Саясат • Бүгін, 07:10

Өңірдегі өркенді істер

20 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Батыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапары аясында абаттандыру мен мұнай-газ саласын дамыту туралы Президент тапсырмаларының орындалу барысын тексерді. Сондай-ақ индустриялық және әлеуметтік бірқатар инфрақұрылым нысанын аралады.

Өңірдегі өркенді істер

Бөрлі ауданында Премьер-министр Қарашығанақ пен Чина­рев мұнай-газ конденсаты кен орындарына барды. Жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға, олар­дың жүктемесіне, мұнай-газ са­ласындағы жергілікті қамту үле­сін арттыруға, кадрлар даярлауға, басқа да мәселелерге назар аударылды.

Олжас Бектенов мұнай конденсатын тұрақтандыру, тазарту, қай­та өңдеумен айналысатын Қара­шығанақ қайта өңдеу ке­шенінің техно­логиялық үдеріс­терімен танысты. Нысан Қара­шығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнының негізгі өндірістері құрамына кіреді. Ол – 279 млн тонна мұнай мен 785 млрд текше метр газдың алуға болатын қалдық қоры бар әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі.

«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В.»  компаниясының бас директоры Марко Марсили ағымдағы өндірістік көрсеткіштер мен келешегі бар жобаларды жүзеге асыру жоспарлары, сондай-ақ әлеу­меттік жауапкершілік шең­­берінде қабылданып жат­қан шаралар туралы хабардар етті. Қарашығанақта өткен жылы өндіру көлемі 12,2 млн тон­наны құраған, 2025 жылға арналған жоспар – 12,4 млн тонна. Қарашығанақты кеңейту жобасының газ айдау тиімділігін арттыруға әрі өндірістік үдерістер­дің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған бірінші кезеңі іске қосылды. Нәтижесінде, ішкі нарыққа 7,5 млрд текше метр газ жеткізілді, бұл – елдегі жалпы көлемнің шамамен 26%-ы.

Премьер-министр мұнай-газ саласы өнеркәсіптік өсудің ма­ңызды драйвері болып қала беретінін атап өтті. Елде жыл са­йын 85 млн тоннадан астам мұ­най және шамамен 55 млрд текше метр газ өндіріледі. Мұндай көлемді тұрақты ұстап тұру заманауи технологияларды енгізу мен ірі кен орындарын дамытудың арқасында  мүмкін болып отыр. Бүгінде Үкімет өн­дірісті арттырудан бас­тап, қай­та өңдеуді тереңдету және мұ­най-газ химиясын кеңейтуге дейінгі ба­тыл шешімдерімен жер қой­науын ұтымды пайдалану стра­тегия­сын дәйекті түрде жүзеге асы­рып келеді. Бұдан басқа, отан­дық өндірушілерді қолдаудың маңыздылығы және отандық та­уар­ларды сатып алу үлесін одан әрі арт­тыру қажеттігі де атап өтілді.

Бәйтерек ауданында Премьер-министр «Жайықмұнайдың» тауарлық газды қайта өңдеу қуаты­мен танысты. Чинарев кен орны аумағында бірқатар заманауи қондырғы жұмыс істеп тұр, мұнда теміржол мұнай құю терминалы, газ құбыры, вахталық қалашықтар және тағы да басқа инфрақұрылымдар жақсы дамы­ған. Газ өңдеу зауытының өндіріс­тік қуа­ты жылына 4,2 млрд текше метр газды құрайды. Кәсіпорын­ның жүктемесін арттыру мәселесі пысықталып жатыр.

Орал қаласында Премьер-ми­нистр Олжас Бектенов Мем­лекет басшысының инфрақұрылымды дамыту және абаттандыру, сон­дай-ақ су тасқынының алдын алу ша­ралары туралы тапсырмалары­ның орындалу барысымен таныс­ты. Атап айтқанда, 2024 жылғы су тасқынынан зардап шеккен отба­сылар үшін салынған үйлерді, Жайық өзенінің бойын­дағы жаға­лауды нығайту жұмыстарының нәтижесін көрді.

Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен отбасылар үшін барлығы 889 үй салынды, оның ішінде Орал қаласында 451 тұрғын үй бар. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қыркүйегінде толығымен аяқталып, отбасыларға берілді. Бүгінде барлық үй қажетті ин­женерлік инфрақұрылыммен қам­тамасыз етілген.

Сондай-ақ Премьер-министр Жайық өзенінің бойындағы жағалауды нығайту мен реконс­трукциялау жұмыстарымен та­нысты. Өзеннің жағалауы мен арнасын, тұрғын үйлерді тасқыннан қорғау үшін ұзын­дығы 383,6 метр бөгет салынды. Жалпы, елді мекендерді су тасқыны­нан қорғау үшін облыста 143 шақырым қорғаныс бөгеттері, 9 шақырым су бұру каналдары салынды, 74 шақырым магистралды каналдар тазартылды.

Жағалауды реконструкциялау осы жылдың мамыр-қыркүйек айлары аралығында жүргізілді. Жобаға сәйкес, су тасқынынан қорғау мақсатында өзен жағалауы бұрынғыдан да биіктетілді. Бар­лық аумақ толығымен абаттандырылып, қоршаулар орнатылды.

8 мың шаршы метр алаңға тротуарлар төселді, 102 көше шамдары орнатылды, 16 мың шаршы метрден астам көгал мен 768 ағаш көшеттері отырғызылды. Балалар ойын алаңы, спорт алаңы, воркаут-аймақ және тағы да басқа нысандар реконструкцияланды.

Олжас Бектенов өнеркәсіп­тің және әлеуметтік инфрақұрылым­ның дамуын, Батыс Қазақстанда өтетін Қазақстан-Ресей өңірара­лық ынтымақтастық форумына дайындық барысын тексерді. Орал қаласында QazExpoCentre-Pipe және «Кублей» отандық кәсіпорындарын аралау барысында Премьер-министр өңірде инвестиция тарту, АӨК-те қайта өңдеуді кеңейту, сондай-ақ Мем­лекет басшысының халыққа Жолдауында атап көрсеткен мін­­деттер шеңберінде өндіріске цифр­лық технологиялар енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұ­мыстармен таныс­ты. Батыс Қазақ­стан облысы әкімдігінің мәліметін­ше, биылғы 9 айда өнеркәсіп өнімінің көлемі 4,7%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібін­де 20,8%-дық жоғары серпін бол­ған. QazExpoCentre-Pipe алаңын­да Премьер-министр мұнай-газ саласына арналған сорғы-компрессорлық, қаптама және жіксіз құбырлар шығарудың технологиялық үдерісімен танысты. Кәсіпорынның жылдық қуаты – 40 мың тонна құбыр. Оның өнімдері еліміздің, жақын және алыс шетелдердің мұнай өндіруші және сервистік компаниялары арасында сұранысқа ие.

Өндірісті цифрландыру ая­сында өнімдерге QR кодтарын­ қолдану жүйесі енгізілді. Қазір құбырларды радиожиілік ар­қы­лы сәй­кестендіру технология­лары, сон­дай-ақ жаһандық ба­қы­лау жүйе­сіне интеграция­лау­ жұмыс­тары қарқынды жүр­гі­зі­­ліп жа­тыр. Сонымен қатар өндіру­шінің мұнай мен газ өн­ді­ру­дің күрделі жағдайында жо­ғары герметикалық және тех­нологиялық тиімділігін қам­та­ма­сыз ететін төл әзірлемелері бар.

Сондай-ақ мұнда Премьер-министрге өңірдегі ірі инвестиция­лық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндалды. 2025 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша БҚО-ға тартылған тікелей шетелдік инвес­тиция көлемі 1,1 млрд долларды  құраған. Аталған көрсеткіш бойынша өңір ел ішінде Алматы мен Астанадан кейін 3-орында тұр. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев алдағы бес жылда 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін жаңа 73 инвестициялық жобаны іске қосу бойынша жүр­гізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Олжас Бектенов инвестиция­лық жобаларды жүзеге асыру нәтижесі азаматтардың табыс деңгейі мен өмір сүру сапасын арттыру мақсатын көздейтін жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен экономиканы дамыту болуға тиіс екенін атап өтті. Өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылымдық даму, АӨК сияқты тағы да басқа басым бағыттар бойынша инвес­торлармен қарқынды жұмыс жүр­гізу тапсырылды.

«Кублей» аумағында Премьер-министр ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласын­дағы даму қарқынымен танысты. Кәсіпорында еліміздегі консерві өнімдерінің 65%-ын өндіретін ет өңдеу кешені мен зауыт жұмыс істейді, онда 700-ден астам жұмыс орны құрылған. Компанияның өнім ассортименті бүкіл еліміз бойынша сатылатын, сондай-ақ БАӘ, Қытай, Түркия, Ресей, Қыр­ғызстан, тағы да басқа елдер­ге экспортталатын 200-ден астам та­уарды қамтиды. Алдағы уа­қыт­та 20 мың басқа арналған мал бор­дақылау алаңын салып, шикізат базасын құру жоспарланып отыр.

Осы жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойын­ша БҚО-да ауыл шаруашылы­ғының жалпы өнім көлемі шамамен 6%-ға өскен. Ет бағытындағы ірі қара мал басы бойынша өңір елімізде 1-орында тұр. 45,6 мың басқа арналған 16 бордақылау алаңы жұмыс істейді. Олжас Бек­тенов ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етудің ма­ңыз­дылығын атап өтіп, АӨК-те терең өңдеуді қарқынды дамыту қажеттігіне назар аударды. Бүгінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр. Атап айтқанда, көктемгі егін егу және күзгі егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыру биыл 1 трлн тең­геге дейін жеткізілді.

Салалық министрліктерге Батыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп өңірдің әлеуетін ашу, әсіресе ауыл шаруашылығы кооперациясын және өнімді қайта өңдеу мен өткізудің жаңа тізбектерін қалыптастыру туралы жұмыс­тарды күшейту тапсырылды.

Жұмыс сапары аясында Премьер-министр осы жылдың 11-12 қарашасында Орал қаласында өтетін Қазақстан мен Ресейдің XXI өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық барысымен танысты. Облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңді­ғалиев Президент тапсырмасымен «ҚазМұнайГаз» компаниясы салған «Жайық арена» жаңа спорт-сауықтыру кешенін мысалға келтіре отырып, өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы туралы баяндады. Бұқара­лық спорт түрлеріне тартылған азаматтар санын арттыру үшін об­лыста 22 балалар мен жас­өспірімдер спорт мектебін қоса алғанда, 1500-ден астам спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Жаңа спорт кешендерін, бассейндер мен алаңдарды салуға жеке инвестициялар тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өңірде қанатқақты режімде Qadam.AI жүйесін енгізу жұмыстары басталды, бұл – елімізде спортты басқарудың алғашқы муль­ти­плат­формалы цифрлық эко­­жү­йесі. Жоба қаржы бөлуден бас­­тап спортшылардың жеке нә­ти­­­же­леріне дейінгі үде­рістер­дің ашық­тығын арттыруға бағытталған.