Логистика • Бүгін, 09:02

Көлік жүйесін басқарудағы жаңашылдық

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда елдегі көлік жүйесін басқарудың жаңа моделі қажет деп баса айтты. Бүгінде елімізде 13 мың километр автожол салынып әрі жөнделіп жатыр. Сондай-ақ Президент Қытайдан Еуропаға Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымалдау уақытын 3-тен 1 бөлікке қысқартатын Сексеуіл – Бейнеу жолының құрылысын жеделдетуді тапсырды.

Көлік жүйесін басқарудағы жаңашылдық

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Экономист Бауыржан Ысқақ қазір бұл тақырып өте өзекті екенін айтты. Оның айтуынша, бүгінгі жүйе инфрақұрылымның қарқынды дамуына, транзит ағынының күрделенуіне әрі нарық талаптарының өзгеруіне толық бейімделе алмай отыр.

«Жаңа басқару моделі бір­неше бағытты қамтуға тиіс. Ең алдымен тұтас интеграцияланған басқару қажет. Автожол, теміржол, порттар, логистикалық ин­фрақұрылым бір жүйеде үй­лесуі керек. Екінші маңызды мәселе – инвестиция қайтарымы. Мемлекет қаржысы нақты мақ­сатқа тиімді жұмсалуы керек. Үшінші бағыт – қызмет көрсету сапасын көтеру. Біз жай ғана жол салумен шектелмеуіміз керек. Жүк иесіне көрсетілетін сервистік, логистикалық қызмет сапасы да жақсаруы қажет. Цифрландыру мен деректерді талдау да үлкен рөл ойнайды. Маршруттарды оңтайландыру, үдерістерді автоматтандыру осы модельдің негізгі тіректерінің бірі болуы керек», деді экономист.

Осы элементтер жүзеге асқан жағдайда көлік жүйесі жаңа­рып, транзиттік табыс өсуге тиіс. Егер осы талаптар орындалса, жаңа модель көлік жүйесін жаңғыртып, транзиттік табыс­ты ұлғайтуға түрткі болады. Еліміздің транзиттік дәліздер бойынша халықаралық бәсекеде ұтылып жатқан жері де жоқ емес. Еліміз Ресей, Әзербайжан, Грузия арқылы өтетін Каспий бағытындағы Транскаспий дәлізіне қатысты бірқатар әлсіз тұстарға ие. Сонымен қатар Таяу Шығыс бағыттарымен салыстырғанда да бірнеше позицияда жеңіліп отырғаны жасырын емес.

«Еліміздің логистикалық қызметтері баяу жүзеге асады. Әртүрлі операциялар арасын­дағы үйлесімділік әлсіз. Транзит­тік рәсімдер күрделі. Құжат айналымы көп. Шекара өткел­дерінің өткізу қабілеті төмен. Теміржолдағы өткізу мүмкіндігі жеткіліксіз. Тарифтік саясат бі­різді емес. Кейде тариф тым жо­ғары, кейде тұрақсыз. Каспий теңізіндегі флот пен порт қуаты да жеткіліксіз. Кейінгі жылдары әлем тасымалда жылдамдық пен тиімділікті талап етеді. Осы тұрғыдан Қазақстан әлі де қымбат әрі баяу бағыт ретінде қабылданып отыр», деп түсіндірді Б.Ысқақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде кон­тейнерлік жүк көлемі әлі де тө­мен, шамамен 7 пайыз дең­гейінде деген еді. Ал әлемде құрғақ жүктің 16 пайыздан астамы контейнер арқылы тасымалданады. Сондықтан да Президент Үкіметке контейнерлік тасымалдауды ынталандыруға арналған арнайы бағдарлама қабылдауды тапсырды. Бұл бағдарламада мультимодальді бағыттарды дамыту шаралары да қаралуға тиіс. Ішкі тасымалдарды көбейту мен саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін тариф саясаты түсінікті әрі тиімді болуы қажет. Қазіргі тариф қалыптастыру жүйесі шашыраңқы, икемді емес. Мұның себебін сарапшымыз Бауыржан Ысқақтан сұрадық.

«Біздегі ең үлкен кедергі – мультимодальді логисти­калық экожүйенің толық қалыптас­пауында. Контейнерлік терми­налдардың желісі жеткіліксіз. Әсі­ресе өңірлік хабтарда тап­шылық байқалады. Теміржол паркі мен контейнер вагондары аз. Экспорт пен импорт жүктің теңгерімсіз­дігі үлкен мәселе. Бос контейнер тасымалдау қымбатқа түседі. Контейнерлік қызмет құны ішкі нарықта жоғары. Логистикалық операторлар арасындағы бәсе­ке төмен. Монополияға жақын құрылым сақталып отыр. Жүк жөндеушілер контейнер форматына көшуге ынталы емес. Контейнерлендіру заманауи логис­тиканың негізі. Оны дамыту үшін мемлекет арнайы ынталандыру бағдарламасын қабылдауы керек. Тарифтер, жеңілдіктер және қатты инфрақұрылымды дамыту бағыты жеделдетілуге тиіс», деді экономист.

Жалпы, еліміздің геогра­фиялық орналасуы елге ерекше ар­тық­шылық береді. Біздің мемлекет Қытай мен Еуропа арасындағы ең қолайлы жолдардың бірінде тұр. Осы ерекшелікті дұрыс пайдалансақ, Еуразиядағы ең маңызды транзиттік торапқа айнала аламыз. Бұл бағыттағы алғашқы ірі қадамдар бірнеше жыл бұрын басталған. «KTZ Express» АҚ бас директоры Дамир Қожахметовтің айтуынша, нақты жұмыстар 2012 жылы жанданды. Сол жылы Қытаймен шекарадағы өткізу бекеттері жаңғыртылып, өткізу мүмкіндігі күшейтілді. Сол кезде Алтынкөл стансасы іске қосылды. Бұл станса елдің транзиттік мүмкіндігін кеңейткен маңызды нысанға айналды.

«2014 жылы Қорғас құрғақ порты жұмысын бастады. Бұл нысан – Орталық Азиядағы ең ірі терминал. Қазір құрғақ порт жылына 800 мың контейнерге дейін өңдей алады. Осы жобалардың арқасында еліміз транзиттік торап болуға нақты қадам жасай бастады. Дәл осы инфрақұрылымдық жаңғырту елімізді Еуразия логис­тикасында маңызды орынға әкел­ді. Алайда бірқатар қиын­дық та бар. Кейінгі жылдары Қытайдан Еуропаға өтетін Қазақстанды айналып өтетін балама бағыттар көбірек талқыланып жүр. Бұл жолдар Иран, Түркия мен Кавказ аймағы арқылы өтеді. Біз бәсекелестердің жұмысын мұқият бақылап отырамыз. Бұл жерде ешкімге еркін демалуға болмайды. Бәсекеде қалу үшін біз тар жерлерді жойып отыруымыз керек және жылдам әрі сенімді бағыттар ұсынуымыз қажет», дейді Д. Қожахметов.

Сарапшының айтуынша, еліміз дәл осы мақсатта бірнеше маңызды жобаны іске асырып жатыр. Соның бірі – Достық Мойынты учаскесін­де екінші теміржол жолдарын салу. Бұл жолдар желінің өткізу қабілетін бірнеше есе арттыра алады. Сонымен қатар Алматыны айналып өтетін жаңа бағыт салынып жатыр. Бұл транзиттік пойыз­дардың қалаға кірмей жүруіне мүмкіндік береді.