Бағдарламаны дайындау барысында жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мәселелеріне, өңірдің медициналық ұйымдары қызметінің жұмысына кешенді талдау жүргізілді, өзекті мәселелер анықталды, оларды кезең-кезеңімен шешу жөнінде шаралар ұсынылды. Соның бір дәлеліндей, ұлытаулықтарға жоғары технологиялық кардиохирургиялық көмек қолжетімді болды.
Ұлытау облысында алғаш рет бес пациентке кардиовертер-дефибрилляторды импланттау бойынша жоғары технологиялық операция жасалды. Операциялар Денсаулық сақтау министрлігінің, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының, «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен, «Жезқазған» медициналық орталығының базасында орындалды. Жоба жетекшісі – UMC Heart Center интервенциялық аритмология бөлімшесінің меңгерушісі Өмірбек Мұздарұлы.
Бұған дейін сырқат адамдар мұндай қызметтерді Астана, Алматы, басқа да ірі қалалардың медициналық орталықтарынан алатын. Енді кардиохирургиялық көмек жергілікті жерде көрсетіледі. Бұл емделуге кететін шығын мен күту уақытын қысқартады. Айта кетерлігі, операциялар МӘМС жүйесі шеңберінде орындалады. Демек, өңірдің әрбір сақтандырылған пациентіне қолжетімді болады.
Ұлытау облысы