Суретті түсірген – Игорь БУРГАНДИНОВ
Биыл қор ауқымды трансформация жүргізіп, қолданыстағы құралдардың тиімділігін арттырды. Нәтижесінде, Астанадағы шағын және орта бизнес субъектілеріне көрсетілетін көмек көлемі айтарлықтай өсті. Мәселен, маусым айында іске қосылған «Өрлеу» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлер 12,6%-дық тұрақты мөлшерлемемен 10 жылға дейін несие ала алады. Осы бағдарлама аясында елордада жалпы сомасы 63,6 млрд теңгеге 109 жоба қаржыландырылды.
Кепілдік беру бағыты бойынша да елеулі нәтижелер бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған екі «Кепілдік қоры» арқылы биыл 290 жобаға 60,7 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Кепілдік несие сомасының 85%-ына дейін жабылады. Сондай-ақ субсидиялау құралы арқылы 226 жобаға 38,9 млрд теңге көлемінде көмек берілді. Жалпы алғанда, Астана қаласы кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша республикада көш бастап тұр.
«Даму» қорының өңірлік филиалының директоры Светлана Назарюктың айтуынша, жыл ішінде қор қолдауының арқасында 2,1 мың жаңа жұмыс орны ашылып, 10,5 мың жұмыс орны сақталған. Бұл елордадағы жұмыспен қамтуды арттыру мен экономикалық белсенділікті ынталандыруға зор ықпал еткен.
Қолдау тапқан табысты жобалардың қатарында «Tazau» ЖШС, «Yans» ЖШС мен «Татым» ЖК бар. Мәселен, «Tazau» су тазарту жүйелерін шығару өндірісін дамыту үшін 200 млн теңге несие алып, экологиялық технологияларды енгізуде. «Yans» кәсіпорны бір реттік ыдыстар мен қаптамалар шығару өндірісін кеңейтуге 320 млн теңге несие мен 1,8 млрд теңге жеңіл несие рәсімдеді. Ал «Татым» наубайханасы субсидиялау бағдарламасы арқасында өндірісін жаңғыртып, өнім сапасын арттырды.
«Tazau» компаниясы тұрмыстық, жауын-шашын мен өнеркәсіптегі ағын суларды тазартуға арналған шешімдерді әзірлеу мен өндіруге, сондай-ақ сыртқы инженерлік желілерге арналған жабдықтар шығаруға маманданған. «Tazau» он жылдан бері ТМД елдерінде табысты жобаларды жүзеге асырып келеді. Кәсіби көзқарас, заманауи жабдық пен озық технология енгізудің арқасында кәсіпорын экологиялық қауіпсіздік пен орнықты даму саласындағы сенімді серіктес ретінде беделге ие.
Бір реттік ыдыстар мен қаптамалар өндіретін отандық – «Yans» ЖШС ел бойынша сауда мен өндіріс ұйымдарына сапалы материалдарын жеткізеді. Ол ішкі нарықтағы өз позициясын нықтай отырып, еліміздің өңдеу өнеркәсібінің дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашып, кәсіпкерлік әлеуетті арттыруға елеулі үлес қосып отыр.
Мемлекеттік қолдаудың әртүрлі табысты мысалдары мемлекеттік бағдарламалар мен құралдардың өнеркәсіптік өндіріс пен қайта өңдеу салаларынан бастап азық-түлік және тағам технологиялары салаларына дейінгі кең ауқымды қамтитынын айқын көрсетеді.

Қолдау тетіктерін тиімді пайдалана отырып, шағын бизнесті дамытудың сәтті үлгісі ретінде «Татым» ЖК атап өтуге болады. Бұл – заманауи технологияларды пайдалана отырып, бірегей рецепттер бойынша эксклюзив нан түрлерін пісіретін отандық кәсіпорын. Компания өз өнімінде отбасылық наубайшылық дәстүрі мен инновациялық өндірістік тәсілдерді шебер үйлестіріп, тұтынушыларға жоғары сапалы әрі ерекше дәмге ие нан өнімдерін ұсынып жүр.
Өткен жылы «Alatau City Bank» АҚ арқылы несие алғанда «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында «Татым» ЖК несиесінің пайыздық мөлшерлемесінің бір бөлігін Қор субсидиялап қолдау көрсетті. Жоғары кәсібилік, дәстүрге адалдық пен жүйелі мемлекеттік қолдаудың арқасында «Татым» ЖК ел нарығында сенімді әрі танымал нан-тоқаш өнімдерін өндірушінің бірі ретінде өз позициясын нығайтып, отандық тағам өнеркәсібі мен елдің азық-түлік қауіпсіздігін дамытуға үлес қосып жүр.
Қордың басқарушы директоры Нұрбол Жанабеков атап өткендей, «Даму» қорының басты мақсаты – бизнесті қаржылай қолдаумен қатар, ел экономикасының тұрақты дамуына және халықтың өмір сапасын арттыруға үлес қосатын кәсіпкерлік экожүйесін қалыптастыру.
«Даму» қорының қолдауы бүгінде Астана кәсіпкерлері үшін тек қаржылық демеу емес, инновация мен өндіріс жаңғыруының сенімді тетігіне айналып отыр.