Аймақтар • Бүгін, 07:35

Қарашүңгіл атауының сыры

170 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Атырау облысында Қарашүңгіл аталатын қорым бар. Дәл осы қорым маңындағы кен орнынан алғаш қазақ мұнайы алыныпты. Ал Қарашүңгіл атауы қайдан шыққан?

Қарашүңгіл атауының сыры

Облыстық тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының мә­ліметіне қарағанда, қазір бұл қорым мұнайлы өңірдегі жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген. Алайда қорымның пайда болу кезеңі ХVIII-ХХ ғасырлардың аралығын қамтиды.

«Қарашүңгіл – Жылыой ауда­нындағы қорым. Осындағы Аққұдық ауылынан солтүстікке қарай 12 шақырым қашықтағы сорда орналасқан. Қорым тік­бұрышты созылыңқы пішінді, оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс шеті үшкірленіп көрінеді. Атауы­ның кең тараған екі нұсқасы бар. Бірін­шіден, кей деректерде астынан мұнай алынған сордың атымен «қара» және «шұңқыр» сөзінің қосылысынан шыққан делінеді. Ал екінші аңыз нұсқасы екі ғашықтың атымен байланыс­тырылады. Қара есімді жігіт пен Шұңғыл атты қыз осы жерде қай­тыс болып, аталған қорымда жер­ленген деседі», дейді облыстық тарихи-өлкетану мұражайы­ның директоры Мұхамбетқали
Кипиев.

Оның айтуына қарағанда, Қарашүңгіл атауы тек кесене, құлпытастармен байланысты емес. Бұл – ХІХ ғасырдың соңын­да қазақ даласындағы тұңғыш мұ­най өндірісімен де танылған ­мекен. Өйткені Қарашүңгіл қорымы­­ның жанынан Қазақстандағы «қара алтын» өндірісінің тарихы бас­талады.

д

Тарихи дерекке сүйенсек, Леман, Доппельмаер және Грум-Гржимайло иелік еткен «Ембі-Каспий» серіктестігі Қарашүңгіл кенішінен 21 ұңғыманы бұрғылаған. Ұңғымалардың тереңдігі шамамен – 38–275 метр. Ал 1899 жылғы қарашада №7 ұңғыманың 40 метр­ден асатын тереңдігінен тәулігіне шамамен 22–25 тонна «қара алтын» алыныпты. Бұл – еліміздегі алғашқы мұнай. Ұңғыманы пайдалану кезеңінде ұңғымадан 5 мың тонна өнім өндіріліп, көмірсутекті шикізаттың өнеркәсіптік қоры бар екені дәлелденген. Сол кезде Қарашүңгіл мол мұнайы бар кен орны аталыпты.

Қазақ жерінен «қара алтын» тапқан шетелдіктер 100 тонна өнімді Каспий теңізінің жаға­лауында тұрған кемелерге жет­кізген. Олар мұнайды бірнеше түйеге теңделген торсықпен тасы­малдаған. Ал «ҚазМұнайГаз» ком­паниясы аталған қорым ма­ңында арнайы стелла орнатты. Стеллада үш тілде «Бұл ұңғымадан Қазақстанның алғашқы мұнай бұрқағы атқылады» деп жазылған.

Қазір Қарашүңгіл қорымында 15 кесене, 20-дан астам сағанатам, 350-ден аса құлпытас, 30 қойтас, 2 сандықтас, 702 қоршау, 60 қабірүсті үйіндісі бар. Мұнда 950-ден астам әртүрлі ескерткіш, батысында 750-ге жуық көне бейіттің орны анықталыпты. Құлпытастар әлі де сақталған. Ал оңтүстік бөлігіндегі Қара баба зиратына құлпытас пен ағаш қада қойылған.

Қорым аумағында шикі кірпіш­тен қаланған бір камералық кесе­нелердің көпшілігі киіз үй пішінде салыныпты. Бірақ жел мен қардың, жауын-шашынның әсерінен сондай кесененің бәрі дерлік бұзылған. Бұл қорымда қамыс пен қоғаны пайдаланып, тікбұрышты және сопақша кейпінде жасалған қоршау-шеген аз емес.

 

Атырау облысы