Жұмыстар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқынына қарсы құрылыстарды нығайту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүргізіліп жатыр.
Реконструкциялау жұмысының мақсаты – құрылыстың беріктігін нығайту, елді мекеннің толыққанды қорғалуын қамтамасыз ету. Бөгетті толық реконструкциялау жобасына автожолдарды қалпына келтіру, темірбетон плиталарын төсеу, дренаж жүйесі мен абаттандыру кіреді. Жобаны жүзеге асыру мыңға жуық халқы бар «Тепличное» ауылын су тасқынынан қорғауды қамтамасыз етеді.
Үкімет елді мекендерді су тасқынынан қорғау жұмыстарын жүргізіп отыр. Су ресурстары және ирригация министрлігінің деректеріне сүйенсек, алты өңірде – Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру мен салу бойынша 57 жоба, оның ішінде 13 жаңа нысан құрылысы жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде 57 нысанның 40-ы аяқталды, 221 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, нығайтылды, бұл жұмыстың 91%-ын құрайды.
Жалпы, «Тепличное» ауылындағы қорғаныс бөгеті 1980 жылы пайдалануға берілген. Бастапқыда бөгеттің ұзындығы – 380 метр, орташа ені – 11 метр, орташа биіктігі 4 метр болған. 2024 жылғы су тасқыны кезінде СҚО Қызылжар ауданының аумағында жергілікті табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Есіл өзенінің тасуы салдарынан «Тепличное» ауылындағы қорғаныс бөгеті апатты жағдайға тап болды. 2024 жылғы су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары кезінде бөгеттің ұзындығы ұлғайтылды.