Фото: Энергетика министрлігі
Ақкенженов атап өткендей, АҚШ компаниялары Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған сияқты ірі жобаларда негізгі серіктестер болып табылады. Сондай-ақ Қазақстанның энергетикалық әлеуетіне сенім білдіретін алғашқы инвесторлардың бірі.
«Қазақстанда іске асырылып жатқан жобалар біздің америкалық әріптестеріміздің жаһандық портфельдеріндегі негізгі активтерге айналды. Бұл жобалардың ауқымы Қазақстанның әлемдік энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі стратегиялық маңыздылығын көрсетеді әрі өзара тиімді ынтымақтастықтың айқын дәлелі болып отыр», деді министр.
Кездесуде жаңа кен орындарын игеру жоспарлары мен ірі бірлескен жобаларды іске асыру жолдары талқыланды. Сондай-ақ, Каспий құбыр консорциумының тұрақты және сенімді жұмысын қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
Даг Бергум Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жоғары бағалап, ірі америкалық мұнай-газ компанияларының ұзақ мерзімді табысты қызметі бұған дәлел екенін айтты. Ол энергетика саласын цифрландыру бағытында бірлескен жобаларды дамытуға АҚШ тарапының мүдделі екенін атап өтті.
Кездесу екі елдің энергетикалық серіктестікті нығайтуға, ұзақмерзімді және өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға деген ниетін растады.