Білім • Кеше

Алдағы 3 жылда ҰБТ тапсырмалары халықаралық стандарттарға сәйкестендіріледі

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Абдрасилов Болатбек Серікбайұлы 5-8 қараша аралығында Нидерланд Корольдігінің Гаага қаласында өткен білім берудегі бағалаудың Еуропалық қауымдастығының (AEA-Europe) 26-шы жыл сайынғы конференциясына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алдағы 3 жылда ҰБТ тапсырмалары халықаралық стандарттарға сәйкестендіріледі

AEA-Europe – бағалау агенттіктерін, министрліктерді, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарын біріктіретін халықаралық кәсіби қауымдастық. Биылғы конференция «Бағалаудың дамуы және оның білім беруге ықпалы» тақырыбына арналған. Іс-шараға 43 елден 400-ден астам жетекші сарапшылар мен ғалымдар қатысты.

Конференция барысында директор Қазақстандағы білім беру саласындағы бағалау жүйесінің дамуы, Ұлттық тестілеу орталығының қызметі мен психометрика бағытындағы ғылыми зерттеулердің жетістіктері туралы баяндама жасады. Сондай-ақ, қатысушыларға Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) тапсырмаларының сенімділігі мен валидтілігін арттыруға бағытталған ғылыми тәсілдер таныстырылды.

Баяндаманың маңызды бөлігі Educational Testing Service (ETS) компаниясымен жүзеге асырылып жатқан халықаралық әріптестікке арналды. Жуырда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен ETS компаниясы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойған болатын. Құжат аясында алдағы үш жылда ҰБТ тестілерін жетілдіру және халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бағытында бірлескен жұмыстар жүргізіледі. Конференция қатысушылары бұл бастаманы жоғары бағалап, қазақстандық тәжірибеге айрықша қызығушылық танытты.

Cito, AQA және басқа да жетекші бағалау ұйымдарының басшыларымен ғылыми ынтымақтастық және бірлескен зерттеулер жүргізу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, AEA-Europe президенті, профессор Дэмиан Мёрчанмен мазмұнды кездесу өтті. Кездесуде ETS-пен бірлескен жобаның нәтижелерін алдағы конференциялардың бірінде жеке симпозиум түрінде ұсыну мүмкіндігі қарастырылды.

Іс-шара соңында ҰТО директоры Б. Абдрасилов халықаралық аренада ҰБТ-ның жаңа форматтағы тестілеу жүйесін зерттеудің ғылыми нәтижелерін белсенді түрде ілгерілету ҰБТ-ны халықаралық тану үшін де, оның заманауи және технологиялық бағалау құралы ретінде қалыптасуына да ықпал ететінін атап өтті.