ЖОЛДАУ • Кеше

Инновациялық бағдар

80 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауын инновациялық жолдау деп айтуға болады. Себебі барлық саладағы жасанды интеллект жіпке тізгендей қамтылған. Бұл алда ЖИ арқасында революциялық жаңалықтар болады дегенді аңғартады. Ол үшін Қазақстан халқы жасанды интеллект ұғымын, оның сан-салалы сырларын, жақсы жағы мен қиындығын біліп алуы керек. 90-жылдары халық нарық экономикасын жете білмей, жайдақ атқа мінгендей күйде болды.

Инновациялық бағдар

Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Қандай да бір өркениет үшін ең басты басымдық – адами құндылық, содан кейін жасанды интеллект пен жаңа технология. ХХІ ғасырда жасанды интеллект адаммен тікелей байланыса бастады, ол экономиканы да цифр­ландырып тауар шығаруға көшті, денсау­лық саласынан бастап әлеумет­тік есептерді де шығаруда. Жасан­ды интеллектінің қауіп­сіздік­ке, киберқауіп сияқты қауіп-қатерге теріс әсері де болуы мүмкін. Теріс пиғыл­дылар жасанды интеллекті адамзатқа қарсы жойқын қару ретінде пайдаланылып кетуі де ғажап емес.

Жаңа технологиялардың дамуымен бірге кісінің ішкі жан дүниесі, өмір құқығының шектетілуі ең үлкен мәселе болып көтерілуге тиіс. Мұндай жағдайда адам өзін тыр жалаңаш жүргендей сезінері анық. Бүгін «адамның жасанды миын» жасап шығару үшін миллиардтаған ақша жұмсалып, он жылдан бері нейротехнология саласында ғылыми ізденіс жасалып жатыр. Сол жасанды интеллект, роботтар өмірімізге дендеп енбей тұрып, адам мен машина арасында қандай шектеу болуы керек, соны әзірден бастап анықтап алу керек. Осының жолын қазір іздемесек, кеш қаламыз. Біздің Парламент заңдар қабылдау керек. Егер бұл мәселе шешімсіз қалса, дүние асты-үстіне түсіп, адамзат апокалипсиске ұшырап, баяғы атам замандағы ескі өмір қайта басталуы мүмкін. Қазір адамзат өз миының мүмкіндігінің жоғары шегіне жетіп, енді интеллектуалды дәрежесі кему үдерісіне бара жатқандай. Себебі бүгінгі адам ойланғысы келмейді, ештеңеге бас қатырмайтын «жайлы аймаққа» кіріп алған. Жаңа технологиялар көз ілестірмей дамып, күллі әлемдегі адамзатты өз торына шырмауда. Бұл мәселе интернет шыққалы бері қатты біліне бастады.

Егер компьютер Мур заңына бағынып өте тез дамыса, онда оның мида ұстау қабілеті алдымыздағы 100 жылда өзінің интеллектуалды мүмкіндігі бойынша адамнан озады. Мұны айтқан марқұм Стивен Хокинг – өмір бойы ғарыштағы қара құрдымдар құпиясын зерттеген. Себебі ол жер бетінде адамзатқа төніп келе жатқан бір қауіптің барын ашық айтты. «Басқа планетаға қоныс аудару мәселесін қолға алуымыз керек, әйтпесе кешігеміз», деген Хокинг сөзін Илон Маск қолдап, тіршілік кешуге ыңғайлы басқа планетаны бағындыруға қадам жасап жүр. 

Сонымен, болашақта жасанды интеллект адамзатқа қызмет ете ме, әлде адамзат жасанды интеллектіге бағынышты бола ма? Рэй Курцвейлдың айтуынша, «сингулярлық күй» 2045 жылы күтілуде. Бұл дегеніміз, квантты компьютер арқылы адамның биологиялық ой-өрісі жаңа технологиямен қосылады. Ал одан кейінгі заманда адам мен машинаның ешқандай айырмашылығы болмайды. Бұл адамға не береді? Денсаулығыңды қалпына келтіретін чиптер, дене мүшелерін алмастыратын бөлшектер. Адам терісінің астына орналастырылатын чиптер, адам өмірін, әлеуметтік төлемдерді, банктегі ақшаларын жүйелейтін құрылғы. Соңғысынан бас тартқан жағдайда, әлеуметтік сақтандыру, т.б. қоғамдық жеңілдіктерден айырыласың, онсыз жұмысқа алынбайсың.

Адамның өмір сүру жасы ұзара­ды, өмір сүру салты, қорегінің сапасы жақсарады, бірақ жоғарыда айтқаны­мыз­дай, адам өмірі өз еркінде емес, үне­мі бақылауда болады. Себебі алдымызда біз білмейтін ауқымдағы өзгеріс кезе­ңі келе жатыр. Мұны «жаңа өркениет» деп айтуға бола ма? Қазір «Өзгерістер кезеңі» деп аталатын өтпелі заманда өмір сүрудеміз. Ақырын бір құдай біледі! АҚШ Президенті осыны ойлап, мил­лиардтаған қаражатты чиптер шығара­тын алпауыт зауыттар салуға бағыттады.

Алдағы өмірде, адам қандай болады, жасанды интеллект бой бермей кете ме, роботтар білгенін істей ме, оны білу мүмкін емес. Оны әлемдегі ең озық үлгідегі компьютер де модельдей алмайды.

Осыларға жауап беретін – сананың өзгерісі, нейробиологияның дамуы, жалпы ғылымның адамзатқа қызмет етуі. Әлем өзгеріп сана ғасыры өз жаңалықтарын әкеледі. Бұл жерде ең бастысы: адамзат екіге бөлінбей, бай кедей демей, жалпы өркениетке қызмет етсе әлем сақталады. Ғылым жалпы дамуға қызмет етеді, байлықты ғылым жасайды. Ол уақытта адамға керек пәтер, тамақ, киім, әлеуметті сұраныс  бәрі жеткілікті болады, тіпті артығымен шығарылады. 

Адамзат жаңа технологиялар арқылы қаншалықты алға кетсе де, басқа планеталарда тіршілік бар ма, жоқ па, оны әлі нақты анықтай алған жоқ. Біз қол жеткізген ғылым мүмкіндігі әлі де болса, айналамыздағы материялардың 5-ақ пайызын біле алады екен.

Бір мәселе анық: біз қаншалықты алға кеттік десек те, интернет, роботтандыру, жасанды интеллект т.б. дамыса да, бәрібір бір кездерде ауылға ораламыз. Себебі ауыл – қазақтың шыққан жері. Адам табиғат – анадан ажырап ешқайда кете алмасы анық. Жақында дайын атомнан кез келген затты құрастыруға қабілетті алғашқы нанороботтар жасал­мақшы. Ел Президенті айтқандай, осы жетістік ауыл шаруашылығында да қолданылады. Нанороботтар өсімдіктер мен жан-жануарларды алмастырып, азық-түлік өндіретін дәрежеге жетеді. Осыған сәйкес экологиялық жағдай жақсара түседі. Себебі өнеркәсіптің жаңа түрлері болашақта қалдық заттар шығармай, оның есесіне нанороботтар ескі қалдықтарды жояды.

Ауылда шығармашылық адамдары тұруға асығады деп ойлаймын. Таза табиғат қаланың аласапыран арпалысынан қашқан шығармашылық адамдарына жан тыныштығын, таза шабыт сыйлауы мүмкін. Сол үшін шығармашылық ауылдарын ашу – уақыт талабы болатын кез келеді. Қазірдің өзінде ауылға көңіл бөліне бастауы керек. Зиялы қауымға, бизнес өкілдері, есті азаматтарға «Баратын ауылыңды ертерек дайында, ауылдың тынысын ашуға қазірден көмектес» дегіміз келеді. Себебі болашақта ауыл­да тұрғысы келетін зиялылардың тізіміне кіре алмай қалуың мүмкін. ХХ ғасырда ауылдан қалаға тасысақ, ХХІ ғасырда қаладан ауылға баратын кезең келе жатыр.

 1959 жылы Нобель сыйлығының лауреаты, АҚШ физигі Р.Фейнман жеке атомдарды манипулятор көмегімен қозғалту мүмкіндіктері туралы алғаш баяндама жасаған еді.  Содан бері нанотехнология саласындағы зерттеулер практикалық маңызы зор нәтижелер беріп отыр. «Нанотехнология» деген сөзді қазақша түсіндіретін болсақ, ол «кішкентай өлшемді технология» деген мағынаны білдіреді. «Нано» сөзі – «миллиардтың бір бөлшегі» деген сөз. Қазір бұл ғылым дүниежүзі бойынша үлкен сұранысқа ие. Нанотехнологиялардың арқасында заманауи есептегіш машиналар мен өндірістік технологиялардың, сол сияқты, дәрі-дәрмектердің өндіріліп жатқаны белгілі.

Жаңа технологиялардың адам сен­бейтін жетістік-болжамдарын футурист Рэй Курцвейл жыл сайын жариялап отыр. Біз сол болжамдардың мүлтіксіз орындалып, өмірімізге біртіндеп еніп жатқанының куәгеріміз. Жақын арада дайын атомнан кез келген затты құрастырып шығаратын нанороботтар пайда болады екен.

Өкінішке қарай, елімізде жаңа технологияларды дамыту баяу жүріп жатыр. Ресей мемлекеті нанотехнологияны дамытуға миллиардтаған доллар бөліп, зертханалар ашып отыр. Бізге де қалыспау қажет. Бұған Президент жанындағы Ғылым мен технология туралы Ұлттық кеңес аса мән беру керек. Сана дағдарысын ертерек еңсермесек, келешекте кемелдікке жете алмаймыз. Қазір  адам есімінен басқаның бәрі цифрға тәуелді заман.

Бүгінде әлемдегі 7 миллиард адам­ның 6 миллиарды  ұялы телефон қол­данады. Интернеттің даму жылдамдығы сондай, біз сол қарқынға әлі ілесе алмай келеміз. Интернет барлығын бір арнаға тоғыстырды: бүгінде әлемде 1 трлн датчик интернетке қосылса,  алдағы уақытта  290 млн (22%) жеңіл машина интернетке қосылып, жол-көлік оқиғасының азаюына ықпал етпекші. Ел Президенті Жолдауда мың­даған адамның жол апатынан қайтыс бо­лып, не мүгедек болып жатқанына баса мән берді. Дамыған мемлекеттерде мұндай сұмдық жоқ. Қазір жасанды ин­тел­лектінің ең керек жерінің бірі – осы сала. Адам жанынан артық құндылық жоқ.

Чемберстің болжамы бойынша жақын арада  интернет нарығы 19 трлн долларға дейін өседі. Салыстырмалы түрде,  әлемнің ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) 100 трлн доллар шамасында екен, яғни бестен бірі деген сөз. Егер біз ғылым жаңалықтарын – компьютер тілін, жаңа интернет-технологияларды, бағдарламалық қамтамасыз етуді, роботтандыруды, цифрлық экономиканы  тез игермесек, заман көшінен қалып қоюымыз мүмкін. Алысқа бармай-ақ қояйық: кеше ғана КСРО құрамында болған Эстония бүгінде оқ бойы озық тұр. Біз КСРО ықпалынан шыға алмай, адасып жүргенде олар жаңа цифрлық электронды экономиканы құрып, ең озық инновациялық елдердің біріне айналды. Қазір Эстонияның жан басына шаққандағы ІЖӨ-сі 28000 доллардан асады, интернет жылдамдығы бойынша да көш бастап тұр.

Егер бұрын өндіріске керегі темір, ауыл шаруашылығы үшін жер қажет болса, қазір цифрлы дәуір келді. Экономикамыз ақпаратқа негізделіп отыр. Болашақта кім, қай ел тез арада көлемді ақпараттарды, интернет жүйесін, бірлестіктерді, желілерді, жасанды интеллектіні, геномиканы, «алтыншы-жетінші сезім» деп аталатын когнитивтік қабілеттерді тез игерсе, солар озып, әлемдік  көшбасшы болады. Қазіргі кезең  – VI-VII технологиялық тәртіптің заманы (ақпаратты-коммуникативті технология, нано-биотехнология, гендерлік инженерия, космосты игеру). Бұл  жағынан біз, әсіресе жаңа технология жағынан  кем дегенде, 30-40 жыл артта келеміз. Осыдан-ақ, Мемлекет басшысы неге жасанды интеллектіге айрықша мән бергенін аңғаруға болады.

Дамыған елдердің 75-77% астам табысы интеллектуалды экономика, адам капиталы және жоғарыда қамтылған салалардан тек 23-25%-ы негізгі қор, өндірістен, шикізатты игергеннен түседі екен. Біздің елде керісінше, табыс тек шикізатты, мұнай, газ,  қазба байлықтарды экспорттау арқылы түседі. Біз қалайда шикізат шығаратын ел санатынан шыққанымыз жөн.

Дәл осы жерде біз екі нәрсені ұштастыра білуіміз керек: бір жағынан әлемдік ғылыми-техникалық прогрестің жаңалықтарын игеру, екінші жағынан, адам капиталының сапасын қалай арттыратынымызды ойлау. Ат төбеліндей 20-ақ млн халқымызды қайтсек алдыңғы қатарлы, дамыған елдердің қатарына қосамыз? Міне, мәселенің түп-тамыры қайда жатыр. Ол үшін түбегейлі реформалар жасау керек. Озық тәжірибелі, дамыған Эстония немесе  басқа да елдерден үлгі алуымызға болады. Құр мақтанға салынбай, өзімізге ішкі аудит жасап, бар әлеуетімізді, мүмкіндігімізді есептеп, неге шамамыз келеді деген секілді, қажет басымдықтарды белгілеп, Жол картасын жасап, түбегейлі іске кірісу керек. Бұл мәселеде Үкіметтің жұмысы қыруар.

Тағы бір мәселе: цифрлық технология адам ағзасына қалай енеді? Бұл этикалық зәрулікті қалай реттейміз? Адам мен жасанды интеллект, роботтардың өзара әрекеті қандай болмақ — бір-бірін толықтыра ма, әлде алмастыра ма? Оларды адам басқаруы керек пе, әлде  шешім қабылдау үдерісінде жасанды интеллект басымдыққа ие бола ма? Сонымен қатар, деректер базаларын құру, геоинженерия, ғарышты игеру технологиялары сынды тың, маңызды салалар алда бүге-шігесіне дейін зерттеуді талап етеді. Бұл тұста біздің Ғылым және жоғары білім министрлігі, университеттер, ғылыми институттар мемлекеттік тапсырыспен, гранттық жобалар ұтып алып ізденіс жасауы керек.

Менің ойымша, адамзаттың дамуына тікелей әсер ететін басты екі фактор бар: біріншісі — ғарыш саласындағы ізденіс, яғни біздің бар өмір сүру мүмкіндігімізді кеңейту үшін жаңа планеталарды табу, екіншісі — адамның өмір сапасын жақсарту мақсатында жасанды интеллектіні игеру. Бұл екі міндетті «білімді қоғам» қалыптастырған кезде ғана тиімді жүзеге асыра аламыз. Осы орайда, Стивен Хокингтің мына сөзі еріксіз ойға оралады: «Күн жүйесін ғылыми ізденіс арқылы игеретін уақыт келді. Мүмкін, өзімізді құтқарудың жалғыз мүмкіндігі ғарышты игеру ғана болар?». Бұрын Владимир Вернадский де осыған ұқсас пікір айтып кеткен еді. Осы орайда бізге кеңес одағынан қалған космостық орталық «Байқоңырдың» пайдасын жөндеп игеруіміз керек.

Сөз соңында айтарым біздің келе­шегіміз – бір аламан бәйге, топтан қара үзіп шыққан қос сәйгүліктің жарысы сияқты. Біреуі – көз ілеспей дамып келе жатқан алып жаңа технологиялар, екіншісі – адамның тума  ақыл-ойы, парасаты, рухани жан дүниесі. Ең дұрысы, осы екі тұлпарды жеке жібермей, бір-біріне бәсекелестірмей бүкіл адамзат тең мәреге жетуін көздесек, озар едік. Дегенмен де адамның ой-санасы, моралі, интуициясы, сезімталдығы адамзат дамуының мәдени-тарихи кезеңдерінен жақсысын алатынына сенемін! Егер біз 5 мың жылдық тарихы бар түркі тегімізді ескерсек, алдымыздағы асу –  жасанды интеллектіні де ауыздықтауға мүмкіндігіміз бар.

Ел Президенті ТМД елдерінің ішінде осы басты бағдарды – жасанды интеллектіні халықтың, жастардың алдына қойып отыр. Намысты қолдан жібермей, білім мен білікті шыңдап, биіктерді бағындыра берейік.

 

Оразалы СӘБДЕН,

Ұлттық құрылтай мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты