Еңбек • Бүгін, 07:53

Тазалық та адалдыққа тәуелді

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бақытбек Қалдыбаевтың мектептегі ең сүйікті пәні – еңбек сабағы болыпты. Мүмкін мұғалімнің мықтылығы шығар, дәл осы сабаққа келгенде айналасының бәрін ұмытып, іске бар ынтасын салатын. Сондайда «шіркін, басқа пәнді азайтып, тек осы сабақты оқыта берсе ғой» деген бала қиялына қазір өзі күледі.

Тазалық та адалдыққа тәуелді

Кейде бұрынғы мен бүгінгіні ойша салыстыратыны бар. Сондайда балаға жұмыстың қадірін кішкентайдан ұғындырып өсіретін баяғылардың ұстанымы еске түсе кететін. Қорадағы азын-аулақ малын қарап, есігінің алдын айнадай қылатын балалар сабаққа да үлгеріп жатушы еді. Оны былай қойғанда өзгеге де көмек көрсетіп, қолғабыс тигізетін сол оқушылар болатын. Мұны көріп өскендердің ешқайсысы қара жұмыстан қашқан емес. Кез келген шаруаға білек сыбана кірісіп кететін.

Мектепті бітірген 1989 жылы құрылысшы болып шыға келді. Әскерден кейін де көп ойланбай осы салаға оралды. Қаладағы бірқатар ғимараттың бой көтеруіне үлес қосқан шебер тасқалаушы болды. Кейін өзіне кафель жапсыруды да сеніп тапсыратындар көбейді. Аулаға төселетін өрнектасты та теп-тегіс етіп жымдастыра қоятын шеберлігі бір бөлек әңгіме. Жұмысын шала істеп, беті қызарған кезі жоқ. Қайта ісіне ықтияттығы, кәсібіне адалдығы басқаларға үлгі болды. Бірақ жасы елуге жақындағанда бұрынғыдай емес, құрылыстың өзіне ауыр тие бастағанын байқады. Қимаса да құрылысшылықты қоюға тура келді. Сол күні өзін қоярға жер таппай, бір қызық жағдайды бас­тан кешті. Бір күн де бос отырып көрмеген адам мұндайда өзін керексіз сезініп, қатты қиналатынына көзі жетті. Көп ұзамай жұмысқа қайта шығып, «Қызылорда тазалығы» мекемесі жұмысшыларының қатарын толтырды. Оған да міне алты жылдан асып барады.

– Жұмыс барысында талай жағдай болды. Қарға адым жердегі жәшікке қоқысын тас­тауды қиынсынатындарды да көрдік. Ауладан ұзамай, қолын­дағы қоқыс толы пакетті лақтыра салатындардың көбі балалар. Ескертіп айтсаң, өзіңе алайып қарайды. Осыдан-ақ үйінде үл­кендердің оған тазалық, еңбекті бағалау жайлы ештеңе айтпағаны аңғарылып қалады. Оларға ақыл айтады дегендердің арасынан «бұл менің жұмысым емес» деген ойда жүргендер баршылық. Тіпті сен есігінің алдын айнадай қылып тазартып жатқанда терезеден қызықтап тұратындарға не айтасың. Осыдан да мектеп бағдарламасына тазалықты арнайы пән ретінде кіргізіп, балаларды ерте бастан соған баулыған жөн бе деген ойға келесіз. Тіпті бұл істің маңызы туралы шағын көріністер түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратқан да артық болмас еді. Қолындағы алақандай телефонның айтқа­нымен жүретін балалар сонда ойланар бәлкім, – дейді Б.Қалдыбаев.

Тазалықшының жұмысы қа­шан да қарбалас. Қатты шар­шасаң да жып-жинақы болған көше көңіл тоғайтады. Қазір мекемеде арнайы техника қатары көбейді. Қар күрейтін, шаң сорып алатын түрлері де бар. Бірақ адамның қол күші әрдайым керек. Мекемедегі жұмысшылардың дені 40-50 жастан асқандар. Аптасына бір-ақ күн демалатын, қыстың аязы мен жаздың аптабына қарамайтын тазалықшының тірлігі оңай емес. Таңмен таласа іске кірісіп, кеш бата толас табатын тазалықшы жұмысын ауырсынған жастар жағы көп тұрақтай бермейді.

«Таза Қазақстан» экоакция­сы саланы алға бастыруға сеп болды. Бастама жүзеге асырыла бастағалы бері жұрттың қоршаған ортаға деген көзқарасының өз­гергені байқалады. Сенбіліктер жиі ұйымдастырылып, ортақ іске үлес қосқандар қатары көбейді. Осының арқасында Қызылорда қазір еліміздегі ең таза қала атанып отыр, – дейді ол.

Кейіпкеріміздің сөзінің жаны бар. Қазір облыс орталығы, аудан­дар мен ауылдарда көшелер ке­ңейіп, жұрт демалатын алаң­дар көбейді. Бұл жаңалықта Б.Қалдыбаев секілді кәсібіне адал жүздеген жанның үлесі бар.

 

ҚЫЗЫЛОРДА