Сұхбат • Бүгін, 08:25

Денис ЛОКТЬЕ: Ақпарат саласына байсалдылық қажет

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазір әрбір сала жасанды интеллектіні жұмыс барысында қолдануға тырысып жатыр. Цифрлы технологияның бұл түрінің БАҚ-тағы рөлі қандай? Кеше басталған «Astana Media week» іс-шарасының негізгі тақырыбы да осы мәселеге арналды. Осыған орай «Euronews» телеарнасының халықаралық тілшісі (Франция) Денис Локтьемен әңгімелесудің сәті түсіп, өзекті тақырып төңірегінде бірер сұрақ қойған едік.

Денис ЛОКТЬЕ: Ақпарат саласына байсалдылық қажет

– Журналистикадағы жасанды интеллектінің рөлі қан­дай?

– Қазір ақпарат агент­тік­тер­мен, пресс-релиздермен, басқа да ақпарат көздерімен жұмыс істейтін БАҚ өкілдері жұмысын жылдамдату үшін ЖИ жүйелерін пайдалана алады. Бірақ бұдан соң ЖИ та­уып берген немесе өңдеп берген ақпаратты жіті тексеріп алу қажет. Өйткені ChatGPT және басқа ЖИ жүйелері жиі қате жібереді. Мәселен, олар мазмұн мен сандар сияқты нәрселерді ойлап шығарады. Сондықтан тексеріп алмай ақпаратты тікелей жібере салатын болсақ, бұл біздің журналист ретіндегі жеке беделімізге ғана емес, көрермендер мен оқырмандардың БАҚ-қа деген сеніміне нұқсан келтіруі мүмкін. Бұл жасанды интел­лектінің басты қаупі – әлеу­меттік желі­лер­де таралатын жалған жаңа­лық­тар­дан бөлек контентке жалған ой қосып жіберуі мүмкін.

– ЖИ ақпараттың маз­мұнын өзгертіп жіберетін бол­са, жалпы БАҚ-та оны қол­дану қажет пе?

– Иә, қолдану қажет. Өйткені нарықтың бәсекеге қабілеттілігі артып келеді. БАҚ бір-бірімен ғана емес, көбіне жаңалықтарды тез тарататын әлеуметтік желі­лер­мен де бәсекеге түседі. Со­нымен қатар олар қазір ChatGPT-ден әлемде не болып жатқанын тікелей сұрай алатын өз көрермендерімен және оқырмандарымен бәсекелеседі. Қазір адамдардың шамамен 4-5 пайызы жаңалықтарды генеративті жүйелерден алатынын білеміз. Сондықтан бұл құралдардан бас тарту ре­дак­ция ұжымы үшін өзін жаңа нәрседен алшақтату болар еді. Біз бәсекелестіктен бірден жеңіліп қалатын едік. Бірақ ЖИ секілді жаңа технологияларды саналы түрде пайдалану керек, ақпаратқа негізделген дереккөздерді түсіну және ең маңызды нәрсені – аудиторияның сенімін және дәстүрлі БАҚ-қа тән адами қарым-қатынасты сақтау үшін оның дұрыстығын әрқашан бірнеше рет тексеру керек.

– Қазіргі технология кезеңінде дәстүрлі БАҚ кенжелеп қалды деп жатырмыз. ЖИ-ді қолдану арқылы газет, журнал, телеарна, радионың маңызын арттыра аламыз ба?

– ЖИ қазір газет секілді дәстүрлі медиада қолданылып келеді. Газет, радио, телеарна барған сайын цифрлық форматқа көшіп жатыр. Әлеу­мет­тік медиамен, басқа да онлайн ақпарат көздерімен бәсекелесетін цифрлық медиа үшін жылдамдық өте ма­ңызды. Сондықтан техни­ка­лық тапсырмаларды автоматтандыру – мәтінді тексеру, қысқарту, аудар­ма жасау секілді қабілеттері газет­тер­ге басқа ақпарат көз­дерімен тең дәре­жеде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бірақ тағы да еске салғым келіп отыр: ЖИ-дан соң ақпараттың дұрыстығына көз жеткізіп, бірнеше қайталап тексеріп алу қажет.

– Болашақта ЖИ журна­лис­терді толыққанды алмас­тыра алады дей аламыз ба?

– Мәселен, қазір ЖИ теледидардағы дикторларды алмастыра алады деп жатырмыз. Техникалық тұрғыдан, иә, мүмкін. Бірақ көрермен робот басқаратын теледидарды көре ме? Міне, осы жерде қабылдау мәселесі тұр. Зерттеулер көрсеткендей, көрермен виртуалды жүргізушілерге, жасанды дауысқа әлі де сенбейді. Сондықтан егер аудитория мұндай жүргізушіні қабыл­дамаса, онда пайда жоқ. Қоғам шынайы, көзге тік қарайтын, жасандылығы жоқ адамды көргісі келеді. Сондай-ақ бас­па, баспасөздердегі бет әрлеуші-дизайнерлерге келетін болсақ, ЖИ шын мәнінде оларға техникалық жағынан көмектесе алады, күнделікті үде­рістерді автоматтандырады. Бірақ шығармашылық жағына келгенде маманды алмастыра алмайды. Сондықтан шығармашылық, адамгершілік, шынайы көзқарас болашақта құнды болып қала бермек. Жасанды интеллект жансыз, ал біз – адамбыз.

Сондай-ақ халық арасына шығып, ел ішіндегі мәселенің басына барып, көзбен көріп, қолмен ұстап сараптамалық материал дайындайтын журна­листерді ЖИ алмастырады деп айту қиын. Өйткені ЖИ оқиға орнына бармайды, адамдармен кездеспейді, олардың көзқарастарын білмейді.

– Еуропа БАҚ-тарында ЖИ-ді қолдану деңгейі қан­дай?

– ЖИ – жаңалықтар бө­лімде­рінде жиі қолданыста. Бұқаралық ақпарат құрал­да­ры­ның барлығы дерлік оны белгілі бір дәрежеде пайда­ланады. Бұл көбіне сұхбат­тар­дың транскрипциясын жасауға қолданылады, бұған дейін журналистер немесе терушілер көп уақыт пен күш жұмсайтын. Енді мұны ЖИ жасайды. Материалдардың әртүрлі ел­дердегі аудитория тілдеріне бейімделуін тездетеді. Бұл «Euronews» сияқты халықара­лық арналар үшін өте маңызды.

Сондай-ақ кейбір редакциялар өз материалдарын талдауға ЖИ-ге сүйене алады. Мәселен, біз қай тақырыптарды жиі қамтып жатырмыз, қайсысына жеткіліксіз көңіл бөлеміз, ауди­торияның қажеттіліктері қан­дай және оларға қандай ақпарат, мақала ұсынған дұ­рыс. Жалпы, ЖИ БАҚ-қа өзін жақсырақ түсінуге, өз жұмысын аудиториясының мүддесіне бейімдеуге көмектеседі.

– Сонда қоғамға қандай тақырыптар қызықты екені­не ЖИ сараптама жасап бере ала ма?

– Мұндай алгоритмдер ана­ли­тика үшін шынымен де қажет. Бірақ мазмұнды генерациялауға ЖИ әлі де өте қауіпті, өйткені оның жүйелері шыға­ратын ақпаратқа толық сенуге болмайды. Сон­дықтан дереккөздерге сіл­темелер беретін, деректерді тексеруге мүмкіндік беретін құрал­дарды ғана пайдалану керек.

 

Әңгімелескен –

Гүлнар ЖОЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»