Еңбек • Бүгін, 08:53

Темірден түйін түйген

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел ішінде адал еңбегімен дараланып, жылдар бойы жиған тәжірибесін кейінгі толқын жастармен бөлісіп жүрген азаматтар баршылық. Төңірегі темір жонушы ретінде таныған Ғалымжан Сүгірәлиев жасы алпыстан асса да, темірден түйін түйіп жүр. Өз ісінің білгірі атанған азаматты айналасындағылар абзал аға, білікті маман ретінде құрметтейді.

Темірден түйін түйген

Ғ.Сүгірәлиев Меркі ауданындағы кәсіптік колледжде студенттерге сабақ береді. Ол сом темірді қиыстырып қана қоймайды. Сәнін келтіріп дәнекерлейді, тіпті бірнеше құрастырмалы құрылғы­лардың да авторы атанып үлгеріпті. Аптал азамат кейінгі толқын інілерінің осы мамандықты бір кісідей меңгергенін қалайды. Содан да болса керек, бар біл­генін шәкірттеріне ынта-шынтасымен үйретіп жатады.

«Әр адам өз жұмысын жанындай жақсы көруі керек. Өз басым қандай да бір жобаны қолға алғанда басқа шаруаның бәрін ұмытып кетемін. Өйткені істеп жатқан жұмысты барынша сапалы орындау қажет. Оған жылдар бойы жи­наған тәжірибе аздық етеді. Жан жүрегіңмен сезініп, жан-тәніңмен беріліп жұмыс істегенде ғана ойға алғаң жобаң айтарлықтай сәтті шығады. Ең бірінші кезекте темір жонушы сызбаны жазбай тануы, сезінуі керек. Өйткені ол – басты құжат. Құжаттағы сызбадан ешқашан ауытқуға болмайды. Сәл қиыс кессең, атқарған жұмысың текке кетеді. Бәрін қайта бастауға тура келеді. Сондықтан да барлық жұмысқа байыптылықпен, сал­қынқандылықпен қараған абзал. Жеті рет өлшеп, бір рет кескен адам еш­қашан ештеңеден ұтылмайды. Өмірлік тәжірибемде осыны анық түсіндім. Кейінгі жастардың мұны ешқашан қаперден шығармағаны жөн», дейді маман.

Бар шаруа студенттерге дәріс оқумен бітпейді. Олар темірден түйін түюдің қыр-сырын тереңірек меңгергісі келеді. Сол тұрғыда Ғ.Сүгірәлиевтің шеберханасына барып, теорияны тәжірибемен ұштастыруға ден қоятындар да жеткілікті. Өз ауласы маңынан шеберхана ашып алған  Ғ. Сүгірәлиев жылдар бойы жинаған білімін шәкірттерінің бойына дарытудан еш жалыққан емес. Қайта адал еңбекпен нәпақа тапқысы келетін жастардың талабына дән риза.

«Шын шебердің дәрісін тыңдау мен тәжірибесіне терең бойлаудың өз артық­шылығы бар. Ол кісі бізге темірдің сан түрін жіктеп, талдап айтып отырады. Сол темірмен қалай жұмыс істеу керектігін үйретіп жүр. Біз де қолдан келгенше үйреніп жатырмыз. Әзірге білгеніміз аса көп емес. Сондықтан да біз меңгеруге тиіс дүние әлі де жеткілікті. Білікті маманнан тәлім алып жүргенімізді қай кезде де мақтан тұтамыз. Өйткені бұл кісі өзі терең ізденіп қана қоймай, шәкірттерін де еңбекқорлыққа, төзімділікке баулып жүр. Өз ісінің білгірінен алған біліміміз болашақта кәдеге жарайтынына сенім мол. Алдыңғы толқынның іскерлігі, өмір­лік тәжірибесі, жұмысқа асқан жауап­кершілікпен қарайтын қасиеті – бізге үлгі. Жауапкершілік бар жерде жұмыс алға жылжиды, нақты нәтиже шығады», дейді Ғалекеңнің шәкірті Байрам Байрамов.

Қай кезде де жаңашылдыққа ұмтылған маман қазіргі кезде ескі тракторды жөнге келтіріп, егіс дәніне арналған арнайы елек құрастырып жатыр. Тұқым тазалайтын құрылғы қозғалтқышын кір жуатын машина моторынан әзірлепті.

«Еңбек адам баласын тәрбиелейді. Сондықтан да жастар темірден қаймық­пауы керек. Қайта оның сырына тереңірек қанығып, жаңа дүниелерді жасауға тырысқан абзал. Сонда ғана қолға алған ісің өнеді, көңілден шығады. Адам шабытпен жұмыс істегенде ғана ойдағыдай нәтижеге қол жеткізеді. Кейінгі толқын осыны жете түсінгені жөн», дейді ол.

Өз жұмысын жанындай сүйген азаматтың еңбекқорлығы тәнті етпей қоймайды. Темір жонудың қыр-сырын толық меңгерген маманның кейінгі ұр­паққа берері мол. Осыны түсінген жас­тардың бұл мамандықты игеруге деген талпынысы көңіл тоғайтады.

 

Жамбыл облысы,

Меркі ауданы