Сұхбат • Кеше

Еңбек нарығына қажет маман даярлау – замана талабы

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Жолдауында «Қазір елімізде мыңдаған жұмыс орны бос тұр. Түрлі салада, тіпті, жалақысы едәуір жоғары жұмыс орындары бар. Бұл орындарды шетелден келіп жатқан адамдар толтыруда. Азаматтардың өн­ді­ріске барғаны абзал. Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті артты­ра түсуіміз керек» деген еді. Расында, бүгінгі еңбек нарығындағы маман тап­шы­лығының себебі неде? Колледждер даярлап жатқан кәсіп иелері бұл сұра­ныс­ты қаншалықты өтей алып жүр? Жалпы, жұмысшы мамандығының абы­­­ройын көтеру үшін қандай қадамдар жасалуға тиіс? Осы сауалдарға жауап алу­ мақ­сатында біз Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім депар­таментінің директоры Әсет Мұханбетовпен сұхбаттасқан едік.

Еңбек нарығына қажет маман даярлау – замана талабы

– Биыл колледждердегі білім саласында қандай өзгеріс болды?

– Мемлекет басшысы Жолдауда жұмысшы мамандықтары жылында жос­парланған іс-шаралар жалғасатынын атап өтті. Бұл шешім мемлекеттің ұлттық экономиканы және елдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытудағы білікті жұмысшы кадрдың рөліне ерекше назар аударатынын көрсетеді.

Қазір елімізде 772 колледж жұмыс істейді, онда 550 мың студент оқиды. Биылдан бастап 9-сынып түлектері сұра­нысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім алып жатыр, бұл ретте мем­лекеттік тапсырыстың 70%-ы техни­калық мамандықтарға бағытталған.

– Жұмысшы мамандықтары жылы аясында түлектерді ірі кәсіпорын­дар­ға жұмысқа орналастыруға басым­­дық берілді. Осы бағытта қандай н­әти­же бар?

– Жұмысшы мамандықтары жылы­ның негізгі бағыттарының бірі техни­калық және кәсіптік білім ұйым­дарының үздік 1000 түлегін еліміздің жетекші кәсіпорындарына жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын. Қазірдің өзінде 1 191 студент еліміздегі «LGS Kazakhstan Elevator Group», «Hyundai Auto Astana», «Астана электртехникалық зауыты» (АЭЗ), «ҚТЖ»-АҚ «Магистралдық желілер дирекциясы», «Qarmet» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Gaztehna», «АЭС Шүлбі ГЭС», «ЭСК», «CNPC-Ақтөбемұнайгаз», «ERG Service», «Kia Қазақстан», «Allur» («СарыарқаАвтоПром»), «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазхром», «ПМХЗ», «ҚЭЗ» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы», т.б. ауқымды компанияларда жұмысқа орналасты.

Әкімдіктермен бірлесе жұмыс істеу шең­берінде оқуын аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасу кепілдігімен кәсіпорындардың өтінімдері бойынша кадрды мақсатты тапсырыспен даярлау тетігі енгізілді. Мақсатты тапсы­рыс­пен студенттерді жыл сайын қабыл­дау 10 мың адамды құраса, Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде бұл көрсеткіш 15 мың қосымша орынға ұлғайтылып, 45 мың адамды қамтыды.

Оқыту ірі өнеркәсіптік және сер­вис­тік компаниялармен серіктестікте жүргізіледі, атап айтар болсақ, олар­дың ішінде «Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясы» АҚ, «Мұнаймаш» АҚ, «Құрылысмет», «Цемент зауыты», «QazTehna», «AS-House», «Есиль Лифт Сервис», «Береке-Бурабай», «Алтыналмас» АҚ, «Dala construction.kz» сияқты басқа да кәсіпорындар бар.

– Қазір колледждерде дуалды оқы­ту кеңінен енгізілді. Бұл жүйе сту­дент­тердің тәжірибе жинақтауына қалай әсер етіп отыр?

– Бүгінде еліміздегі колледж­дердің 72%-на дуалды оқыту енгізілді. Дуалды оқытуға 18 мыңнан астам шағын және орта бизнес кәсіпорындары 130 мыңнан астам колледж студентіне практикадан өтуге мүмкіндік береді.

Мәселен, Қостанайда дуалды оқы­тудың табысты тәжірибесін кең ауқым­да тарату мақсатында «Сарыарқа­Авто­Пром» базасында Эрфурт білім беру орталығының (Германия) қатысуымен Халықаралық дуалды оқыту орталығы ашылды.

– Ал мектеп оқушылары кәсіптік бағдар беру бағдарламасымен қанша­лықты қамтылған?

– Ы.Алтынсарин атындағы Ұлт­тық білім академиясы 1-11 сынып оқушы­ларын қамтитын «Маман» атты ерте кәсіп­тік бағдарлау моделін әзірледі. Модель оқу және сабақтан тыс үдеріске біріктірілген және колледждермен, жоғары оқу орындарымен және жұмыс берушілермен серіктестікке негізделген. Аталған платформада цифрлық құралдар белсенді қолданылады, бұл білім үдерісінің қазіргі еңбек нарығының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар мемлекет тарапынан кәсіптік бағдар беру институты­ның рөлі күшейтіліп жатыр. Мектептерде ­1 мыңнан астам профильдік сынып ­ашылып, барлық мектепте педагог-кәсі­би бағдар беруші мәртебесі ресми ­түр­де бекітілді. Қазіргі уақытта мектептегі ­2,4 миллион оқушы (6-11 сыныптар) кәсіптік бағдар беру бағдарламасымен қамтылды.

– Айтулы жыл шеңберінде тех­никалық және кәсіптік білім саласына қандай жаңалық енді?

– Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау шеңберінде колледждердегі IT саласындағы маман­дықтарға онлайн-оқыту заң тұрғысынан бекітілді. Бұл қадам ыңғайлы формат­та біліктілікті арттыру, уақыт пен қаржы­лық шығындарды азайту сияқты мүм­кіндіктерге қол жеткізеді.

Қорыта айтқанда, Жұмысшы маман­дықтары жылы техникалық және кәсіптік білім жүйесін трансформациялауға, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтуға қуатты серпін болды.

 

Әңгімелескен –

Бекзат ҚҰЛШАР,

«Egemen Qazaqstan»