Шаруашылық • Бүгін, 08:55

Карбон полигонының мүмкіндігі зор

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаһандық климаттың өз­геруі және парниктік газдар шыға­рын­дыларын азайту жөніндегі халықаралық міндеттемелер жағ­дайында карбонды егіншілік аграр­лық секторды дамытудың стра­тегиялық бағытына айналады.

Карбон полигонының мүмкіндігі зор

Қазақстан Президентінің жа­нындағы Ұлттық ғылым академия­сы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың климаттық тұрақтылықты қам­тамасыз ету және Қазақстан Республикасы­ның 2060 жылға дейін көміртегі бей­тараптығына қол жеткізу жө­ніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында еліміздегі алғаш­қы агроклиматтық «Kaz agro carbon» карбон полигонын аш­ты. Аталған полигон А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылы­ғы ғылыми-өндірістік орталығы­ның базасында орналасқан, бұл игі іске ресейлік серіктес ретін­де Ресей ғылым академиясының федералдық аграрлық экология ғылыми орталығы да қатысып жатыр.

Бір айта кетерлігі, полигон типтік агроландшафтық аумақ­та орналасып, экожүйелердің жағдайын жыл бойы бақылауға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіл­ген. Мұнда топырақтағы көміртегі теңгерімін, CO₂ және CH₄ ағынын өлшейтін камералар мен сенсорлар орнатылған, сондай-ақ температура, ылғалдылық және жауын-шашын көрсеткіштерін тіркейтін метеорологиялық бекеттер жұмыс істейді.

Сараптамалық бағалаулар бо­йынша Қазақстанда көміртекті секвестрлеу әлеуеті жылына 535 миллион тоннаға дейін жетуі мүмкін. Көміртекті офсеттер саудасы жыл сайын ел экономикасына 25 миллиард долларға дейін тартуға мүм­кіндік береді, бұл орнықты даму мен экономикалық әлеуетті нығайту үшін жаңа мүмкіндік­тер сыйлайды. Болашақта полигон фермерлер үшін тәжірибелік алаңға айналып, олар жиналған көміртегін сертификаттау және көміртегін квоталау жүйесіне қатысу мүмкіндігіне ие болады. Бұл Қазақстанның көміртегі квоталары нарығына ресми түрде шығуына және экологиялық нәти­желерді нақты экономикалық табысқа айналдыруға жол ашады.

Карбон полигонының ашылу аясында карбонды егіншілікті дамытудағы негізгі сын-қатерлер мен полигон жұмысының басым бағыттары талқыланған көш­пелі кеңес өткізілді. Қазақстан Прези­дентінің жа­нындағы Ұлттық ғы­лым ака­демиясының прези­денті Ақылбек Күрішбаевтың пікі­­рін­ше, көмір­тегі бейтараптығы­на қол жеткізу – Қазақстан үшін стратегиялық басымдық әрі кли­маттық мақсат­тарды жүзеге асырудың басты бағыты. Біздің елімізде топырақ пен биомассада көміртегін жинақтау әлеуеті зор. Кең жайылымдар мен игерілмеген жерлерді қалпына келтіріп, оларды тиімді көміртегі қоймасы ре­тінде пайдалануға болады.

Осы тұрғыда Ресей ғылым ака­демиясының  федералдық  аграрлық экология ғылыми орталығы­мен бірлесіп құрылған бұл кар­бон полигоны азық-түлік қауіпсіздігі міндеттерін ұлттық климаттық стра­тегия мақсаттарымен бірік­тіруге мүмкіндік береді. «Kaz Agro Carbon» карбон полигоны – көміртегі теңгерімі мен парниктік газдарды өлшеу, модельдеу, бол­­жау және басқару бойынша біре­гей ғылыми-тәжірибелік база әрі тиім­ді алаң болмақ. Екі елдің ға­лым­дары ауыл шаруашылығы эко­жүйелерінде парниктік газдар шы­ғарындыларын азайту және кө­мірқышқыл газын сіңіру техно­логияларын әзірлеп, сынақтан өт­кізеді. Полигон Қазақстанда ашық мониторинг пен сертификаттау деректеріне негізделген көміртегі бірліктері нарығын қа­лыптастыруға мүмкіндік беріп, ішкі сауданы дамыту мен халық­аралық климаттық механизмдер­ге интеграцияланудың негізін қалайды.

Ауыл шаруашылығы өнді­ру­шілері үшін полигон эколо­гия­лық және экономикалық артықшылықтарды біріктіретін маңызды құрал. Ол оларға ғылыми зерттеулер мен сынақтардың нәти­желерін нақты өндірістік жағдайларда қолдануға, жинал­ған көміртегін сертификаттау жүйе­сіне және квоталау меха­низм­­де­ріне қатысып, көміртегі несие­лері ­мен қосымша табыс алуға жағдай жасайды.

Көміртекті егіншілікті табыс­ты дамыту үшін Қазақстанда агроэкожүйелердегі көміртегін басқарудың жүйелі моделі қажет. Осы бағыттың маңыздылығын мойындай отырып, Академия ұзақмерзімді ғылыми-техника­лық бағдарламаға арналған «Карбон­ды егіншіліктегі топырақ көмір­те­гін және парниктік газдарды бас­қа­рудың кешенді және интег­ра­цияланған тәсілдері: топырақ құнарлылығын арттыру және аграрлық сектордың климаттық тұрақтылығын қамтамасыз ету стратегиясы» атты техникалық тапсырма жобасын әзірледі.

Ресейлік әріптестер екі ел ара­­сындағы карбондық «полигон» ашу жөніндегі келісімдердің маңыздылығын және оны іске асырудың нақты қадамдарын жоғары бағалады. Бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы бірлескен ғылыми зерттеу, климаттық және агротехнологиялық бастамаларды дамытуға жаңа серпін береді.

Ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Күрішбаев, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М.Ошурбаев, Ресей Феде­рациясы Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі ғылыми-тех­но­ло­гиялық даму саласындағы мем­лекеттік саясат департаментінің директоры А.Шашкин, ғылым және білім беру ұйымдарының басшылары, бизнес өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар мен фермерлер қатысты.

Күтілетін нәтиже – полигон Қазақстанда көміртегі бірлік­терін сертификаттау және квоталау жүйесін дамытудағы негізгі орталыққа айналып, көміртегі нарығын қалыптастыру және халықаралық климаттық жобаларды бірлесіп іске асыру бағытында практикалық ынтымақтастық алаңы болмақ.

 

Ақмола облысы,

Шортанды ауданыфч