ЖОЛДАУ • Кеше

Мұнай-газ химиясы өнеркәсібіне серпін беретін жоба

210 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ел Президентінің мұнай-газ химиясы өнеркәсібінің кластерін дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес Атырау облысында полиэтилен кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – аталған өңірде қолға алынған екінші жоба.

Мұнай-газ химиясы өнеркәсібіне серпін беретін жоба

Кешен құрылысына 254 гектар жер телімі бөлінген. Жобаның үш акционері бар. Оның бірі – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ 40% үлеске иелік етеді. Ал «Sinopec Overseas Investment Holding» компаниясы мен «Сибур Хол­динг» ЖАҚ-тың үлесі – 30%. Алайда жобаны іске асыру «Силлено» компаниясына жүктеліп отыр.  

Компанияның бас директоры Мұхтар Авутбаевтың айтуынша, кешен ак­ционерлердің қаржысы мен халықаралық банктерден алынған несиелер есебі­нен қаржыландырылады. Кешенде полиэтиленнің жоғары сұранысқа ие әрі әмбебап екі түрін шығару көзделген. Мұндай шешім жаһандық үрдістер мен еліміздегі импорт көлемі, сондай-ақ нарықтағы сұра­нысты зерттей отырып қабыл­данғаны анық.

Сала мамандарының пікірінше, кейінгі жылдары тығыздығы төмен сызықтық полиэтиленнің маңызы артып тұр. Сапалы әрі экономикалық тұрғыдан тиімді пленкалар, орама қаптамалар, құбыр жабын­дары мен кабель оқшаулағышын шыға­руға кеңінен қолданылады.

Аталған полиэтиленнің бірнеше ерек­шелігі бар. Біріншіден, мұндай мате­риал беріктігімен, екіншіден, икем­­ді­лігі­мен, үшіншіден, энергияны үнем­­дей­тіні­мен ерекшеленеді. Төр­тінші­ден, иіл­гіш әрі су сіңірмейтін қа­сиеті бар. Бесін­ші­ден, тығыз құрылы­мы­ның ар­қа­сында

LLDPE механикалық жүкте­ме­­лерге, жоғары соққы мен жыртылып ке­туге төтеп береді. Бұл оны қаптама, ауыл ш­аруашылығы, құрылыс, автокөлік өнер­кәсібі үшін таптырмас шикізат етеді.

Кешенде бастапқыда полиэтиленнің екі түрін шығарып, кейін өнімнің кең ассортиментін 22 маркаға жеткізу жос­парланып отыр. Мұндай өнімдердің 40%-ы премиум-класс санатына жатады. Демек өнім сапасы жоғары болады. Бұған «Axens» (Франция), «Univation Technologies», «Chevron Phillips Chemical» (АҚШ) секілді мұнай-химия саласындағы әлемдік көшбасшы компаниялармен жасалған лицензиялық келісімдер нәти­жесінде қол жеткізілді.

«Жаңа жобаны іске асыру еліміздің ішкі жалпы өнімінің көрсеткішін 1,2%-ға ұлғайтуға жол ашады. Полиэтилен кешені 2029 жылы іске қосылуға тиіс. Сол кезде импортталатын полиэтилен көлемін отандық өніммен алмастыруға, оның экспортын қосылған құны жоғары өнім­мен ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жоба ел экономикасына мультипликативтік оң әсерін тигізеді. Еліміздегі ұқсас салалар мен түпкілікті өнім шығаратын жаңа өндірістерді дамытуға ықпал етеді. Өйткені полиэтилен – әлемдегі ең көп сұранысқа ие пластик. Бұл өнім эко­номиканың барлық саласында қолда­нылады», дейді М.Авутбаев.

Бас директордың мәліметіне сүйенсек, полиэтилен кешенінің қуаты – жылына 1 млн 250 мың тонна. Жобаға салынған инвестициялық қаржының көлемі 3,2 трлн теңгені құрайды.

«Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіндегі ең ірі инвестициялық жоба аясында шы­ға­рылатын полиэтилен – қосылған құ­ны жоғары өнім. Оны шығару үшін «Теңіз» кен орнынан құрғақ газдың этан, про­пан секілді майлы фракцияларын қол­дану жоспарланып отыр. Аталған ке­ніш аумағында салынып жатқан газ-сепа­ра­циялық кешеннен магистральды құбыр арқылы 1,6 млн тонна этан, 270 мың тонна пропан жеткізіледі», дейді М.Авутбаев.

«Силлено» компаниясының құрылыс жөніндегі директоры Әсет Нөгербековтің дерегіне қарағанда, кешен құрылысы қарқын алған кезде жұмыс істейтіндер саны 8 мың адамға жетеді. Кешен іске қосылған кезде 850 адам тұрақты жұмыс­пен қамтылады. 

Қазір кешен алаңындағы құрылыс жұмысына 775 адам мен 170 техника тартылыпты. Бірінші негізгі қондырғы – пиролиз құрылысы жалғасып жатыр. Жобалау, сатып алу мен құрылыс кезеңдерін қоса алған­да, пиролиз қондырғысындағы жал­пы жұмыс көлемінің 30%-дан астамы орын­далыпты. Ал пиролиз қондыр­ғысы­ның алаңында қада қағу, іргетас құю жұмыс­тары қолға алынды. Осы кезге де­йін 17 962 қаданың 10 200-і қағылып­ты. Қада­лар Атырау, Ақтөбе, Орал және Алма­ты­дан жеткізіледі. Жыл соңына дейін жос­пар­ланған 10 000 текше метр бетондау жұмыс­тарының 5 300 текше метрі орындалыпты.

«Полимерлеу қондырғысын салу үшін жер жұмыстары басталды. Бұл – полиэтилен өндіруге арналған екінші негізгі қондырғы. Оның құрылысын жүргізу үшін «Tecnimont S.p.A.» (Италия) және «SINOPEC Shanghai Engineering Co.» (ҚХР) компаниялары біріккен консорциум құрылды», дейді М.Авутбаев.

Құрылыс жұмыстарын атқаратын қосалқы мердігерлер қатарында жергі­лікті 10 компания бар. Соның бірі – «Аты­рауНефтеМаш» ЖШС. Бұл компания пиролиз қондырғысына арналған тағы бір маңызды элемент – су дайындау жүйесінде еріген газдарды жоюға арналған деаэратор жабдығын дайындайды. Осы мақсатта «Тecnicas Reunidas» және «Sinopec Engineering Incorporation» консорциумы «АтырауМұнайМаш» ЖШС-мен ынтымақтастық туралы келі­сім­ге қол қойды.

Соған сәйкес аталған серіктестік полиэтилен өндірісіне қажетті бірнеше жабдықты дайындап жатыр. Оның ішінде пиролиз қондырғысының құрамында кіретін екі ірі жабдық бар. Бірі – суыту бағаны. Оның салмағы 700, биіктігі 51 метрге жетеді. Ал екіншісі этиленді бөлу бағаны алдыңғысынан екі есеге ауыр. Нақты­лай айтқанда, аталған бағанның сал­мағы 1 470 тонна болса, биіктігі – 101 метр. Жақында жергілікті компания тағы бір тапсырысты орындауға кіріс­ті. Бұл – пиролиз қондырғысы үшін су да­йындау жүйесінде еріген газ­дар­ды жою­ға арналған деаэратор жабдығы.

«Силлено» компаниясы жергілікті мамандарға баса назар аударып отыр.  Қазір компания қызметкерлерінің шамамен 90%-ын ел азаматтары құрайды. Олардың жартысына жуығы Атырау облысынан жұмысқа алыныпты.

«Алдағы төрт жылда Қазақстаннан 140 жас маманды Испанияда инженерия саласына оқытуды жоспарладық. 35 жас инженер «Tecnicas Reunidas» компаниясының Мадрид қаласындағы бас кеңсесінде оқу бағдарламасының тәжірибелік кезеңін бас­тады. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен бірлесе жүзеге асырылып жатқан бағдарлама инжиниринг және жоба­ларды басқару саласында отандық ма­­ман­дарды даярлауға бағытталып отыр», деп ха­барлады компанияның баспасөз қызметі.

Бағдарламаның алғашқы теориялық кезеңінде жобалық инжиниринг негіздерін қамтуға арналып отыр. Ал екінші кезеңде қазақстандық мамандар Испанияда компанияның салалық департаменттерінде тәжірибеден өтеді. Жыл соңына дейін қатысушылар алған білімін тәжірибеде қолданып, ірі өнеркәсіптік жобаларды іске асырудың заманауи әдістерін меңгереді.

Бірінші топтағы инженерлердің жартысын атыраулық жоғары оқу орындарының түлектері құрап отыр. Оның ішінде Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті мен APEC PetroTechnic жоғары колледжінің түлектеріне қоса, Қазақ-Британ техникалық универси­теті (Алматы), Nazarbayev University (Астана), Satbayev University (Алматы) және Yessenov University (Ақтау) сту­денттері бар. Олардың химиялық, құры­лыс, экологиялық, механикалық, аэро­ғарыштық инженерия, сондай-ақ үдерістерді автоматтандыру, басқару сияқты бағыттар бойынша инженерлік білімі бар.

Бұл еліміздегі мамандарға қандай артықшылық береді? Біріншіден, тәжі­рибелік кезең жергілікті мамандарға кәсіби құзыретін арттыруға, халықаралық тәжірибе алуға, ірі жобаларға қатысуға дайындалуға мүмкіндік береді. Екіншіден, бағдарлама аяқталған соң үздік түлектер «Силлено» жобасына – Атырау облысында салынып жатқан полиэтилен зауытының құрылысы жобасына немесе «Tecnicas Reunidas» компаниясының әлемдік жобаларына қосыла алады.

 

Атырау облысы