Экономика • Кеше

38 мың шот бұғатта тұр: Депутат әлеуметтік шот ашуды ұсынды

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Темір Қырықпаев Мәжілісте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымоваға сұрақ қойды. Ол азаматтардың шоттары бұғатталғанда ең төменгі табысы қорғалуға тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

38 мың шот бұғатта тұр: Депутат әлеуметтік шот ашуды ұсынды

«Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасы туралы бірінші оқылымда сөз сөйлеген депутат  38 миллионнан астам банктік шот бұғатталған деп дабыл қақты. Қанша адам қалтасын қағып, қағажу көріп отыр. Осыған байланысты ол арнайы әлеуметтік шот енгізуді ұсынды.

«Азаматтардың ең төменгі табысын қорғау, өндіріп алушы мен борышкер құқықтарын сақтау керек. Сол себепті  әлеуметтік шот немесе арнайы банктік шот ашу туралы ұсыныс бердім. Сіз азаматтарға айына 300 мың теңгеге дейінгі сомада өндіріп алудан қорғалатын әлеуметтік шот енгізу бастамасына қалай қарайсыз? Шоты бұғатталған азаматтар үшін сіздің агенттік қандай тәсілдер қарастыра алады?» деді депутат Мәдина Әбілқасымоваға.

Мәдина Әбілқасымова депутат көтерген мәселені маңызды деп атап өтті. Ол бұл ұсынысты заңды қарау кезінде талқылайтынын айтып, «Бұл ұсыныс әлеуметтік жағынан маңызды. Біз оны жұмыс барысында міндетті түрде қарастырамыз», деп жауап берді.