Еңбек • Бүгін, 08:07

Еңбек адамына – ерекше ілтипат

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Қазталов ауданында Жұ­мысшы мамандықтары жылы қорытынды­ланып, ауыл шаруа­шылығы қызмет­керлері күні аталып өтті.

Еңбек адамына – ерекше ілтипат

Суреттерді түсірген – Асылбек НӘСІПҚАЛИҰЛЫ

Кең көлемді іс-шара аудан әкім­дігінің, шаруа қожалығы жетекшілері мен кәсіпкерлердің, «Ет индустриясы» ЖШС, «Бәйге» федерациясының қолдауымен өтті. Талдыапан ауылдық окру­гінің орталығында өткен мерекеде «Құрылысшылар ауы­лы», «Кәсіпкерлер ауылы», «Шаруалар ауылы», «Қолөнер­шілер ауылы», «Ұстаздар ауы­лы», «Спортшылар ауылы», «Өнер­паздар ауылы» секілді бөлек-бөлек отау тігіліп, киіз үй­лер­де әр сала өкілдері өз жетіс­тігі мен табысын көпшілік назарына ұсынды, жаңа бастамалар мен жобаларды таныс­тырды.

Іс-шара шеңберінде Жұмыс­шы мамандықтары жылының Қаз­талов ауданындағы қорытын­дысы шығарылып, ауыл ша­руа­шы­лығы, энергетика, газ, су, тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы салаларында үздік нәтиже көрсеткен мамандар марапатталды.

с

«Халқымызда «Еңбек – адам­ның көркі, адам – заманның көр­кі» деген қанатты сөз бар. Ауыл еңбеккерлерінің маңдай терімен келген жетістіктер ауданымызды  өркендетіп отыр», деді аудан әкімі Асланбек Сарқұлов.

Қарасу ауылдық округіндегі «Дәукен» шаруа қожалығы­ның шопаны Салауат Есенгелдин – «Үздік шопан», Көктерек ауылдық округіндегі «Бержан» шаруа қожалығының механизаторы Руслан Иманғалиев – «Үздік механизатор», Қазталов ауылдық округінен Мәншүк Малаева – «Үздік кәсіпкер», Қошанкөл ауылдық округіндегі «Әлмырза» шаруа қожалығы­ның жылқышысы Салауат Митанов – «Үздік жылқышы», Ақпәтер ауылдық округінен Самат Хасанов – «Үздік жаңа технологияларды қолданушы», Бірік ауылдық округінен Берік Қарабалин – «Үздік энергетика саласының маманы», Жалпақтал ауылдық округіндегі «Батыс-Е» ауыл шаруашылығы өндіріс­тік кооперативінің жетекшісі Ернар Әбішев – «Үздік ауыл шаруашылығы өндірістік коопе­ративі», Қараоба ауылдық окру­гіндегі «Ғалым» шаруа қожа­лы­ғының жетекшісі Абзал Ғалымов – «Үздік бау-бақша егуші», Бос­тан­дық ауылдық округінен Ғә­ділжан Қосполов – «Үздік газ саласының маманы», Болашақ ауылдық округінен Ерлан Дүй­сенбиев – «Үздік малшы», Тереңкөл ауылдық округіндегі «Жалғас» шаруа қожалығының жетекшісі Батырбек Қауметов – «Үздік асыл тұқымды қой ша­руа­шылығы», Қараөзен ауылдық окру­гіндегі «Қанатқали» шаруа қожалығының жетекшісі Меңдібек Әбуғалиев – «Үздік асыл тұқымды ірі қара мал ша­руашылығы», Қайыңды ауылдық округінен Марина Өтеулиева – «Үздік мал дәрі­гері», Талдыапан ауылдық округі­нен «Ет индус­триясы» кәсіпорны – «Үздік экспорттау­шы», Талдықұдық ауылдық округінен Сайлау Ишанғазиев – «Үздік коммуналдық шаруа­шылық қызметкері», Жаңа­жол ауылдық округінен Дархан Бисенғалиев «Үздік су шаруа­шылығының маманы» атанып, естелік сыйлықтармен марапатталды.

Іс-шара барысында ауыл шаруа­шылығы техникалары мен асыл тұқымды түліктің көрмесі ұйымдастырылды. Салтанат дәс­түрлі дала қызықтарына ұласып, ұлт­тық спорт ойындарымен аяқ­талды.

 

Батыс Қазақстан облысы