Фото: Астана қаласының әкімдігі
Таңертеңнен бастап қаланы қар мен көктайғақтан тазарту жұмыстарына 810 арнайы техника мен 2 700-ден астам жол жұмысшысы жұмылдырылған.

Қардан тазалау жұмыстары алдымен негізгі магистральдар мен қоғамдық көлік бағыттарында жүргізіледі. Бұдан кейін орташа қозғалысы бар көшелер, аулалар, алаңдар, тротуарлар мен аялдамалар тазаланады.

Астана әкімдігі тұрғындар мен қала қонақтарына ауа райының қолайсыз кезінде сақтық шараларын қатаң ұстанып, жолдар мен тротуарларда аса мұқият болуды ескертеді. Сондай-ақ, мүмкіндігінше ұзақ сапарлардан бас тартуға кеңес берілді.
Айта кетейік, 4 қараша күні қала аумағынан 1000 текше метрден астам қар, яғни 86 жүк көлігі көлемінде қар шығарылған. Сол түні қар тазалауға 374 техника мен 234 жұмысшы жұмылдырылған.
