Жалпы құны 1,2 млрд теңге болатын жедел жәрдем көліктері облыс әкімдігінің қолдауымен лизинг бойынша сатылып алынған. Зауыттан жаңа шыққан автокөліктердің бәрі халықаралық талаптарға сай заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған.
Жедел медициналық көмек қызметі жыл басынан бері облыс көлемінде 285 мыңнан астам шақыртуға шыққан. Нәтижесінде сәтті реанимациялар 30,5% -дан 53,1% - ға дейін өскен.
«Бүгінде әрбір екінші реанимация адам өмірін құтқарумен аяқталады. Сондықтан бұл сандар – жай құрғақ статистика емес. Оның артында сіздердің ерен еңбектеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен өздеріңізге жүктелген маңызды міндетке деген адалдықтарыңыз жатыр. Сіздер күн сайын инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да ауыр жағдайларда жедел көмекке жетіп, талай науқасты ажалдан арашалап қалдыңыздар. Халыққа сапалы, қолжетімді әрі уақтылы медициналық көмек көрсету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы бүгінде денсаулық сақтау жүйесін дамытуды, дәрігерлерге қолдау көрсетуді жүктеп отыр. Кейінгі жылдары ауылдық жерлерде 600-ден астам медициналық нысан салынып, пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін қалған 55 нысанды тапсырып, Президенттің тапсырмасын толық орындаймыз. Соның ішінде Қостанай облысында 25 нысанның құрылысы жүріп жатыр», деді министр.
Жаңа көліктер осы аптаның соңына дейін облысқа қарасты қалалар мен аудандарға жеткізілетін болады.
Облыс әкімі бүгінде мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласын дамытуға, оның ішінде материалдық-техникалық базаны нығайтуға ерекше назар аударып отыр. Осы тапсырмаларды орындау үшін өңірде ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Ауылдық жерлерде медициналық нысандардың құрылысы белсенді жүріп жатыр. Былтыр 28 нысан салынса, жыл соңына дейін тағы 4 медициналық орталық пайдалануға беріледі. Нәтижесінде ауылдарда 32 жаңа медициналық мекеме жұмыс істейтін болады. Бұл нысандар заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұның бәрі ауыл тұрғындары үшін үлкен көмек», деді Қ.Ақсақалов.
Облыс әкімінің айтуынша, бұған дейін жедел жәрдем қызметіне тиесілі жүз машинаның 76 пайызы ескі болған. Жаңа көліктер берілген соң, аталған қызмет пайдаланатын автокөліктердің 90 пайызы жаңарып отыр.
Ақмарал Әлназарова Қостанайда жаңа заманауи жедел жәрдем ғимараты салыну қажет екенін атап өтті. Бүгінде облыс әкімдігі мұндай ғимараттың орнын белгілеп қойған. Қазір құрылыс жұмыстарының жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр.
Қостанай облысы