Саясат • Кеше

Қазақстан баж салығын төмендету туралы Ресей ұсынысын қолдамады

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Ресей Федерациясының Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясында ет импортына салынатын кедендік баж мөлшерлемелерін төмендету жөніндегі ұсынысын қолдамады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz

Қазақстан баж салығын төмендету туралы Ресей ұсынысын қолдамады

Фото Informburo.kz

Оның айтуынша, Ресей бұл бастаманы ет өнімдері нарығындағы тапшылыққа жол бермеу, бағаны тұрақтандыру және ішкі нарықты толықтыру мақсатында көтерген. Ұсынысқа сәйкес, ірі қара мал еті импортына арналған ЕАЭО Бірыңғай кеден тарифі бойынша кедендік баждың қолданыстағы мөлшерін 50%-дан 27,5%-ға дейін төмендету, сондай-ақ тарифтік квотаны 570 мың тоннадан 130 мың тоннаға дейін азайту көзделген.

Алайда бұл ұсыныс бірнеше рет Еуразиялық экономикалық комиссияның отырыстарында қаралып, Қазақстан тарапы қолдамаған.

«Отандық мал шаруашылығы өндірушілерінің ішкі нарықты қорғауға бағытталған ұстанымдарын ескере отырып, қазіргі кезеңде баж мөлшерлемесін төмендету түріндегі тарифтік жеңілдіктер беру орынды деп танылмады», деді Жұманғарин Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере отырып.

Вице-премьердің айтуынша, ішкі нарықты қамтамасыз ету және мал шаруашылығын дамытуға қатысты алдағы қадамдар нарықтың қазіргі жағдайына жасалатын жан-жақты талдау нәтижесінде айқындалады. Бұл ретте халықтың және аграрийлердің мүдделер теңгерімі сақталады.

Жұманғариннің мәліметінше, Үкімет мал шаруашылығын жүйелі дамыту бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл шаралар мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруді, ірі қара мал басын көбейтуді, ішкі нарықты қамтамасыз етуді және экспорттық әлеуетті арттыруды қамтиды.

2021–2030 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту тұжырымдамасы мен 2024–2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту кешенді жоспары аясында өңдеуші кәсіпорындарға қолдау көрсетіліп жатыр. Атап айтқанда, терең өңдеуге арналған шикізатты сатып алуға субсидия беріледі, инвестициялық шығындардың 25%-ына дейін өтеледі, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен Аграрлық несие корпорациясы арқылы жылдық 2,5–5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер ұсынылады. Сондай-ақ қосылған құн салығын 70%-ға дейін азайту сияқты салықтық ынталандырулар қарастырылған.

Министрдің айтуынша, Австралия технологиясы бойынша ет кластерлері енгізіліп жатыр. Бұл шағын шаруашылықтарды өндірістік тізбектерге тартуға және мал басын көбейтуге ынталандырады.

«1 тамыздан бастап жылдық 5% мөлшерлемемен бордақылау алаңдарын несиелеу бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарламаны қаржыландыруға 50 млрд теңге бөлінді. Бұл өндірістік қуаттардың жүктемесін 60%-дан астам арттыруға мүмкіндік береді», деді ол.

Сондай-ақ, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда фермерлерге микрокредиттер мен лизингтерді жеңіл шарттармен беру тетігі енгізілді.

Жұманғариннің айтуынша, ел ішінде өнім өндірісін арттырумен қатар экспортты кеңейту шаралары да жүргізіліп жатыр.

«2030 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін 70%-ға жеткізу міндеті қойылды (2024 жылдың қорытындысы бойынша – 52%). Экспортты қолдаудың қаржылық және қаржылық емес 20-дан астам құралы бар: экспорттық тәуекелдерді сақтандыру, шығындарды өтеу, халықаралық көрмелер мен форумдарға қатысуды субсидиялау, сертификаттау және логистикалық шығындардың бір бөлігін өтеу», деді ол.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру мақсатында 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын қолдау және дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатыр.

«Кешенді жоспар мал басын көбейту, өнімділікті арттыру, өңдеуді дамыту және экспорттық әлеуетті кеңейтуге бағытталған нақты мақсатты көрсеткіштерді қамтиды. Сондай-ақ, жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелеу, асыл тұқымды мал сатып алуға арналған жеңілдетілген несие, «Даму» қоры арқылы 80%-ға дейін кепілдендіру тетігі, жас фермерлерге жер учаскелерін бөлу рәсімдерін жеңілдету, саланың қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау шаралары — малшылар мен шопандар үшін зейнет жасының төмендетілуі, олардың балаларына тегін жоғары білім мен әскерден босату құқығы қарастырылған», деді вице-премьер.

Ол бұл шаралар мал шаруашылығын дамыту мен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.