Суретті түсірген – Ақәділ Рысмахан
Үлкен сахнада Асқар Тоқпановтың бейнесі көрсетіліп, жасанды интеллект арқылы қайта жаңғырған даусы көпшіліктің назарына ұсынылды. Іс-шараға арнайы әзірленген миниатюралар мен көріністер көрерменді айрықша әсерге бөледі. Театр тойына арнайы қатысқан өңір басшысы Ербол Қарашөкеев қазақ сахарасының әр бұрышынан келген меймандарға құрмет көрсетті.
«Елімізде өнер мен мәдениетке, соның ішінде театр саласына тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді. Өйткені театр сахнасында көтерілген әрбір мәселе – қоғамның бүгінгі тынысы. Мұнда қойылым ғана емес, өмірдің өзі өріледі.
Президентіміз өз сөзінде: «Тәуелсіздік жылдарында мәдениет саласында көп жұмыс атқарылды. Сахна өнеріне құштар жастардың көбеюі – қуанышты жайт. Әсіресе аймақтарда театрларды салуға және дамытуға ерекше мән беру керек», – деп атап өткен болатын. Бұл бастама өңірімізде көптен бері көтеріліп жүрген мәселенің бірі – жастар театрының ашылуына түрткі болды. Халық сұранысын ескере отырып, «Тараз» жастар театры студиясы ашылып, өңірдің мәдени өміріне жаңа серпін берді», деген Ербол Шырақпайұлы мәдениетке қызмет еткен бірқатар азаматты «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, Құрмет грамотасымен және Алғысхатпен марапаттады.
КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі, театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов жүрек төрінде сақталған есті естеліктерін айтып, Асқар Тоқпановтың қазақ өнеріндегі орны туралы толғамды ойларымен бөлісті.
Фестиваль шымылдығы Мейрам Хабибуллиннің қоюымен С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалық драма театры сахналаған Георг Бюхнердің «Войцек» драмасымен ашылды. А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры фестивальдан тыс, қонақтарға арнап Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» трагифарсын қойса, Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық театры Ғабит Мүсіреповтің «Қозы мен Баян» трагедиясын ұйғыр тілінде көрермен назарына ұсынды.
Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры қойған Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» трагедиясында ақ пен қара, мейірім мен қатыгездік ұғымдары көрініс тапты. Режиссері Гүлназ Қамысбаева болған қойылымның бір ерекшелігі – мұнда тек нәзікжандар ғана өнер көрсетті. Р.Сейітметов атындағы Түркістан сазды драма театры Әлдихан Қалдыбаевтың «Жалғыз желкен» шығармасын сахналады. Режиссері – Айдар Наурызбаев. Мұнда сыбайлас жемқорлықпен күрес – оқиғаның негізгі өзегі. Тіпті үлкен лауазым иесі ешқандай кедергіге қарамастан жемқорлықтың тамырын үзбекші болады. Фестиваль шымылдығы Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры сахналаған Александр Володиннің «Кездесу мен қоштасу» атты драмасымен жабылды.
Республикалық театр фестивалінің қазылар алқасына Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркін Жуасбек төрағалық етті. Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай әл-Тарази, өнертану ғылымдарының кандидаты Бақыт Нүрпейіс, «Құрмет» орденінің иегері, режиссер Қуандық Қасымов, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Меруерт Жақсылықова қазылар құрамынан табылды.
«Үздік актерлік дуэт» аталымы Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры ұсынған «Кездесу мен қоштасу» драмасындағы актер Аман Қожабеков пен актриса Ғалия Темірбаеваға берілді. «Үздік ер адам бейнесі» Қ.Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының «Қозы мен Баян» трагедиясындағы Қарабай рөлін сомдаған Ділшат Аманбаевқа, «Үздік әйел адам бейнесі» С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық драма театрының «Войцек» драмасындағы актриса Гүлден Сейткеноваға тапсырылды.
«Үздік режиссура» аталымына режиссер Мейрам Хабибуллин, «Асқар Тоқпанов атындағы арнайы сыйлық» аталымы Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры «Бақытсыз Жамал» спектаклі, «Ең үздік қойылым» аталымына С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық драма театры «Войцек» туындысымен ие болды. Барлық аталым үшін диплом және қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Тараз