Аймақтар • Бүгін, 08:02

Сапалы интернет игілігі

110 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі дәуірдің талабы – қолжетімді интернет желісін пайдалану. Атырау облысында осыған дейін «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 143 ауыл өркениетті байланысқа қосылған.

Сапалы интернет игілігі

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Алмас Көпжановтың айтуына қарағанда, шалғайдағы елді мекендерді сапалы интернет желісімен қамту қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазір 14 ауыл «OneWeb» спутниктік технологиясымен интернет желісіне қосылды. «Jusan Mobile» АҚ-мен бірге қондырылған тың технологияның игілігін Исатай ауданындағы Амангелді, Ауқайран, Мыңтөбе, Айбас, Жасқайрат, Құрманғазы ауданының Шайхы, Махамбет ауданынан Бала Ораз, Кеңөріс, Есмахан, сондай-ақ Қызылқоға ауданында Бұқар, Жылыой ауданының Қараша ауылында тұратын тұрғындар көріп отыр.

Ал Индер ауданының Жарсуат ауылдық округіндегі Қызылжар, Ақтан, Кетебай ауылында 37 түтін тіркелген. Бұл елді мекендердегі 159 тұрғын жаңа жылдамдығы жоғары интернет желісіне қол жеткізді.

«Басты мақсат – тұрғындардың сапалы байланыс қызметін қолдануына ықпал етіп, ауылдардың әлеуметтік және экономикалық дамуына серпін беру. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасының 2025–2027 жылдарға арналған жоспарына сәйкес тағы 43 ауылға талшықты-оптикалық кабель арқылы интернет желісін тарту көзделді. Енді алыс ауылдардың тұрғындары мемлекеттік қызметті онлайн түрде, қашықтан білім алу және түрлі цифрлық сервистерді пайдалану мүмкіндігіне ие болады», деді Алмас Көпжанов.

Оның дерегіне биыл байланыс сапасын арттыру үшін ауқымды жұмыс жоспарланды. Оның ішінде 7 100 або­нентті оптикалық желіге ауыстыру, 31 шақырым талшықты-оптикалық ка­бель тарту, 156 базалық стансаны жаң­ғыр­ту бар. 5G технологиясымен 133 ба­за­лық станса іске қосылады. Сондай-ақ республикалық маңызы бар автожол сапалы байланыспен қамтылады. ­Осы мақсатта Атырау облысында 5 антен­на-діңгек қондырғысын орнатылады. Бұл жұмысты Жылыой, Махамбет және Қызылқоға аудандары атқару үшін жобалық-сметалық құжаттамалар әзір­леніп, сараптамадан өткізілді.

 

Атырау облысы