Сурет: 24.kz
Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов атап өткендей, шеберлік сабағын өткізу – жай ғана тәжірибе алмасу емес, халықаралық стандарттарды отандық тәжірибеге енгізудің нақты қадамы.
«Біз жапондық ғылыми орталықпен келісімге келудің соңғы кезеңіне шықтық. Алдағы жылдан бастап Алматы облысының хирургтері мен эндоскопистері Жапонияда тегін оқып, тағылымдамадан өте алады. Қатысу шарттарының бірі – ағылшын тілін білу. Бұл жас мамандарға үлкен ынталандыру болады, денсаулық сақтау жүйесінің кадрлық әлеуетін нығайтады. Сонымен қатар отандық дәрігерлер елдің жетекші медициналық мекемелерінің бірі саналатын Астанадағы Ұлттық онкология орталығына да оқуға жіберіледі. Мақсатымыз – медициналық кадрлардың кәсіби дамуын үздіксіз қамтамасыз ету, озық технологияларды қолданысқа енгізу», деді Ержан Әбілқасымұлы.
Шеберлік сабағына Жапониядан келген екі жетекші маманмен қатар, еліміздің штаттан тыс бас эндоскописі, профессор Қанат Батырбеков қатысты. Эндоскопиялық операциялардың көрсетілімдері, оқу сессиялары, клиникалық жағдайларды талқылау болып өтті.
Жапондық мамандардың отандық дәрігерлерді оқытуға қатысуы – денсаулық сақтау жүйесінің дамуына қосылған баға жетпес үлес. Мұндай іс-шаралар дәрігерлердің біліктілігін арттырып қана қоймай, медициналық көмектің сапасын стратегиялық тұрғыдан күшейтуге ықпал етеді.
Эндоскопия орталығының меңгерушісі, хирург дәрігер Тахир Шкуралиевтің айтуынша, жапон эндоскопия мектебі жоғары техникалық дәлдігімен қатар, ұқыпты араласу философиясымен ерекшеленеді. Оның сөзінше, Алматы облысының мамандары тек технологияны ғана емес, сол көзқараспен ойлау жүйесін де меңгеріп жатыр. Бұл – бүкіл эндоскопия қызметінің дамуына жасалған маңызды қадам.
Отандық эндоскопия қоғамдық бірлестігінің төрағасы, профессор Қанат Батырбеков мұндай шеберлік сабақтарын өткізу саланың өсуінің басты кепілі екенін, дәл қазіргі режімде көруге болатын операциялар, нақты жағдайларды талқылау, халықаралық сарапшылармен қарым-қатынас – мұның барлығы пациенттерге көрсетілетін көмектің сапасына тікелей әсер ететінін айтады.
Шеберлік сабағының екінші күні пациенттерге консультация беру, қосымша хирургиялық көрсетілімдер, сараптамалық пікірталастар өтті. Осындай деңгейдегі іс-шараның Қонаев қаласында ұйымдастырылуы отандық мамандардың жоғары кәсіби даярлығының, еліміз медицинасының халықаралық кәсіби ынтымақтастыққа ашықтығының дәлелі болды.
Алматы облысы