Қалай басталды?
Команда әуел баста паралимпиада спортшыларын оңалту, аутизм спектріндегі балалардың моторлық дамуын бақылау сияқты бірнеше бағытты қарастырған. Алайда нарықтық сұранысты бағалай келе, олар толықтай спорт саласына бет бұрды.
Гүлнұр Қалимолдинаның айтуынша, наноұлтарақ адам денесіндегі ең ұсақ қозғалыс пен тепе-теңдік өзгерістерін тіркей алады және бұл деректер дәрігер байқамайтын қатерлерді ерте анықтайды. Қысқасы, аталған стартап ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге көмектеседі. Өйткені футбол, хоккей, баскетбол секілді командалық сайыста кез келген жарақат – ойыншының уақытша жаттығудан шеттелуімен ғана шектелмейді. Оның артында емдеу, оңалту, ойыншыны алмастыру секілді үлкен қаржылық шығын тұрады. Наноұлтарақ осы мәселенің алдын алады. Спортшы осы ұлтарақты киіп, небәрі екі минут жүріп өтсе болғаны, құрылғы бірден қозғалыс асимметриясын, артық жүктемені, салмақтың дұрыс бөлінбеуін көрсетеді. Ал алынған дерек дәрігер мен бапкерге мәселенің түпкі себебін дәл табуға және жаттығу бағдарламасын жедел түзетуге мүмкіндік
береді.
– Аяқ киімнің ішіне орнатылған сезімтал сенсорлар адамның қозғалысын анықтауға көмектеседі. Яғни қадам басу кезіндегі салмақтың табанға немесе тізеге түсуі, жүрген яки жүгірген кездегі өзгерістер есепке алынады. Осылайша, бар болғаны екі минут ішінде құрылғы 20 мыңнан астам дерек жинап, арнайы алгоритмдер арқылы талдайды. Соның нәтижесінде спортшы қозғалысының цифрлық профилі жасалады, – дейді жоба жетекшісі.
Қазір қай кезеңде?
Технология Астанадағы тоғыз клиникада және «Астана», «Тобыл» футбол клубтарында сынақтан өтті. Бұл кезеңде жарақаты бар және сау адамдардың әртүрлі жүру ерекшеліктері салыстырылып, кең көлемде дерек жиналған. Сол мәліметтердің негізінде жүйе үздіксіз жетіліп, дәлдігі артып келеді.
– Нарықта сенсорлы ұлтарақ жасайтын компаниялар баршылық. Алайда «Mirai Tech» құрылғысының артықшылығы – адам көзі байқамайтын ең ұсақ өзгерістің өзін тіркей алады. Еуропадағы мамандар мұндай деңгейдегі талдауды бұрын-соңды көрмегенін айтады. Әдетте осындай диагностика тек арнайы клиникаларда жүргізіледі. Ол жақта үдеріс күрделі. Яғни спортшыны бірнеше датчикке қосып, камераға түсіріп, кейін түсіндіруі қиын үлкен есеп беріледі. «Mirai Tech» осының барлығын бір шағын құрылғы мен қарапайым, түсінікті графикаға сыйдырып отыр, – деді Г.Қалимолдина.
Компания қазір бірнеше шетелдік клубпен келіссөз жүргізіп, жылдық келісімшартқа шығуды көздейді. Айта кетейік, жоба бастапқыда негізінен стартап иесінің жеке қаражаты есебінен дамыған. Кейбір кезеңде зерттеу жұмыстары гранттық қолдаумен жүзеге асырылды. Стартапқа алғаш сенім білдірген «Jas Ventures Limited» қоры 90 мың доллар инвестиция салған. Қор технологияның әлеуетін жоғары бағалап, алдағы уақытта да қолдау көрсетуге ниетті екенін білдірген. Қазір команда құны 500 мың доллардан асатын pre-seed раунды бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Сонымен қатар «Mirai Tech» «Astana Hub Startup Battle» байқауында 25 мың доллар жеңіп алды, «AI SANA Generative Nation» ұлттық конкурсының финалында 10 млн теңгелік грант иегері атанды.
– Бұл қаржының бір бөлігі патенттеуге, зерттеу-әзірлеу (R&D) жұмысын күшейтуге, жасанды интеллектіге негізделген аналитиканы дамытуға бағытталмақ. Себебі осы аналитика жүйенің негізгі өзегіне айналады. Команда «Mirai Tech»-ті жай ғана қозғалысты тіркейтін құрылғы емес, түрлі спорт түрлерінде жарақаттың алдын алу мүмкіндігін ұсынатын толыққанды экожүйе ретінде қалыптастыруды көздейді, – дейді жоба жетекшісі.
Ендігі меже қандай?
Компания алдағы 2-3 жылда баскетбол, хоккей, теннис және балалар спорт мектептері нарығына шығуды жоспарлап отыр. Тіпті NBA нарығына кіру мақсаты да бар.
– Бір күні әлемдік дерби кезінде стадион бортында «Mirai Tech» логотипі жазулы тұрса, сол кезде мақсатымызға жеттік деп айта аламыз. Технологияны тек кәсіби спорт шеңберінде шектеп қойғымыз келмейді. 2026 жылдың соңына қарай «Mirai Tech»-тің «ақылды» наноұлтарақтары кез келген қолданушыға қолжетімді болады деп жоспарлап отырмыз. Кәсіби спортшы болмауыңыз мүмкін, бірақ фитнеспен шұғылдансаңыз немесе әуесқой марафонға дайындалсаңыз да, қозғалыс динамикасын бақылау, тізе мен арқаға түсетін артық жүктеменің алдын алу өте маңызды. Біздің аналитика табанды дұрыс басу деңгейін көрсетіп, жарақат қаупін ерте ескертеді. Жобаның ғылыми бөлігі әуел бастан менің бақылауымда болды, алдағы уақытта да солай қала береді. Мен – зерттеуші ғалыммын. Сондықтан жаңа буындағы сенсорларды әзірлеу, деректерді талдау, тәжірибелер мен гипотезаларды тексеру сияқты негізгі ғылыми үдерістердің барлығы менің жауапкершілігімде. Біз тек құрылғы жасап отырған жоқпыз, ғылыми негізі терең технология қалыптастырып жатырмыз. Инженерлік командамен бірге осы бағытты үнемі жетілдіре береміз, – дейді Г.Қалимолдина.