Аймақтар • Бүгін, 09:10

Өскеменнің өніміне шетелден сұраныс көп

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аймағымызда шөлден гөрі өзен мен көл көп. Сулы да, нулы жер болған соң балық шаруашылығы шығыста дамылсыз дамып келеді. Соның бірі әрі бірегейі – «АС» сауда-өндірістік бірлестігі. Бұл балық өңдеу кәсіпорнынан шығатын отандық өнім алыс-жақындағы шетелдік тұтынушыларға да жол тартады. Заманауи технологиямен өндірілетін өнімнің сапасы жоғары, бағасы қолжетімді.

Өскеменнің өніміне шетелден сұраныс көп

Суретті түсірген – автор

Өскемен қаласының қақ төріндегі алпауыт өндіріс оша­ғын­да ұзын саны 335 адам жұ­мыс істейді. Кәсіби мамандар ай сайын орта есеппен 60 тонна өнім шығарады. Әсіресе оның ішінде бақтақ балығына шетел­дік тұтынушылардан сұраныс жоғары. Иә, сапалы тауар сөре­лерде сүрленіп жатпайды.

Судан жаңа суырған балықты кәсіби мамандар турап, сұрыптап сан түрлі өнім шығарады. Қала тұрғындары үшін кәсіпорын іргесіндегі дүкенде арзан баға­да балық, майға араласқан уыл­­дырық сынды өнімдерін сау­далай­ды. Құтысы сәнді бұл өнім­дер дәмді де. Ал жасалуы оңай емес­тей көрінді. Сан түрлі сұрып­таудан, он түрлі өңдеуден өтеді.

– Біздің өндіріс 2004 жылы құрылған. Алғашында балық өнімдерін тұтынатындар аз болды. Десе де, Өскеменде өз сауда желімізді дамытып, жақын аймақтарға шыға алдық. Қазір Павлодар облысында, Астанада және Алматыда филиалдарымыз бар. Өнімнің сапасына, санитарлық жағына қатты мән береміз. Сонымен қатар жұмыс орындарын ашу арқылы аймақтың дамуына үлес қосып отырмыз, – дейді «АС» Сауда-өндірістік бірлестігінің директоры Александр Суховерхов.

Десе де, сапа мен бағаны қа­да­ғалау өте қиын көрінеді. Себебі шикізаттың бағасы үнемі өсіп отырады. Ал кәсіпорын мүм­­кіндігінше шикізатты көп көлемде сатып алып, жеңілдіктер жасауға тырысады. Ол үшін өнімді күн сайынғы тұтыну қажет­тілігіне қарай ғана жасалады. Ши­кізатты сақтау температурасы міндетті түрде бақыланып отырады. Суытқыш камералар­да қызмет ететін үш маман сақ­тау жағдайын қадағалайды. Техно­лог­тер де температуралық тәр­тіп­­ті бақылап, өнімнің дұрыс жағ­­­дай­да сақталуын қамтамасыз етеді.

Мұздатқыш камерасындағы арнайы аппарат мұз түйіршік­терін дайындайды. Түйіршікті қабаттың астындағы бақтақ балы­ғы толықтай қатпайды, тоңа­зыған күйде ғана жатады екен. Айта кетейік, кәсіпорын балықты ешқандай делдалсыз, тікелей өз шаруашылығынан аулайды. Жылына шамамен 120–130 тонна өнім осы кәсіпорында өңделеді. Тіпті азды-көпті форель де өсіріледі. Соның өзінде шикізат зертханалық тексерулерден өткізіледі. Байқағанымыздай, балықтың сыртқы түрі, иісі, микробиологиялық зерттеуден өтеді. Егер уылдырық болса, оны арнайы електен өткізеді. Содан кейін ішкі ағзалары алынып тасталады да құрсақ қуысы мұқият жуылады. Бұл өндірістегі алғашқы қадам. Содан кейін шикізат қажетіне қарай келесі цехқа жөнелтіледі.

Өзен жағалап өскен Ринат Байкенов балықтың бабын әбден меңгерген.  Ол өндірісте 11 жылдан аса еңбек етеді. Әуелде кәсіпорында жүргізуші болған ол бүгінде балық тұздау цехында технолог қызметін атқарады. Таптырмас маман.

– Тазаланып келген балық­тарды қол ар­баға со­ған тізіп, температурасы -22 гра­дус­­тағы ка­мераға кіргіземіз. Бір күн тұ­рып, әб­ден қатады. Ертесінде балықтың тем­­пе­­ра­­ту­расы -20 градустан кем болмауы ке­рек, – дейді  технолог Ринат Бай­кенов.

Одан шыққан балықты жұқа мұз қабатымен қаптайды. Тех­нологтің айтуынша, өнімдегі пайдалы қасиеттерін сақтаудың ең тиімді тәсілі осы. 

Ат шаптырым аумақты алып жатқан кәсіпорында мұздату цехы секілді ыстау бөлмесі де бар. Ыстау үдерісі өнімге әдемі түс, хош иіс беріп қана қоймай, оның ұзақ сақталуына да мүмкіндік жасайды. Арнайы пештерде ағаш түтінімен ысталған балықтың дәмі өзгеше болады.

– Балықты ыстамас бұрын суға салып аламыз. Содан соң сорғытып, түтінге қоямыз. Бес-алты күн ысталған бұл балықтың дәмі таңдайдан кетпейді, – дейді цех қызметкері Зайра Күжкаева.

Өндірісте бес-алты жылдан бері істеп жүрген ол тапсырысқа байланысты күніне шамамен 1,5-2 тонна балықты ыстауға жібереді. Демек, балықтың ысталған түріне сұраныс көп. Қақталған, ысталған, мұздатылған балық түрлерінен бөлек уылдырықтары өңделіп, құтыға құйылады. Айтпақшы, уылдырықтың майы да бар. Бағалы өнімнің дайындалуы да ұзақ уақытты талап ететін көрінеді. Ал қаптау бөліміндегі конвейер үздіксіз айналып тұрады. Мұндағы жұмысшылар да сол қарқынға ілесіп, жүйелі, жылдам қимылдауға тиіс. Бірі балықты кесіп үлестірсе, екін­шісі өлшеп дайындайды, үшін­шісі қаптаманың дұрыстығын тексереді.

«АС» сауда-өндірістік бірлес­тігінің басты міндеті, тұтынушыға таза әрі са­па­­лы өнім жеткізу. Жылдар бойы жинақ­талған тәжі­рибе мен жұмысшы маман­дардың күнделікті еңбегінің арқасында сапасы да, саны да артып келеді.

 

Шығыс Қазақстан облысы