Жалпы сомасы 2 млрд теңгеден астам қаржыға алынған жаңа техникалардың ішінде 19 өрт сөндіру автоцистернасы, жүріс қабілеті жоғары 8 жедел-жеңіл автокөлік, 1 құтқару қайығы, республикалық бюджет есебінен алынған 2 сорғы-жеңді автомобиль бар. Бұл Ақжайық өңірі төтенше жағдайлар қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы маңызды қадам болды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мамандыққа адалдық таныту, ерлікке және кез келген сынаққа дайын болу – төтенше жағдай қызметі мамандарына қойылатын басты талап» деген болатын. Президентіміз азаматтық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мен қызметкерлердің әлеуметтік мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыс біздің облыста да жүйелі түрде жүзеге асып жатыр, – деді өз сөзінде аймақ басшысы Н.Төреғалиев. Облыстың төтенше қызмет саласында оң өзгерістер аз емес. Жақында Бөрлі ауданына қарасты Ақбұлақ ауылында жаңа өрт сөндіру пункті іске қосылды. Нысан ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Батыс Қазақстан облысы