Суретті түсірген – Валерий БУГАЕВ
Үкімет Арнайы қордан 9,3 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдаған. Бүгінде қаражат арнайы есепшотқа түсті, қажетті келісім-шарттар жасалып, қазынашылық органдарында тіркелді. Бөлінген қаражаттың есебінен жобаны іске асыру қарқынын арттырып, 2026 жылдың шілде айында толық аяқтау жоспарланып отыр.
Бастапқы кестеде жұмыстар биылғы қараша айында аяқталады деп жоспарланған болатын. Алайда жобаның қалған бөлігіне қажет 9,3 млрд теңгені қаржыландыру қажеттілігіне байланысты мерзімі өзгертілді. Қайта жаңарту жобасы ұшу-қону жолағын 45 метрден 60 метрге дейін кеңейтуді, қозғалыс жолы мен әуежай перронын қалпына келтіруді, заманауи жарықтандыру, бейнебақылау, дренаж жүйелерін орнатуды қамтиды. Жұмыстар әуежайдың сәйкестік сертификатын сақтау қажеттілігіне байланысты орындалады. Бас мердігер – «Kyrylys Group RK» ЖШС. Жобаның жалпы құны – 16,4 млрд теңге.
Өңірлік жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, бүгінде жоспарланған жұмыстың 47%-ы орындалған. Аумағы 178 мың шаршы метр болатын асфальт-бетон жабыны фрезерленіп, жер қазу жұмысы мен дренаж жүйесін орнату аяқталған. Ұзындығы 16,2 км болатын қоршаудың 95%-ы орнатылды. Жарықтандыру, бейнебақылау жүйелерін орнату жалғасып жатыр. Мердігер ұйым 1,4 млрд теңгеден астам сомаға материал мен жабдық сатып алған. 35 мың тонна құм-қиыршық тас қоспасы жеткізіліп, қуаттылығы сағатына 240 тонна асфальт-бетон зауыты орнатылған.
Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту өңірдегі стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жоба екенін атап өтті.
«Жаңартылған ұшып-қону жолағы ұшу қауіпсіздігін арттыруға, әртүрлі санаттағы әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру инвестиция тартуға, әуе рейстерінің бағытын ұлғайтуға жағдай жасайды. Бұл өңірдің көлік-логистика әлеуетін нығайтудың маңызды кезеңі болады», деді аймақ басшысы.
Павлодар облысы