Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Орталықтың құрамында 1700-ден астам IT-компания бар, соның ішінде 450-і – шетелдік. «Astana Hub» басқарушы директоры Таңат Өскембаевтың айтуынша, Президент тапсырмасын орындау үшін олар үш негізгі бағытқа басымдық беріп отыр.
– Біздің бірінші бағытымыз – таланттарды қолдау. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Астанада биыл «Alem.ai» халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Бұл орталықта «Tomorrow School» жасанды интеллект мектебі, «TUMO» технологиялар орталығы, стартап-кампус, R&D-зертханалар және «AI-driven Government» аймағы орналасады. Негізгі мақсат – елімізді жасанды интеллектіге бағытталған мемлекетке айналдыру. «Alem.ai» ғылым, өнеркәсіп, креативті индустрия және мемлекеттік қызмет салаларында жаңа технологияларды дамытуға серпін береді. Жыл сайын 10 мыңға жуық дарынды маманды тарту, 1000-нан астам ЖИ маманын даярлау, 100-ге жуық стартап іске қосу және кемінде 10 ғылыми зерттеу жүргізу жоспарланған. Бұл еліміздің ЖИ шешімдерін экспорттауға, елдің технологиялық және экономикалық дамуына жаңа серпін беруге, Астананы Орталық Азиядағы жасанды интеллект технологияларының орталығына айналдыруға жол ашады. Екінші бағыт стартаптарды қолдау. «Astana Hub» стартаптарға идеядан бастап, халықаралық деңгейге дейінгі жолды өтуге жағдай жасайды. Біз командаларды барлық кезеңде қолдаймыз. Оларға салықтық жеңілдіктер, білім беру мен акселерациялық бағдарламаларға қатысу, халықаралық нарыққа шығу, инвесторлар мен мықты IT-қауымдастыққа қол жеткізу мүмкіндігін береміз, – дейді ол.
Қазіргі уақытта «Astana Hub»-та бірнеше бағдарлама іске асып жатыр:
- «Silkway Accelerator» – «Google for Startups»-пен бірге жүзеге асады. 1300-ден астам өтінімнің ішінен 62 стартап таңдалып, қатысып жатыр;
- «Hero Training» – Кремний алқабында «Draper University»-мен серіктестікте өтеді. 2023 жылдан бері 37 стартап қатысты, олардың бірі «CITIX» Тим Дрейперден $1 млн инвестиция тартқан;
- «Startup Garage» – 786 жобаны бастапқы кезеңде қолдады, олардың 259-ы оқу бағдарламасын сәтті аяқтап, түлектердің жалпы сатылым көлемі 495 млн теңгеге жетті;
- «AI’preneurs» – жасанды интеллектіге арналған флагмандық бағдарлама. 2024 жылдан бері 612 өтінім қабылданып, алғашқы легіндегі стартаптар $350 000 астам инвестиция тартты.
Сонымен қатар «Astana Hub» пен «Silkroad Innovation Hub» Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Дүниежүзілік банк және «FPIP» жобасының қолдауымен «AlchemistX & Silicon Valley Residency Program» бағдарламасын іске қосты.
– Бұл 5 айлық қарқынды жоба Кремний алқабында өтіп, стартаптарға АҚШ нарығына шығуға көмектеседі. Алғашқы келісімшарттар жасауға, инвестиция тартуға, менторлық қолдауға, зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ тұрғын үй мен халықаралық қауымдастыққа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Қазақстан АҚШ-та («SilkRoad Innovation Hub», Пало Альто), Ұлыбританияда (Лондон – «Eurasian Hub»), БАӘ-де (Дубай – «Tumar Innovation Hub»), Қытайда (Шанхай – «Khan-Tengri Innovation Hub») және Сауд Арабиясында (Эр-Рияд – «Al-Farabi Innovation Hub») халықаралық орталықтар ашып, цифрлық қызметтер экспортын қолдап, Орталық Азияны жаһандық экономикаға интеграциялап жатыр, – дейді Т.Өскенбаев.
«Astana Hub»-тың үшінші бағыты – стартаптарды нақты салаға енгізіп, бүкіл қоғам үшін тиімді шешім ұсыну. Осы ретте «Astana Hub» арнайы технологиялық тапсырмалар платформасын іске қосқан. Мұнда компаниялар, жер қойнауын пайдаланушылар және мемлекеттік органдар өздеріне қажетті технологиялық шешімдерді жариялайды. Оларды стартаптар, IT-компаниялар, аккредиттелген ғылыми ұйымдар және жобалық командалар жүзеге асыра алады. Қазірде тау-металлургия кешені секторындағы ірі компаниялар өндіріс үдерістерін цифрландыру мен Индустрия 4.0 элементтерін енгізуге қатысты талап етілетін міндеттерін осы алаңда жариялап отыр.
– «Astana Innovations Accelerator» бағдарламасы қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған шешімдер әзірлейді. Жобалар сынақтан өтіп, мегаполиске бейімделеді. Бүгінде отандық стартаптар Орталық Азия, Таяу Шығыс, Еуропа нарығына шығып жатыр. «Astana Hub» халықаралық деңгейде танымал брендке айналды. Ең бастысы, мемлекеттік қызметтерді автоматтандырып, жасанды интеллектіні енгізіп, өндіріс тиімділігін арттырып ел ішінде цифрлық экономиканың дамуына үлес қосып жатыр. Мемлекет, бизнес және технологиялық қауымдастық бірігіп жұмыс істесе, еліміз толыққанды цифрлық ұлтқа айналу мақсатына жететініне сенімдіміз. «Astana Hub» осы үдерістің негізгі драйвері болып қала бермек, – дейді орталық директоры.
Жалпы, бүгінде жасанды интеллект мемлекеттердің технологиялық және экономикалық дамуының басты факторы болып отыр. Еліміз де осы бағытта жаңа буын мамандарын даярлап, жасанды интеллект технологияларын негізгі салаларға енгізіп, отандық жобаларды жаһандық нарыққа шығаруға белсене кірісті.