Сурет: elordainfo.kz
Іс-шараға 180 жоғары деңгейдегі өкіл қатысты. Олардың қатарында мемлекет және үкімет басшылары, министрлер, халықаралық ұйымдардың өкілдері болды. Саммитке академиялық орта, бизнес өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдар да қосылды. Жиынның негізгі мақсаты – жаһандық әлеуметтік мәселелерді талқылау, әлеуметтік тұрақтылықты күшейту, инклюзивті экономикалық өсуді дамыту әрі БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолдарын қарастыру.
Еліміздің делегациясының басшысы пленарлық отырыста сөз сөйлеп, әлеуметтік дамудың әділ, тұрақты әлем құрудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде азаматтардың әл-ауқатын арттыру, тең мүмкіндіктер қамтамасыз ету, әлеуметтік әділеттілікті күшейту бағытында кең ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр.
Премьер-министрдің орынбасары еліміздің жаңа технологияларды тиімді пайдалану арқылы өңірлік көшбасшы екенін айтты. Ол экономикамыздың өсуін қолдау мен халықтың өмір сапасын жақсарту үшін инновация мен цифрландыру саласындағы басымдықтарды айтты.
Ғалымжан Қойшыбаев еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаттарына берік екенін атап өтті. Еліміздің халықаралық ынтымақтастыққа, әділет пен адами қадір-қасиетке негізделген болашақ құруға бейілді екенін жеткізді.
Саммит аясында Қатар Мемлекетінің Премьер-министрі және Сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәнимен екіжақты келіссөздер өтті. Тараптар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті атап өтіп, энергетика, телекоммуникациямен қатар басқа да бағыттар бойынша бірлескен жобаларды талқылады. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы ақпандағы Қатарға сапарында жасалған келісімдерді іске асыруға назар аударылды.
Сапар барысында Ғалымжан Қойшыбаев Қатардың байланыс және ақпараттық технологиялар министрі Мұхаммед бен Әли Әл-Манайимен кездесті. Тараптар цифрландыру, телекоммуникациялық инфрақұрылым және электрондық үкімет саласында тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін қарастырды.
Сондай-ақ делегация басшысы «Power International Holding» компаниясының төрағасы Муатаз Әл-Хаятпен кездесті. Тараптар холдингтің еліміздегі жобаларын іске асыру мәселелерін талқылады.