Мемлекет басшысы Владимир Путинді жаһандық деңгейдегі саяси тұлға ретінде жоғары бағалап, оның есімі әлемнің көптеген елінде құрметпен аталатынын айтты.
Тоқаев өткен жылдың қарашасында Ресей Президентінің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарын тарихи оқиға деп атады.
«Өткен жылдың қараша айында Ресей Президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Бұл сапар өзінің саяси және практикалық маңызы жағынан тарихи оқиға болды. Астанада біздің серіктестігіміздің жаңа көкжиектерін ашатын ауқымды құжаттар топтамасына қол қойылды. Маңыздысы – санкциялық қысым мен халықаралық шиеленістерге қарамастан, екі ел ынтымақтастықтың тұрақтылығы мен серпінді дамуын сақтап, қорғап қала алды», деді Президент.
Мемлекет басшысы Мәскеуге баратын алдағы мемлекеттік сапардың айрықша маңыздылығын атап өтті.
«Алдағы келіссөздер екі ел қарым-қатынасына жаңа мазмұн беріп, әріптестікті тереңдетуге бағытталмақ», деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Тоқаев соңғы айларда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, АҚШ Президенті Дональд Трамппен, сондай-ақ Еуропа, Азия және Африка елдерінің басшыларымен мазмұнды кездесулер өткізгенін айтты.
«Олардың көпшілігі геосаяси спектрдің қарама-қарсы бағыттарында тұрғанына қарамастан, барлығы да Ресей мен оның көшбасшысының халықаралық қатынастардағы түйінді мәселелерді шешудегі ерекше рөлін мойындайды. Басқаша айтқанда, қазіргі әлемдегі қайшылықтарды Мәскеудің қатысуынсыз еңсеру мүмкін емес», деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің мемлекетаралық қатынастары нағыз үлгі боларлық деңгейге жетті. Соңғы отыз жылдан астам уақыт ішінде екі ел көпжақты ынтымақтастықты халықтардың игілігі үшін дамытып келеді. Ал Владимир Путинмен өтетін алдағы келіссөздер бұл серіктестікке жаңа серпін береді.