Үкімет • Бүгін, 09:00

Алматы әуежайын жаңғырту жайы қаралды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшы­сы­ның халықаралық авиация­лық хаб құру жөніндегі тап­сыр­ма­сын жүзеге асыру шең­­берінде Алматы қала­сы­­­ның әуежайын дамыту мәсе­­лесі бойынша кеңес өткізді.

Алматы әуежайын жаңғырту жайы қаралды

«TAV Airports Holding» бас директоры Серкан Каптан мен Алматы халықаралық әуежайының президенті Гөкер Көсе Horizon компаниясының 2050 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасын жүзеге асыру барысы туралы баян­дады. Қазір ішкі рейстер терминалын реконструкциялау, мұздан тазартатын заманауи платформасын құру, жақын маңдағы тұрғын үйлерді шудан оқшаулау және басқа да жұмыс жүргізіліп жатыр.

Жалпы, тұжырымдамада негіз­гі жолақты толық реконструк­циялау арқылы үш ұшу-қону жолағынан тұратын жүйе құру, жүк перронының құрылысы, логис­­тикалық, қойма кешендерін, жолаушыларға арналған зама­­науи инфрақұрылымды салу сын­ды тағы басқа бірқатар жұмысты жүзеге асыру көзделген. Жаңғырту жұмысы 2050 жылға қарай әуежайдың жыл сайынғы өткізу қабілетін 55 млн жолаушы, 500 мың тонна жүкке дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бүгінде әуе айлағы жылына 12 млн-нан астам жолаушыға қызмет көрсетіп, елімізде авиатасымалдау көлемінің 70%-ын қамтамасыз етеді.

«TAV Airports Holding» бас­шылығы бүгінге дейін 260 млн доллар инвестицияланғанын хабарлады, сондай-ақ жобаның барлық кезеңінің жедел орындалуы үшін әуежай пайдасын одан әрі қайта инвестициялауға дайын екенін растады.

Олжас Бектенов Алматы қаласы­ның әуежайы Президент тапсыр­масымен еліміздің алты қала­сында құрылып жатқан біртұтас экожүйе тізбегіне кіреті­нін атап өтті. Жаңа деңгейдегі инфрақұрылымды құру, әуе айлағының өткізу қабілетін арттыру үшін барлық жұмысты уақтылы аяқтаудың маңыздылығын айтты.

Нысанның қолжетімділігі мәселелерін шешу, азаматтарға қолайлы болуын қамтамасыз ету үшін әуежай аумағын айналып өтетін, қалалық автомагис­тралды, Үлкен Алматы айналма автожолын, жүк кешенін,  әуежай маңында айналма жол салу мәселелері қаралды. Авиаотынды жеткізу мен сақтаудың тұрақты жағдайын қамтамасыз етуге назар аударылды.

Жиын қорытындысында Премьер-министр салалық министрліктер мен Алматы қала­сы әкімдігіне реконструкциялау жұмысының сапалы әрі уақтылы аяқталуын жіті қадағалауды тапсырды.