Аймақтар • Бүгін, 08:45

Еңбеккерлердің мерейін тасытты

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Алматы облысының Райымбек ауданында Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Сабан Fest – 2025» атты еңбек мерекесі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс-шара аясында ауыл шаруашылығы саласында жетістікке жеткен үздіктердің еңбегі дәріптеліп, құрмет көрсетілді.

Еңбеккерлердің мерейін тасытты

Аспантау өңірін ән-жырға бөлеген мереке аясында асыл­тұқымды мал мен ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, аудан ша­руаларының еселі еңбегінің нәтижесі көпшілік назарына ұсынылды.

«Ауданымыз – ауыл шаруа­шылығы бағытындағы аудан. Өңірдің түгін тартса майы шы­ғатын дарқан даласы, жанға жайлы табиғаты, жердің ерекше құнарлылығы таулы аймақта ауыл шаруашылығын дамытып, жетілдіруге сұранып тұр. Ауданымыздың экономикалық дамуы ауыл шаруашылығы саласына тікелей байланысты. Бүгінде бұл саланы дамытудың тың жолдары қолға алынып, мем­лекеттің қамқорлығын сезін­ген ауыл еңбеккерлері қар­қынды еңбек етіп, орасан жетіс­тіктер­ге қол жеткізіп отыр», деді сал­танатты шараның ашылуымен құттықтаған Райымбек ауда­нының әкімі Дастан Құдабаев.

Айтса айтқандай-ақ, «Altyn DAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі былтырдан бері аудан­да су үнемдеу технологияларын, соның ішінде жаңбырлатып суару жүйесін енгізуді қолға алды. Аталған жоба аясында биыл 500 гектар жерге, жалпы құны 500 миллион теңге болатын заманауи суару қондырғылары орнатылды. Жаңа технологияларды тиімді пайдаланудың нәтижесінде 150 гектар жерге егілген картоптың өнімділігі едәуір артты. Бүгінде аталған шаруашылық Орталық Азияға танымал «PepsiCo Central Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 1200 тонна картоп өткізу туралы және елдегі ең ірі «Magnum» сауда желілерімен 2000 тонна тауарлық картоп жеткізу жөнінде келісім жасады. Сонымен қатар фри мен чипсы өндірісіне арналған «Леди Клэр» және «VR 808» картоп сорттарын 78 гектар жерге егіп, жоғары сапалы өнім алуға бағытталған жұмысты бастап отыр. Бұл бастама – ауданның ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру, экспорттық әлеуетті арттыру, су ресурстарын ұтымды пайдалану бағытындағы нақты қадамдардың бірі. Биыл аудан шаруалары 2300 гектар алқапқа картоп егіп, әр гектардан орта есеппен 250–300 центнерден өнім жинаған.

а

Іргелі аудандағы ірі қара мал саны – 66 мың бас, қой мен ешкі – 267 мың бас, жылқы – 42 мың басқа жетті. Қазір ауданда 2316 шаруа қожалығы тіркеліп жұмыс атқарып жатыр.

Таулы ауданда ірі қара малын асылдандыру және мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда ойсылқара тұқымын асылдандырумен 12 шаруа қожа­лығы, ал асыл тұқымды қой-ешкі мал өсірумен 6 шаруа қо­жа­­лығы айналысып жатыр. Бұл шаруа­­шылықтарда «Ангус», «Гере­форд», «Қазақтың ақ бас сиы­­ры», «Қалмақ» тұқымды ірі қара малдары, сондай-ақ «Ар­қар мери­нос» және «Иль-де-Франс» тұқым­ды қойлары өсірілу­де. Атал­ған асыл тұқымды малдар­дың еті мен сүтінің сапасы, көле­мі жөнінен қарапайым мал тұқым­дарынан екі есеге дейін жоғары.

Ал жемшөп шығынының деңгейі шамалас екенін ескерсек, алдағы уақытта аудан көлемінде мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын кеңінен қолға алу аса маңызды саналып отыр. Осы бағыттағы жұмысты жүйе­леу мақсатында биыл аудан әкім­дігі мен «Қазақ ұлттық аг­рар­лық университеті» арасында мал тұқымын асылдандыру жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Бұл келісімнің нәтижесінде университет ғалымдары шаруа­шылық­тарда мал тұқымын жақ­­сар­ту ісіне ғылыми жетек­шілік жасап, әдістемелік қолдау көрсететін болады.

Сонымен қатар «Асыл түлік» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің мамандары ауданнан қолдан ұрықтандыру ісі бойынша 13 азаматты арнайы оқытып, оларға техник-осеменатор сертификаттары табысталды. Атал­ған маман­дардың қатысуымен аудан бойынша 10 000 бас қойды қолдан ұрықтандыру жоспарланып отыр. Бұл жоба мал шаруашылығын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, өнімділікті арттыруға елеулі үлес қосатын маңызды қадам болмақ.

Елімізде ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарлама­лар іске асырылуда. Соның нәти­жесінде бұл салаға көрсе­ті­ле­тін мемлекеттік қол­дау кө­лемі жыл сайын артып, ша­­руа­шы­лықтардың материалдық-техни­калық базасы нығайып отырғанын атау орынды. Осы жылы жеңілдетілген лизинг бағдар­ламасы аясында аудан шаруа­шылықтары жалпы құны 815 мил­лион теңгеге 50 бірлік трактор және 15 бірлік ауыл шаруа­шылығы агрегаттарын сатып алған.

Аудан әкімі өз сөзінде мемлекет тарапынан қабылданып жатқан бағдарламалардың тиім­­ділігін пайдалана отырып, аудан кө­лемінде мал бордақылау алаң­дарын құру, егін және мал шаруашылығын жаңғырту жұ­мыстарын жандандыру қажет­тігін айтты.

Ауданда қажырлы еңбек етіп, еліміздің өркендеп өсуіне орасан зор үлес қосқан, ел құр­метіне бөленген «Еңбек ерлері» Шүйкебай Шарғынов, Өмірәлі Дәркенбаев, Қажымұхан Дихан­баев, Нүсіпбек Әшім­баев­тардың ауыл шаруашы­лығы сала­сындағы тағылымды жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі-өне­­ге. Сон­дай-ақ ұзақ жыл шаруа­шылық басқарып, Бүкіл­одақтық орталық комитеттің ауыспалы «Қызыл туын» бірне­ше рет жеңіп алған, «Еңбек қызыл ту» ордендерінің иегер­лері, еңбек майталмандары Кеңесбай Бай­ханов, Тель­ман Исабаев, Есен Қонаев, Рауан Әріпов, Сұлтанмұрат Құдабаев, Амангелді Ботан­беков, Күлән Әбді­баева, Гүл­бара Бәшебаева, Гүлдария Алтынбекова, Әлдибек Өміржанов, Жетен Ақта­лов, Даубай Мәнжуов, Байсерке Жүнісбаев, Бердіғожа Қоқым­баев сынды майтал­мандардың аудан экономикасын арттыру жолында жасаған еселі еңбектері де ел есінде сақ­талған. Осыған қарап-ақ қажы­май-талмай еңбек етіп, аудан жұртшылығының мақта­нышына айналған азаматтардың келер ұрпақ алдында беделі зор, мерейі үстем болары анық.

– Ауданымыздың ауыл­ша­руашылық саласында атқа­рылған істер аз емес. Алда тұр­ған міндеттер одан да ауқым­ды, біздің алдымызда ел ырыз­дығын еселеуге бағытталған жүйелі жоспарлар тұр. Бүгін алғаш рет «Сабантой» мерекесі ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта бұл шараны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарлануда. Біздің ортақ мақсатымыз – ауылдың әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығын заман талабына сай жаңа деңгейге көтеру. Ол үшін мемлекет ұсын­ған мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, жаңа технология­лар­ды енгізіп, инновациялық тәсілдерді тәжірибеге айналдыруымыз қажет. Егер барлығымыз бірлесе жұмыс атқарып, тиімді шешімдерді ортақ ақылмен қабылдап, тек адал еңбекке сүйен­сек, жер-ананың берекесі де, несібесі де бізге молынан бұйыратыны анық. Біз бірге әрекет етсек, ауданымыздың ауыл шаруашылығын жаңа белес­ке көтеріп, Райымбек өңі­рін аграрлық дамудың үлгі­сіне айналдырамыз деп се­не­мін. Жұмысшы маман­дықтары жылы аясында ұйымдас­тыры­лып отырған күзгі жиын-терін мерекесі құтты болсын. Бірлігі­міз бекем болып, еңбегіміз еселене берсін, – деді Дастан Құдабаев.

Болашақта бұл шара тек салтанатты жиын ғана емес, сала мамандарының тәжірибе алмасып, өзекті мәселелерді талқылайтын, жаңа бастамаларды қолға алатын маңызды алаңға айналатын болады. Мұндай кездесулер арқылы ауыл шаруа­шылығын дамытудағы тиімді шешімдер қабылданып, шаруалар мен кәсіпкерлер арасындағы ынтымақтастық нығая түседі деген сенім зор.

Жылма-жыл егіс көлемін ұлғайтып, жер-анадан берекелі өнім жинай білетін, төрт түлігін түлетіп, ет-сүт өндіруде алдына жан салмай ырыс-құтты тасыт­қан ауыл шаруашылығы қыз­меткерлерінің атакәсіпті дамы­туға қосып жатқан үлесі ора­сан. Бұл күні үздік еңбек­кер­лер түрлі аталымдармен мара­пат­­тал­ды. «Үздік механизатор», «Үздік малшы», «Егін және мал шаруашылығының үзді­гі» ата­лымдарының жеңім­паздарына құрмет көрсетілді.

Ауыл еңбеккерлерінің ме­рейін тасытқан айтулы шара барысында марапат иелері­нің бірі, шаруашылық басшысы Олжас Қанапияев өз қуаны­шын бөлісті.

«Бүгін еңбегімнің еленгеніне өте қуаныштымын. Бұл менің ғана емес, ұжымымның маңдай тері. Шаруашылықтың тасын өрге домалатуда он шақты адам тынбай еңбек етіп келеді, сол үшін оларға алғыс айта­мын. Ауыл еңбеккерлерін қол­дап, мерейін өсіретін фестиваль бізге тың серпін берді», деді ол.

Фестиваль соңында жер­гілікті өнерпаздар мерекелік концерт ұйымдастырып, тұр­ғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ балуандар белдесіп, жастар арасында қошқар көтеру мен арқан тарту сайыстары өтті.

Ұйымдастырушылар «Сабан ­Fest» алдағы уақытта дәстүрлі түрде жыл сайын өткізілетінін жеткізді. Бұл бастама – еңбек адамын ұлықтау, ауыл шаруа­шы­лығы саласына деген құр­метті а­рттырып, жастарды ең­бекқор­лыққа баулудың жарқын үлгісі.

 

Алматы облысы