-құп. Екі күнге созылған іс-шараға еліміздің бар­лық өңіріндегі 100-ден аса Достық үйі­нің, этно­­мәдени бірлес­тік­тер­дің, мемлекеттік органдардың өкілдері, сарап­шылар мен жастар қатысты.

Достық үйі ғимараты бой көтереді

Жиында сөз алған облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ассамблея атқарып жатқан жұ­мыстардың маңызына тоқталып өтіп, Өскеменде достық үйінің жаңа ғимараты бой көтеретінін айтты.

– Біздің ортақ міндетіміз – әр ұлттың дәстүрлерін сақ­тап қана қоймай, оларды жаңа мазмұнмен байытып, ке­лер ұрпаққа аманаттау. Дос­­тық үйлері – бірлікті нығай­тудың, қоғамдық келісім мен эт­носаралық диалогті дамы­тудың негізгі тірегі. Өскемен қаласында 33 жыл бұрын Қазақ­стандағы тұңғыш Достық үйі ашылған еді. Бүгінде мұндай орталықтар еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс істеп тұр. Ендігі мақсатымыз осы мол тәжірибені нығайта түсу, – деді Н.Сақтағанов.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Шығыс Қазақстандағы 8 Достық үйінің қоғамды біріктіру миссиясын жемісті жүзеге асырып отырғанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар әрқайсымыздың тарихи отанымыз Қазақстан екенін еске салды. Жұмыс бөлмелеріне өзге мемлекеттің туы мен Қазақстан туын қа­тар қоюдың қажеті жоқ еке­нін ескертті. Конгрессте этнос­аралық келісімді нығайту тетіктері талқыланып, Достық үйлерінің үздік тәжірибелері де ортаға салынды.

– Ассамблеяның 30 жылды­ғына орай Достық үйлерінің рес­публикалық І конгресі құт­ты болсын! Қазақстан халқы­ның Достық үйі ең алғаш Өске­менде құрылса, алғашқы конг­ресс те осында өтіп жатыр. Осы уақыт ішінде бір шаңы­рақ астында өмір сүріп жатқан елдің бірлігі нығайып, берекесі артты. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар жалғасын табады. Айтарым, елімізде бір Президент, бір ту, бір ғана мемлекеттік тіл барын ұмытпайық, – деді ҚХА төр­ағасының орынбасары Марат Әзілханов.

Екі күнге жалғасқан конгресс Риддер қаласында қоры­­тындыланады. Онда «Ас­самблея жастары» жастар мек­тебі ашық диалог, еркін пікір алмасу форматында өтіп, эт­нос­аралық келі­сімге қатысты алда­ғы жұмыстың бүге-шігесі талқыға салынды.

– Достық үйлерінің басшы­ларының бас қосып жатқа­нына қуанып жатырмыз. Осы уақыт ішінде мәдени қызмет­керлермен, этнобірлестік­тер­мен, жастармен көп жұмыс атқарып келеміз. Бүгін тәжірибе алмасып, басқалардың жобасымен етене танысып жатырмыз, – деді Павлодар өңірінен келген Достық үйінің басшысы Нүрия Көбенова.

Айтылғандай, еліміздің әр ай­мағынан келген Достық үйінің басшылары бір-бірімен тәжірибе алмасып, арқа-жарқа болысты. Тәуелсіздігіміздің мыз­ғымас діңгегі болып тұрған да осы мәдени қызметкерлер десек, артық айтпағанымыз шығар.

 

Шығыс Қазақстан облысы