Университет • Бүгін, 09:00

Инновация саласындағы көшбасшы университет

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті CAREC институтының халықаралық гранттық байқауының жеңімпазы атанды. Бұл жеңіс отандық университеттің ғылыми әлеуетін айқындап қана қоймай, халықаралық серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашып, инклюзивті және цифрлық білім беруді дамытуға бағытталған маңызды қадам. Осыған орай, университетте Орталық Азия Өңірлік Экономикалық Ынтымақтастық (ОАӨЭЫ, CAREC) институтымен бірлескен «Инклюзивті білім беру үшін жасанды интеллекті пайдалану: ОАӨЭЫ өңірі үшін масштабталатын модель» атты халықаралық конференция өтті.

Инновация саласындағы көшбасшы университет

Жиын барысында шетелдік сарапшылар университеттің цифрлық және инклюзивті трансформация бағытындағы бастамаларына жоғары баға берді. Соны­мен қатар ЖИ-дің бағдарламалау мен педа­гогикалық әдістемелерді жетілдірудегі рөліне ерекше назар аударып, ЖИ технологияларын білім үдерісіне енгізудің болашағы мен халықаралық ғылыми ын­ты­мақ­тастықты дамыту жолдары талқыланды.

Бұл іс-шара — инклюзивті білім мен жа­санды интеллектіні біріктіру арқы­лы ОАӨЭЫ (Орталық Азия Өңірлік Эконо­микалық Ынтымақтастығы) өңірінде сапалы білімге тең қолжетімділікті қамта­масыз етуге бағытталған. Ө.Жәнібеков университеті осындай бастама арқылы аймақтық және жаһандық білім кеңістігінде иннова­циялық көшбасшы ретінде танылып отыр. Ғылыми жиынға Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының міндетін атқарушы Гүлжан Жарасова, CAREC институты Әлеуетті арттыру жөніндегі маман Стивен Хао Лю, АҚШ, Стэнфорд университеті, Жасанды интеллект саласының профессоры, LiveTech.AI компаниясының негізін қалаушы Юнес Бенсуда Мурри, Назарбаев университеті, Смарт жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) бас директоры Хусейн Атакан Варол сияқты жасанды интеллект және инклюзивті білім саласындағы сарапшылар қатысты.

Қазір университетте инклюзивті білімнің жаңа моделін ескере отырып, жаңартылған білім беру бағдарламалары әзірленіп, іске асып жатыр. Барлық білім беру бағдарламасының 3-курс сту­дент­тері үшін «Білім беру үдерісінде жасанды интеллектіні қолдану» бойын­ша пән енгізілді. Сонымен қатар жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар бағытында 3 мемлекеттік қаржыландырылатын гранттық ғылыми жоба жүзеге аса бастады. Аталған іс-шара білім мен технологияны тоғыстырып, болашаққа бағытталған жаңа идеялар қалыптастыруда халықаралық ынтымақ­тастықтағы жаңа қадам саналады. АҚШ, Еуропа және Орталық Азия елдерінен келген халықаралық сарапшылардың тәжі­рибесі мен идеялары негізінде инклюзивті білім беруге жасанды интеллектіні енгізудің аймақтық жол картасы әзірленіп, бүкіл Орталық Азия өңірінің білім кеңістігін жаңғыртуға жаңа серпін бермек.

Бүгінде әлем жаңа дәуірге қадам бас­ты. Ол цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірі деп аталады. Барлық технология, өндіріс соған қарай бейімделіп жатыр. Соның арқасында халыққа қызмет көрсету саласы жеңілдеді. Еңбек өнімділігі арта бастады. Бұрын қаншама уақытты алатын құжаттық рәсімдер цифрландыру жүйесінің көмегімен әп-сәтте орындалып жатыр. Күрделі математикалық есептеулер, болжамдар, зерттеулер жасанды интеллект арқылы анағұрлым оңайлай түсті. Қазақстанда бұл салада елеулі жетістіктер бар. Цифрландыру жүйесі дамыған елдердің дүниежүзілік рейтингісінде біздің мемлекеттің алдыңғы орында тұруының өзі көп нәрсені аңғартады. Ендігі кезекте салалардың өркендеуі, адамзаттың тіршілігіне қатысты бүкіл прогресс атаулысының дамуы цифрландыру мен жасанды интеллект аясында жүретін болады. Бұл үдеріс әлдеқашан бас­талып кетті. Оны тоқтату мүмкін емес. Ең ма­ңыздысы технологиялық даму көшінен әлемде соңғы болып қалып кетпеу. Осы тұрғыдан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен міндеттер қойып отыр. Ол алдағы болашақта Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыру. Соның ішінде жасанды интел­лектіге де үлкен бәс тігілді. Жаңа технология адам өмірінің барлық саласына дендеп енуі керек. Бұл жайында Президент халқына арна­ған биылғы Жолдауында атап өткен болатын.

«Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет», деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда жаңа технологияны меңгерудегі жауапкершілік бірінші кезекте сол саланың тиісті мамандарын даярлайтын жоғары және арнаулы оқу орындарының мойнына жүктелері анық. Президент айтқан тапсырмаларды орындау мақсатында бүгінгі таңда білім саласында үлкен өзгерістер болып жатқаны белгілі. Бастамаларды алғашқы болып қолға алғандар қатарында Ө.Жәнібеков университеті тұр деп сеніммен айта аламыз. Оқу ордасының жаңа біліммен қаруланған мамандар даярлауы Шымкент қаласы үшін де үлкен абырой. Бүгінде жергілікті атқарушы билік Президент тапсырмасын іске асыру бағытында ауқымды жұмыстарды бастап жатыр. Ол  – мегаполистегі құрылымдарды жасанды интеллект пен цифрлық жүйеге көшіру. Осынау маңызды әрі стратегиялық жоспарды орындауға Жәнібеков университеті бір жағынан үлкен қолдау білдіріп отыр. Жалпы, мемлекеттің дамуы ең алдымен білім саласына байланысты. Елді прогреске, болашаққа сүйрейтін білікті кадрлар. Олай болса, оларды даяр­лайтын оқу орындарының біліктілігі де жоғары болуға тиіс. Бұл жағынан университет көп жұмыс атқарады. Тіпті халықаралық тәжірибе алмасу мәселесі де оқу орнында жүйелі жолға қойылған.

Мәселен, академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шақырылған Үндіс­тандағы Джавахарлал Неру университе­тінің профессоры, PhD Манжу Кхари бүгін­ге дейін белсенді ғылыми және акаде­миялық қызмет атқарды. Ол бірқатар іс-ша­раға қатысып, білім алушыларға мазмұнды дәрістер оқыды, сондай-ақ жас ғалымдар мен профессор-оқытушылар құрамына арналған ғылыми семинар өткізді. Қазір профессор Манжу Кхари университет ғалымдарымен бірлесе отырып, Ғылым және жоғары білім министрлігі жариялаған гранттық қаржыландыру конкурсына арналған бірлескен ғылыми жобаны әзірлеп жатыр. Профессордың университетке келу кезеңі Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауымен тұспа-тұс келді. Осыған орай, жасанды интеллект саласының жетекші маманы, профессор Манжу Кхари университеттің оқытушылар құрамымен бірге білімнің жаңа көкжиегін кеңейтуге күш сала бастады. Президент Жолдауында көтерілген жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың ел дамуы үшін стратегиялық маңызына тоқталған профессор, бүгінгі заман ғылымына жол салған Қазақстанның ұстанымы мен саясатын жоғары бағалап отыр. Сондай-ақ жуырда ғалым білім алушыларға дәріс оқып, жас ғалымдарға «Цифрлық транс­формация және жасанды интеллект: зерттеу үдерісін жаңаша түсіну» тақыры­бында ғылыми семинар өткізді. Сем­и­нар барысында Манжу Кхари жасанды ин­теллектіні ғылыми зерттеулерде қолданудың заманауи тәсілдерін таныстырып, цифрлық платформаларды тиімді пайдалану тәжірибесін көрсетті. Сонымен қатар ол халықаралық ғылыми жобалардағы үздік тәжірибелер мен серік­тес­тік мүмкіндіктерін талқылап, жас ғалым­дарға өз зерттеулеріне AI технологияла­рын интеграциялауға жол сілтеді. Профессор Өзбекәлі Жәнібеков университеті Үндістанның Джавахарлал Неру университеті арасындағы ғылыми ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгеніне, екі ел арасындағы білім мен зерттеу саласындағы серіктестіктің нығайып келе жатқанына сенім білдірді.

«Қазақстанның жасанды интеллект пен цифрлық жүйені дамыту бағытында қолға алған жұмыстары шыны керек мені ерекше таңғалдырды. Үндістанның да қазақ елінен үйренер тұстары көп екенін білдім. Енді Қазақстан үш жылда цифрлық мемлекет ретінде әлемнің алдына шығуды жоспарлап отыр. Бұл стратегиялық мақсатты жүзеге асыруға Жәнібеков университетінің халықаралық ынтымақтастық аясында атсалысуы шын мәнісінде қуантарлық жағдай. Білімі озық ел әрдайым алда жүреді. Осы салаға ерекше көңіл бөліп отырған Қазақстанның жауапты сала басшылығына өте ризамын», деді ғалым.